Chanel-дің мерекелік тартуы
Сән үйі дәстүр бойынша Жаңа жылға алдын ала қамданып, екі бірдей жауһарын ұсынды: теріге алтын арай сыйлайтын N° 5 The White Gold Body Oil және Coco Mademoiselle Pearly Body Oil денеге арналған майлары. Ал көпшілік сүйіп үлгерген жұпар иіссулар шырша астына қоюға арналған арнайы шектеулі қораптарда жарық көрді.

My Angel
Carrera y Carrera ұсынған «My Angel» топтамасының алқасы – бұл жай ғана әшекей емес, жанға жылу сыйлайтын жеке тарту. Иесінің есіміне сәйкес таңдалған ақ металдан жасалған бас әріп киелі бойтұмар рөлін атқарса, оның үстінде маужырап жатқан сары алтыннан құйылған кішкентай періште мүсіні қорғаныш пен қамқорлықтың символы іспеттес. Махаббат пен назарды ешбір сөзсіз жеткізетін бұл әсем әшекей – шырша астына қойылатын ең жүрекжарды сыйлықтардың бірі.

Truffle Bee
Truffle Bee брендінің «ең тәтті» топтамасы ас ішу рәсімін нағыз ертегіге айналдырады. Ақ пен қызыл түсті мұзкәмпиттерді еске түсіретін эко-былғары плейсматтар (табақ астына қойылатын төсеніштер) мен кестеленген зығыр майлықтар үй ішіне мерекелік шаттық ұялатады.

FRÉDÉRIC MALLE
Éditions de Parfums Frédéric Malle жаңа жылды тыныш та жайлы кештерде, үйдің іші тылсым жұпарға бөленген сәтте қарсы алуды ұсынады. Топтаманың інжу-маржаны – қарағай, амбра мен даршын ноталары бар Joyeux Noël шырағы және Доминик Ропьонның Promise атты шығыстық бояуы қанық иіссуы.

Lady Dior
Жаңа жыл – өзіңіздің «Lady Dior» топтамаңызды жылтыр тастармен көмкерілген алтын түсті модельмен толықтырудың таптырмас кезегі. Кешкі серуенге арналған бұл шағын сөмкеге ең қажетті дүниелер: ерін бояғыш, айна және «Шертпек» балетіне билет еркін сыйып кетеді. Бұл – барлық мағынасында жарқыраған сыйлық!

BVLGARI TUBOGAS
Қазіргі бойжеткендердің тілек-тізімінде Bvlgari әшекейінің болуы заңдылық. Жаңарған Tubogas топтамасындағы сары алтыннан соғылған немесе гауһар тастармен өрілген спираль тәріздес сырғалар мен сақиналар – ер азаматтар үшін ашық ишара.

«Медеу» шырағы
Алматылық модернизмнің символы енді түнгі шырақ бейнесінде жарық көрді. «Медеудің» айбынды «қарлығаштары» тек мұз айдынында ғана емес, енді сіздің үйіңізде де ой-қиялды тыныштандыратын жайлы сәуле шашады. Жоба авторы Евгений Хоботов: «Medeu Lamp-ты жобалау барысында біз конструктивизм идеясын басшылыққа алдық – өнер мен өндірісті, эстетика мен функционалдылықты ұштастыруды мақсат еттік», – дейді. Нәтижесінде дизайнды, терең мағынаны бағалайтын және өткенге аздап сағынышпен қарайтындар үшін стильді бұйым дүниеге келді.

Louis Vuitton Keepall
Фаррелл Уильямстың шығармашылығын сүйетіндер үшін Monogram Surplus нұсқасындағы Keepall сөмкесі – нағыз олжа. Хаки түсі мен фактуралы монограмма басылған бұл шағын аксессуар ұшақ бортында да, сәнді кеште де сіздің ажырамас бөлігіңізге айналады. Кез келген жағдайға арналған дұрыс таңдау.

MŪRAA әшекейлері: Сардар рухы
Қазақстандық Mūraa бренді этника мен заманауи стильді шебер ұштастырған. Күмістен соғылған «Сардар» сақинасы мен білезігі ер азаматтың өр мінезін айшықтайды. Ал одан да қатты таңғалдырғыңыз келсе, бес сақинадан тұратын жиынтықты сыйлаңыз – оларды күн сайын әртүрлі ретпен тағуға болады.

Noir Extreme
Том Форд бұл хош иісті талғамы мінсіз гедонистерге арнаған. Noir Extreme мандарин майы мен дәмдеуіштерден бастау алып, жүрегінде үндінің дәстүрлі «кулфи» десертінің тәтті әрі ащы ноталарын жасырған. Толық көлемді құты мен саяхатқа арналған спрейден тұратын жиынтық – талғампаз жанға арналған тамаша сый.

Prada Bonnie
Нейлоннан тігілген рюкзак ыңғайлылығымен баураса, былғары брифкейс иесінің мәртебесін айқындайды. Ал Prada Bonnie былғары тоуты (сыйымды әрі ашық үлгідегі сөмке) – бұл бүгінгі күннің нағыз сән тренді. Бұл аксессуар ер азаматтың бейнесін зиялы, жинақы әрі итальяндық талғаммен көмкерілгендей етіп көрсетеді.

James Bond Destination
Бұл кітап – агент Бонд әлеміне ашылған ерекше терезе. 328 беттік басылымда Дэниел Крейгтің Рим көшелерінде Аston Martin-мен жасаған таңғажайып жарысы және Роджер Мурдың Рио-де-Жанейродағы аспалы жол үстіндегі шиеленісті айқасы суреттеледі. Кітап тек франшиза тарихын ғана емес, сіздің ішіңіздегі саяхатқа деген құштарлықты оятады. Чемоданыңызды дайындай беріңіз!

