Назарларыңызға Роберт Вунның сән әлеміне жасаған алғашқы қадамынан бастап Met Gala-дағы триумфына дейінгі ең қызықты 15 фактіні ұсынамыз.
1. Он бір жасында шіркеуде оянған сәнге деген қызығушылық
Роберт Вунның айтуынша, бәрі отбасымен бірге баратын шіркеуден басталған еді. Сол жерде ол киім дизайнын оқып жүрген, өзінен бірнеше жас үлкен қызбен танысады. Вун бұл кездесудің оның «бүкіл әлемін төңкеріп жібергенін» жасырмайды. Осы оқиғадан кейін винтаж киімдерге әуестеніп, секонд-хендтерді жиі аралай бастаған жасөспірім маталардың сапасына мән беріп, өз киімдерін жаңаша пішуді қолға алады.

Александр Маккуиннің әсері
Шамамен 11-12 жасында сұлулық салонында анасын күтіп іші пысқандықтан, Роберт сән журналын парақтай бастайды. Дәл сол кезде ол Александр Маккуиннің жұмыстарын алғаш рет көріп, қайран қалады. Бұл суреттердің жас Робертке қатты әсер еткені сонша, ол болашақ мамандығын дәл сол сәтте-ақ таңдап алған екен.


3. Колледждегі сәтсіздіктері
London College of Fashion оқу орнына түскен Роберт оқытушылар тарапынан бірден қатаң сынға ұшырайды. Бірінші сабақтың өзінде оқытушылар оның жұмыстарын «тым балаң» деп бағалайды. Ал соңғы курста оны тіпті бітірушілер шоуына қатыстырмай қояды.


4. Сөреде тұрмай сатылып кеткен дипломдық жұмыс
Мұндай кедергіге мойымаған Вун қарап қалмай, іске кіріседі – арнайы студия жалдап, дипломдық топтамасының лукбугін өзі суретке түсіреді. Нәтижесі күтпеген жерден табысты болып, бұл топтаманы гонконгтік Joyce Boutique концепт-дүкені бірден сатып алады.


5. Өз брендін іске қосуы
2014 жылы колледжді бітіре сала Роберт инвестор тауып, Robert Wun брендін іске қосады. Біраз уақыттан кейін әпкесінен қарызға ақша алып, инвестордың үлесін толықтай сатып алады. Осылайша ол өз компаниясының жалғыз қожайынына айналады.


6. Сән әлемінен бұрын Леди Гаганың назарына ілігуі
Роберт Вун сән әлеміне кеңінен танылмай тұрып-ақ, Леди Гага оның алғашқы топтамасынан екі жұп аяқ киім сатып алған болатын. Кейіннен әлемге әйгілі әнші бұл брендтің тұрақты тұтынушысына айналды.
7. Бір жыл ішінде Голливудты бағындыруы
2015 жылы «Голодные игры: Сойка-пересмешница. Часть II» фильмінің түсірілім тобы оған арнайы костюмдер тігуге тапсырыс береді. Осылайша бренд нарыққа шыққанына бір жыл толмай жатып, жас дизайнердің жұмыстары үлкен киноға жол тартады.

8. Сүйікті әжесінің құрметіне арналған топтама
2021 жылы жарық көрген Armour топтамасы дизайнер мансабындағы нағыз бұрылыс болды. Дәл осы көрсетілімнен кейін сән индустриясы оны мықты маман ретінде мойындай бастады. Бұл топтамасын ол 2020 жылы өмірден өткен сүйікті әжесіне арнады. Вун әжесін кезінде үш жерде жұмыс істеген қайратты да данагөй ана ретінде суреттейді. Бала кезінде уақытының көбін сол кісінің үйінде өткізген Роберттің сән әлеміндегі алғашқы тәжірибелері дәл осы әжесінің гардеробынан басталған екен.
9. Haute couture тарихына жасаған қадамы
2023 жылы Роберт Вун Париждегі Жоғары сән апталығында өз топтамасын ұсынған тұңғыш гонконгтік дизайнер атанды. Ол кутюр бағдарламасындағы бұл дебютіне жету үшін 10 жылға жуық тер төккен. Осыған дейін ол ANDAM сыйлығын жеңіп алып, 100 мың еуро көлеміндегі арнайы жүлдеге және Chanel президенті Бруно Павловскидің бір жылдық тәлімгерлігіне ие болған еді. Қызылша бояуынан жасалған «шарап» дақтары бар көйлектер, темекі тұқылымен күйдірілгендей маталар және жаңбыр астында су болып қалғандай көрінетін кейптерден тұратын бұл топтама нағыз сән хоррорындай әсер қалдырды.


10. Шығармашылығындағы басты символ – жаңбыр тамшылары
Дизайнер өз стилінің қалыптасуына үнемі жаңбыр жауып тұратын Лондондағы өмірі қатты әсер еткенін айтады. Мұның ең жарқын мысалдарының бірі – жамылғы мен қолшатырға шамамен 30 000 Swarovski кристалы жапсырылған ерекше образ. Жарықтың шағылысуы мен кристалдардың ерекше орналасуының арқасында матаның үстімен расымен де жаңбыр тамшылары сырғып бара жатқандай әсер тудырады. Бұл қайталанбас образды қолмен тігіп шығуға шамамен 600 сағат уақыт кеткен.


11. Hong Kong Ballet труппасына арнайы тігілген костюмдер
2026 жылы Вун 1980 және 1990 жылдардағы музыкаға негізделген үш актілі Glam Rock спектаклінде жұмыс істеді. Оған Beyond тобының музыкасы мен Вонг Кар-Вайдың Days of Being Wild фильмінен шабыт алған спектакльдің Martlet деп аталатын арнайы бөліміне костюмдер тігу сеніп тапсырылды.


12. Сүйікті режиссері Вонг Кар-Вайдың эстетикасы
Айтпақшы, Кар-Вайдың 2013 жылы жарық көрген The Grandmaster фильмі Вунның өз брендін жаңадан құрып жатқан кезіне тұспа-тұс келген. Бұл туынды оның эстетикалық талғамына қатты әсер етіпті. Дизайнердің сөзінше, гонконгтік кино оған сұлулықты батыстық стандарттардан тыс басқа қырынан көрсетуді үйреткен.

13. Адель, Бейонсе және K-pop жұлдыздарының басты таңдауы
Бүгінде Robert Wun брендін Селин Дион, Изабель Юппер, Леди Гага, Бьорк, Бейонсе, Doja Cat, сондай-ақ Blackpink тобындағы Лиса мен Дженни сынды әлем жұлдыздары таңдайды. Жас дизайнерлердің бәрі бірдей мұндай атақты клиенттерді тарта алмайтыны рас, алайда Вунның туындылары қызыл кілемде расымен де мінсіз көрінеді.
14. Met Gala 2026 кешіндегі басты триумф
Биылғы Met Gala кешінде ол бірден сегіз қонақты киіндіріп, нағыз сенсация жасады. Олардың қатарында Наоми Осака, Лиса, Джордан Рот, Одри Нуна, Ничапат Супхап, Ананья Бирла, Густав Магнар Витце және Бейонсе бар. Бұл көптеген ірі сән үйлерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
15. Метрополитен мұражайының көрмесінен орын алған туындылар
Биыл Роберт Вун қызыл кілемді мойындатып қана қоймай, тағы бір үлкен жетістікке жетті. Метрополитен мұражайының кураторы Эндрю Болтон дизайнердің үш жұмысын жыл сайынғы Met Gala-ның тақырыбын айқындайтын көрмеге енгізді. Өз кезегінде бұл Costume Art көрмесі бес мың жылдық тарихты қамтитын 400-ге жуық киім үлгісін кескіндеме, мүсін және басқа да өнер туындыларымен үйлестіреді.








