Кайли Дженнердің 50 миллион долларлық Fantasy Bra-дағы жарқын дебюті
Victoria's Secret Fashion Show 2026 сахнасындағы басты жаңалық — Кайли Дженнердің көпшілік алдына Jacob & Co үйімен бірлесіп жасалған аты аңызға айналған Fantasy Bra іш киімімен шығуы болды. Кайли үшін бұл «періштелер» қатарындағы алғашқы қадамы болса, ал құны 50 миллион долларды құрайтын бұл туынды бренд тарихындағы ең қымбат іш киім ретінде тіркелді. Әйгілі зергер Джейкоб Арабоның Rare Touch Jewelry топтамасынан шабыт алып жасаған бұл бұйымында бірде-бір мата жоқ: ол бастан-аяқ бағалы металдар мен асыл тастардан өрілген. Баға жетпес бюстгальтерді жасау үшін 15 шебер мың сағаттан астам уақытын сарп еткен екен. Жалпы саны 3218 бөлшектен тұратын бұл күрделі конструкция кәдімгі іш киім сияқты адам денесімен бірге еркін қозғалады. Композицияның дәл жүрегінде салмағы 75,54 караттық сирек кездесетін ашық сары түсті табиғи гауһар тас орналасқан. Оның айналасын Jacob & Co-ның фирмалық Angel-Cut үлгісімен қоса, түрлі пішінде қырланған, жалпы салмағы 1373 каратты құрайтын тағы 4409 гауһар көмкеріп тұр.
Кайлидің мінсіз образын күміс түсті стринги, жарқыраған ақ шағын белдемше, мөлдір туфли және қауырсыннан жасалған көлемді ақ қанаттар толықтырды. Залда жұлдыздың бұл тарихи қадамын сүйіктісі Тимоти Шаламе тамашалап отырды. Оның көтеріңкі көңіл-күйіне қарап, кештің ең басты жанкүйері сол болғанын аңғару қиын емес еді.

Белла Хадидтің гүлді қанаттары
Ауқымды кештің шымылдығын ашу мәртебесі Белла Хадидке бұйырды. Модель подиумға түрлі-түсті гүл принті бар бюстгальтер, ашық жасыл түсті іш киім және жіңішке баулы босоножка киіп шықты. Образдың басты ерекшелігі — гүлдер мен өсімдік элементтерімен көмкерілген көбелек пішінді алып қанаттар. Белла үйреншікті қауырсын қанаттардың орнына, табиғат мотивтеріне негізделген осындай тың образды таңдап, жыл мезгілдерінің ауысуынан шабыт алған шоудың жалпы тұжырымдамасына тамаша үйлесіп кетті.

Қызыл іш киім мен жаңа ән: Тейт Макрэйден ерекше шоу
Тейт Макрэй музыкалық өнер мен сән әлемін бір сахнада шебер тоғыстыра білді. Әнші көпшілік алдына қызыл корсет, ілгегі бар іш киім және биік өкшелі туфлимен шықты. Оның бұл бейнесін киімнің түсіне сәйкес келетін жартылай мөлдір қызыл қанаттар одан сайын аша түсті. Тейт сахнада өзінің Housewife атты жаңа синглін, сондай-ақ хитке айналған Dear God және Sports Car әндерін орындап қана қоймай, ән арасында подиуммен өзі де сенімді жүріп өтті.

PINK стилін таңдаған KATSEYE тобы
KATSEYE тобының алты мүшесінің төртеуі — Даниэла Авандзини, Лара Радж, Меган Скиендиэль және Юнчэ Джон сахнада Victoria’s Secret-тің жастарға арналған PINK желісінің киімдерімен жарқырады. Қыздар неон-қызғылт түсті бөлшектері бар корсеттер мен шағын белдемшелерді және жартылай мөлдір колготкаларды таңдапты. Олар 2026 жылдың тамызында жарық көрген WILD шағын альбомындағы Pinky Up және Animal әндерін орындады. Дегенмен, кеш бойы тек қыздардың өнері ғана талқыланған жоқ. Дәл осы кеште топ мүшелері журналистерге ақпан айында жобаға қатысуын уақытша тоқтатқан София Лафортезаның жақында қайта оралатынын сүйіншіледі.

Коби Брайанттың қызы подиумға алғаш қадам басты
Аты аңызға айналған баскетболшы Коби Брайанттың үлкен қызы, 23 жастағы Наталия Брайант та биылғы Victoria’s Secret Fashion Show сахнасында өзінің дебютін жасады. Бұл маңызды қадам үшін ол PINK желісіндегі киімдерді таңдады: леопард принтімен жазуы бар қара бюстгальтер, ашық қызғылт топ, түрлі-түсті стразалармен безендірілген джинсы және күміс түсті биік өкшелі туфли. Айналы шар пішініндегі сөмке мен бантигі бар ободок образға ерекше жастық леп берді. Наталия Victoria’s Secret шоуларын бала кезінен үзбей көретінін, ал подиумға шығар алдында шабыт алу үшін бұрынғы көрсетілімдердің архивтерін қайта қарап шыққанын жасырмады.

Victoria’s Secret сахнасындағы Азия арулары
Биылғы шоу бірнеше танымал азиялық модельдердің подиумға қайта оралуымен де есте қалды. Мәселен, қытайлық супермодель Мин Си бұл көрсетілімге сегіз жылдық үзілістен кейін қайта қатысып отыр. Ал подиумға алғаш 2009 жылы шыққан Лю Вэнь де биыл «періштелер» қатарынан табылды. Олардың қатарын 2024 жылы дебют жасаған Хэ Цун толықтырды.



Кештің басқа да қатысушыларының қатарында оңтүстіккореялық модель Юн Ён Бэ мен осы брендпен алғаш рет жұмыс істеп жатқан үндістандық Равлин Варгезе бар. Тағы бір назар аударарлық дебютант — шоу тарихындағы екінші филиппиндік модель Кристина Надин.



