Style|Fashion

Лондонның V&A мұражайында Burberry тренчіне арналған көрме өтеді

АвторыTatler Kazakhstan
28.07.2026
Burberry тренчі | Robert Alexander/Getty Images
IMAGE Burberry тренчі | Robert Alexander/Getty Images
Британдық әйгілі Burberry бренді өзінің 170 жылдығын арнайы көрмемен атап өтпек

Виктория және Альберт (V&A) мұражайында өтетін бұл экспозиция «Burberry тренчі: аңыз қалай жаралды?» (The Burberry Trench: Crafting an Icon) деп аталып, толығымен брендтің әйгілі плащына арналған.

WWD басылымының жазуынша, көрме қонақтары Burberry плащтарының мұрағаттағы ескі үлгілерін, тренчтің қалай тігілгені туралы сирек кездесетін материалдарды және подиумдағы соңғы заманауи нұсқаларын тамашалай алады. Көрме кезінде бастапқыда тек әскерилер мен саяхатшыларға ыңғайлы болу үшін тігілген қарапайым киімнің уақыт өте келе қалай бүкіл әлем танитын сән символына айналып шыға келгені баяндалады.

Burberry тренчі ғасырдан астам уақыт бойы сән тарихының ажырамас бөлігі болып келеді. Оны атақты актерлер, музыканттар мен Ұлыбританияның патша әулеті киіп жүрді. Ал плащтың өзі күнделікті өмірге ыңғайлылық, жоғары сапа және классикалық дизайнды ұштастырған британдық стильдің нағыз эталонына айналды.

Бұл көрме – Burberry мен V&A мұражайы арасындағы ұзақмерзімді серіктестіктің алғашқы қадамы ғана. Бренд 2028 жылы ашылуы тиіс жаңа Burberry Fashion Gallery сән галереясының құрылуына барынша қолдау көрсетіп отыр. Болашақта бұл галерея заманауи сәннің тарихы мен даму жолына арналмақ.