Style|Fashion

Лидия Муслим: Канн кинофестивалі – нағыз марафон

АвторыTatler Kazakhstan
28.05.2026
Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан
IMAGE Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан
Қызыл кілем құпиялары, Ирина Шейкпен қатарласу және Канн-2026 кешінен қалған ең жарқын естеліктер

Лидия Муслим – қоғам қайраткері, филантроп және сән әлемінің бағыт-бағдарын белгілейтін тұлғалардың бірі. Бүгінгі Tatler қонағымыз Канн кинофестивалін тоқтаусыз қозғалыс пен минутына дейін жоспарланған кестеден тұратын қатаң жүйе деп сипаттайды. Мұнда таңертеңгі дайындықтан бастап, қызыл кілемдегі шығу сәті мен кешкі қорытынды кешкі асқа дейін әрбір қадам қатаң ережеге бағынады.

Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан
IMAGE Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан

Канн фестивалі қызыл кілемге шығардан көп уақыт бұрын басталады. Palais des Festivals сатысында өткізетін бірнеше минуттық сәттің артында апталап созылған дайындық пен ондаған адамның тынымсыз еңбегі жатыр. Көйлек таңдаудан бастап, премьера алдында залға жайғасқанға дейін бәрі де минутына дейін есептелген.

Дайындық: бір ай бұрын басталған марафон

Мен Каннға Saint Laurent брендінің шақыртуымен бардым. Бренд командасынан хат фестивальге дейін бір ай бұрын келді. Дәл сол сәттен бастап сапарға дайындық басталып кетті.

Сән үйімен бірлесіп, образымды алдын ала жинақтадық. Көйлекті қашықтан таңдадық. Ол Каннда мені күтіп тұрғанымен, соңғы сәтке дейін киімді түзету керек пе, жоқ па – белгісіз болды. Фестивальдің өз заңы бар: бренд әрбір қонақтың таңдаған образы қайталанбас үшін, таңдаған көйлектің басқа қонақтарға берілмегенін мұқият қадағалайды. Осы ортада екі қонақтың бірдей көйлекпен кілемге шығуы мүмкін емес нәрсе.

Жеке мұрағатынан
IMAGE Жеке мұрағатынан

Шараға бір күн қалғанда, Круазет жағалауындағы Saint Laurent бутиктерінде көйлектің маған қалай келетінін қарап, соңғы рет шақтап көрдік. Қызығы сол, сыртта көліктер ұзақ кептелісте тұрса да, бутик ішінде бәрі өте сабырлы әрі нақты жүріп жатты. Брендтің шеберлер командасы көйлекті қажет болса, бір түннің ішінде-ақ мүлтіксіз бейімдеп шығуға дайын еді. Бірақ көйлек маған бірден шақ келді.

Премьера күні: жарысқа дайындық

Образ толық бекітілген соң, көйлектің сәні мен көңіл күйіне дөп түсетін, аса талғампаз Saint Laurent Amalia 110 Slingback Pumps туфлиі таңдалды.

Премьера өтетін күн – бастан-аяқ мінсіз ұйымдастырылған марафон іспетті. Таң шампан ішіп, суретке түсуден емес, спорт, фитнес және массаж жасатудан басталады – фестиваль кезінде бұл ауадай қажет дүние. Каннның қапырық ыстығы, толассыз көші-қон, тығыз кесте мен бітпейтін жиындар кезінде жарқырап көріну үшін тек әдемі киініп қана қоймай, бойдағы сарқылмас қуатты сақтау өте маңызды.

Одан кейінгі процестің бәрі көзді ашып-жұмғанша өте шығады: бояну, шаш сәндеу, көйлекті үтіктеу, түсірілім тобымен контент жасау және сағат тілін үнемі бақылауда ұстау. Фестивальге бір апта қалғанда бренд өкілдері де, қонақтың жеке командасы да кестені минуттап жаттап алады: көлік қонақүйге қашан келеді, Палеге (Дворец фестивалей и конгрессов) дейінгі жол қанша уақытты алады, қонақтар залда қашан отырады және қызыл кілемге шығар алдында суретке түсуге неше минут қалады – мұның бәрі қатаң есептеледі.

Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан
IMAGE Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан

Канн отельдері: жылтыр әлемнің арғы жағы

Фестиваль кезінде отельдердің іші бөлек бір әлемге айналады. Barrière Le Majestic лоббиінде стилистер көйлектерді тасымалдап жүрсе, зергерлік үйлердің өкілдері құнды әшекейлерді күзетпен алып жүреді. Ал кешкі көйлек киген арулар туфлиін кілемге жақындағанда ғана аяғына киеді. Оған дейін аяқтары ауырмас үшін туфлиін қолдарында ұстап, көлікке қарай асығады. Мен тоқтаған отельде Ирина Шейк те тұрды. Шыны керек, ол қызыл кілемнен тыс уақытта да мінсіз көрінетін.

Канн құпиялары

Қызыл кілемнің өз кәсіби құпиялары бар. Мысалы, қызыл кілемге шықпас бұрын туфлидің табанын қатты щеткамен ысқылауға керек. Пале сатылары суреттегідей емес, әлдеқайда тайғақ болады. Бұл – канндық сән әлемінің көпшілік біле бермейтін маңызды бөлшегі.

Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан
IMAGE Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан

Премьера алдында Saint Laurent пен Kering (Saint Laurent, Gucci, Balenciaga және өзге де сән үйлеріне иелік ететін француздық люкс холдингі – Tatler) тобы өте шағын қонақтар тобына арналған жабық коктейль кешін ұйымдастырды. Дәл осындай сәттер Каннның шынайы атмосферасын жеткізеді. Бәсең жарық, шампан, тыныш әңгімелер, кино мен сән әлемінің өкілдері және фестивальдің шуынан бөлек өмір сүріп жатқан оңаша әлем сезіледі.

Қызыл кілем: секундтық дәлдік

Қызыл кілем сырттан қарағандағыдан әлдеқайда қатаң. Күзет қонақтардың қозғалысын секундына дейін реттеп жатады. Кілемге шығу сәті тым жылдам: камера жарқылы, фотографтар шуы, көйлек етегінің қимылы, күзет, толассыз қонақтар ағыны... Бір сәтте өзіңді бұған дейін тек теледидардан көрген кадрдың ішінде жүргендей сезінесің.

Премьера және қорытынды

Біз «La Bataille de Gaulle» фильмінің премьерасына бардық. Бұл – Канн фестивалінің «Конкурстан тыс» бағдарламасында көрермен назарына ұсынылған, режиссер Антонен Бодридің Шарль де Голльдің өмірбаянына негізделген тарихи драма. Шарль де Голльдің әскери офицерліктен саясаткерлікке дейінгі жолын баяндайтын картинаны актерлермен, режиссерлермен бірге отырып тамашалау – ерекше оқиға. Осы сәтте мына ауқымды шараның түп-төркінінде кино өнері тұрғанын анық сезінесің.

Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан
IMAGE Лидия Муслим | Жеке мұрағатынан

Кеш Saint Laurent-тің La Môme мейрамханасындағы кешкі асымен аяқталды. Бұл жерде камера жарқылы жоқ. Дәл осындай сәтте Канн тек қызыл кілем мен асыл тастар емес екенін түсінесің. Бұл – кино, сән және жарқын өмір бір арнаға тоғысқан, керемет ұйымдастырылған орта.