Бұл дәстүрдің бастауы
Тау шаңғысы курорттарында қысқы демалыс мәдениеті XIX ғасырдың соңында, британдық ақсүйектер қыс маусымында Альпі тауларына жиі бара бастаған кезде қалыптасты. Ол тұста шаңғы тебу спорт емес, сәнді ермек саналатын. Дәл сол клубтар мен пансионаттарда алғаш рет «апре-ски» (француз тілінен тікелей аударғанда «шаңғыдан кейін» дегенді білдіреді) ұғымы пайда болды – бұл камин басында ыстық шарап ішіп, әңгіме-дүкен құратын жайлы кештер еді. 1924 жылы шаңғы жарысы Қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген соң, бұл спорт түрі жаппай сипат алды. Тек сырғанауды ғана емес, одан кейінгі тынығуды да маңызды санайтын қауым пайда болды. Осылайша барлары мен клубтары бар алғашқы арнайы шаңғы курорттары ашылып, онымен бірге тау бөктеріндегі демалыстың бейресми дресс-коды қалыптаса бастады.

Бұл сұранысқа дизайнерлер де дер кезінде үн қатты. Алғашқылардың бірі болып Коко Шанель әйелдерге ыңғайсыз белдемшені шалбарға алмастыруды ұсынды. Кейінірек бұл бағытты Эмилио Пуччиден бастап, ашық түсті, футуристік спорттық киімдерімен танылған Куррежге дейінгі басқа да сән үйлері іліп әкетті. Қазіргі таңда шаңғы тебуге бәрінің бірдей жүрегі дауалай бермейтіні, алайда тау бөктеріндегі сәнді киімді киіп көруге құштар жандардың көп екені анық.

Бұл стильдің танымалдығына кинематографтың қосқан үлесі зор. Роберт Редфорд ойнаған «Жылдам түсу» (Downhill Racer), Брижит Бардо қатысқан «Тізгінді босатып» (Slalom) фильмдері мен АҚШ-тың Сан-Валли тау шаңғысы курортында оқиғасы өрбитін «Sun Valley Serenade» мюзиклі соның айғағы. 1963 жылы шыққан «Шарада» фильмінде Одри Хепберн киген Живаншидің қоңыр балаклавасы мен үлкен күннен қорғайтын көзілдірігі әлі күнге дейін қысқы курорт сәнінің ең озық үлгісі саналады. Жақында «Эмили Парижде» сериалының 4-маусымында Лили Коллинздің кейіпкері дәл осы образды қайталады.

2026 жылғы après-ski трендтері
Альпі сәні
Жаңа маусымда бұл стиль тек камин басындағы жайлы отырыстармен шектелмейді. 2025–2026 жылдары альпі эстетикасы тау шалелері мен курорттардың аумағынан асып, қала сәніне дендеп енеді. Мунбуттар (ай пішінді етіктер), шаңғышы көзілдірігі және классикалық Fair Isle жемпірлері қысқы гардеробтың ажырамас бөлігіне айналуда.



Ретро-шаңғының қайта оралуы

Тау бөктеріне 1970–1990 жылдардың эстетикасы мен ескі үлгідегі (old school) шаңғы костюмдері қайта оралды. Ностальгия лебі сырғанаудан кейінгі демалыста да сезіледі: қазіргі кештер сол жылдардағы Альпі курорттарының стилінде жиі ұйымдастырылуда. Ірі жаккард өрнекті тоқылған жемпірлер, кашемир водолазкалар, унты етіктер мен винтажды ірі көзілдіріктер ерекше көңіл-күй сыйлайды. Интерьердегі ағаш панельдер, жұмсақ сары жарық, винил пластинкалары мен ескі рецепт бойынша жасалған коктейльдер – бұлардың барлығы Слим Ааронс суреттеріндегі ғажайып атмосфераға еніп кеткендей ерекше күй кештіреді.


Жайлылық пен сән салтанаты
Спорттық үлгідегі үйреншікті киімдер – жұмсақ джоггерлер, худилер мен флистер енді қымбат маталардан тігілуде. Бұл ретте табиғи тері, ең нәзік кашемир, жібек астар және экзотикалық былғары сияқты материалдар қолданысқа енді.

Ашық түсті аксессуарлар «Көркіне сай – бөркі» демекші, образдың сәнін аксессуарлар аша түседі. Бұл қағида қаладан гөрі апре-ски стилінде өте маңызды. Балаклавалар, снудтар, қолғаптар, бөріктер, басқа тағатын таңғыштар, шарфтар мен жылы гетрылар – сәнді көрініп қана қоймай, бойыңызды жылы ұстайды. Курорттардағы жайлы әрі еркін атмосфера жеңілдік пен ойынпаздыққа шақырады. Тауға өзіңізбен бірге Лабубу қуыршағын (оны балаларға қалдырыңыз) алып шығудың қажеті жоқ шығар, бірақ аксессуарлар арқылы көңілді, еркін вайб қосу – таптырмас шешім.
