Немістің танымал жолсандық өндірушісі RIMOWA мен Maison Margiela сән үйі бірігіп, ортақ топтама шығарды. Бұл қатарға Classic Cabin жолсандығы мен 5AC XL сөмкесі еніп отыр. Топтаманың басты ерекшелігі – Maison Margiela 1988 жылдан бері қолданып келе жатқан әйгілі Bianchetto әдісі. Мұнда бұйымның бетіне ақ бояуды қолмен жағып, қылқаламның іздерін әдейі сол күйі қалдырады.


Бұл бояу әдісінің шығу тарихы өте қызық. Ол Мартин Маржеланың алғашқы қадамдарымен байланысты. Дизайнер өзінің бірінші дүкенін ашқан кезде, іштегі жиһаздарды ескі базарлардан жинап әкелген екен. Әртүрлі заттардың басын қосып, оларға ортақ бір реңк беру үшін Маржела бәрін ақ бояумен сырлап тастайды. Кейінірек бұл тәсіл киім дизайнына да көшті: бір көрсетілімнің алдында ол жаңа аяқ киім жасап әуре болмай, бұрыннан бар атақты Tabi туфлилерін ақ түске бояй салады. Осылайша қарапайым ғана шешім біртіндеп сән үйінің ең басты көркемдік тәсілдерінің біріне айналып кетті.
RIMOWA-мен бірлескен жобада ақ бояуды алюминий жолсандық пен былғары сөмкеге қолмен жақты. Ең қызығы, уақыт өте келе бұл бояу біртіндеп жарылып, үгітіліп, астындағы негізгі материалдың түсін көрсете бастайды. Осылайша әр сапарға шыққан сайын заттарыңыз өз келбетін өзгертіп, тек өзіңізге ғана тән ерекше тарих жазып отырады.
Classic Cabin жолсандығы Кёльндегі RIMOWA фабрикасында құрастырылып, ішкі жағы ашық тігістері бар ақ матамен әрленген. Сондай-ақ фирманың аты жазылған алюминий тақтайша, жиналмалы тұтқа және дөңгелектер жүйесі де орнында.
Ал 5AC XL сөмкесі жолсандықтағы бедерлі сызықтарды айнытпай қайталайды. Ол үшін арнайы технология қолданылып, сызықтар тікелей былғарыға түсірілген. Сөмкенің былғары белбеуі бар, ал іші ашық үлгіде әрленген. Оған қоса, оны жолсандықтың тұтқасына іліп қоюға арналған арнайы бекіткіштері де бар.
RIMOWA x Maison Margiela бірігіп шығарған Classic Cabin жолсандығы мен 5AC XL сөмкесі 2026 жылдың 19 қарашасында қос компанияның ресми дүкендері мен сайттарында сатылымға шығады.



