4 мамырда «Сән – өнердің жалғасы» тақырыбы аясында өткен Met Gala 2026 балы көрерменге эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, таза коммерциялық бағытқа бұрылып, өз нәтижесін сол сәтте-ақ бере бастады.
Сандардың өзі бәрін айтып тұр. Кайли Дженнер мен Лорен Санчес Безостың мінсіз образдарынан кейін небәрі бір тәулік ішінде іздеу жүйелерінде Schiaparelli брендіне деген сұраныс 17%-ға күрт артқан. Ал мәнерлеп сырғанаушы Алиса Лю сияқты жас жұлдыздарды жаңа амбассадор етіп тағайындаған Louis Vuitton көрсеткіші 14%-ға өсті.
Алайда бұл кештің нағыз триумфаторы – Miu Miu болды. Метрополитен мұражайының баспалдағында аталмыш брендтің көйлегімен жарқырап шыққан Джиджи Хадидтің образынан соң, Lyst платформасында Miu Miu сөзін іздеушілер қатары 75%-ға дейін ұлғайып, нағыз рекорд орнатты.
Сарапшылардың түйіні айдан анық: Met Gala баяғыдан бері тек сән туралы емес, ол – адам назарын лезде табысқа айналдыратын сауда алаңы. Осындай ауқымды шарада жұрт көзіне түскен кез келген көйлек пен аксессуар TikTok желісіндегі мыңдаған видеоның бас қаһарманына айналып, Instagram-дағы «сақталғандар» тізімі мен интернет-дүкендердегі себеттердің төрінен бір-ақ шығады.
