Style|Fashion

LVMH конгломераты Marc Jacobs сән үйін WHP Global компаниясына сатты

АвторыTatler Kazakhstan
15.05.2026
Marc Jacobs күз-қыс 2025 | Spotlight
IMAGE Marc Jacobs күз-қыс 2025 | Spotlight
Келісімшарттың жалпы құны 850 миллион долларға бағаланып отыр

Люкс бұйымдарының әлемдегі ең ірі өндірушісі болып саналатын франциялық LVMH конгломераты Marc Jacobs сән үйін америкалық WHP Global компаниясына сату туралы келісімшарт жасасты. Дереккөздердің мәліметінше, бұл мәміленің құны 850 миллион долларды құраған.

Business of Fashion басылымының хабарлауынша, бұл шешім LVMH басшылығының Louis Vuitton және Dior сияқты басты люкс брендтерге басымдық беру стратегиясы аясында қабылданған. Соңғы жылдары Marc Jacobs осы алпауыт маркалардың көлеңкесінде қалып, айтарлықтай қаржылық табыс әкеле қоймаған еді.

Дегенмен, негізгі иесінің ауысқанына қарамастан, брендтің негізін қалаушысы Марк Джейкобс креатив директор қызметінде қала беретін болды.

Өз қоржынына Vera Wang, Rag & Bone және G-Star сияқты танымал маркаларды жинап үлгерген WHP Global үшін Marc Jacobs-ті сатып алу үлкен белеске айналмақ. Компанияның есебінше, келісімшарт күшіне енгеннен кейін олардың қарамағындағы брендтердің бөлшек саудадағы жалпы көлемі 9,5 миллиард доллардан асып түседі.

Естеріңізге сала кетейік, LVMH конгломераты Marc Jacobs брендін 1997 жылы, яғни Марк Джейкобс Louis Vuitton үйінің креатив директоры болып тағайындалған жылы сатып алған болатын. Холдингпен серіктес болған осы жылдар ішінде бренд бүкіл әлем бойынша 250-ге жуық дүкенін ашты.

Өз кезегінде Марк Джейкобс LVMH басшысы Бернар Арноға көпжылдық ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында: «Соңғы 30 жыл бойы маған көрсеткен қолдауы, сенімі мен артқан үміті үшін Бернар Арноға алғысым шексіз», – деп жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: Джонатан Андерсонның Dior сән үйіндегі алғашқы круиздік топтамасы несімен ерекше?