Жанжалдардан және Yeezy-дегі жұмысынан кейін Гоша Рубчинский ескі ісіне қайта оралды
2010 жылдардағы посткеңестік стритвирдің басты өкілдерінің бірі, ресейлік дизайнер Гоша Рубчинский 2018 жылы жауып тастаған өз брендін ресми түрде қайта іске қосты. Сол кезде оның тарихы аяқталғандай көрінген еді: Dover Street Market және Comme des Garçons-пен бірлескен сәтті жобалар, содан кейін кәмелетке толмағандармен орынсыз қарым-қатынас жасады деген айып тағылған соң, атышулы құлдырау. Рубчинский кінәсін мойындамай, бұл жағдайды модельдер кастингі кезіндегі түсініспеушілік деп түсіндірген. Енді дизайнер «бәрін басынан бастайтынын» айтып, өткен қателіктерді болдырмау үшін жеке кастинг-директор жалдағанын мәлімдеді.






Рубчинскийдің тәжірибесінде Yeezy брендімен жұмыс та бар: 2023 жылы ол антисемиттік мәлімдемелерінен кейін adidas-пен келісімшартынан айырылған Канье Уэсттің (қазіргі Йе) брендінің дизайн бөлімін басқарды. Бірақ бұл ынтымақтастық та тез аяқталды – 2024 жылдың ақпанында.
Гошаның брендінің қайта жандануы қарапайым заттарға негізделген: футболкалар, худилер, спорттық шалбарлар, рюкзактар. Айдың соңына қарай джинсы мен пальто пайда болса, болашақта әйелдер желісін, тіпті кутюрді де шығару жоспарда бар. Алайда, дизайнер сән апталықтарының кестесіне оралуды жоспарлап отырған жоқ. Рубчинский бұл жаңа кезеңді өз жиған-тергендері мен достарының қолдауымен қаржыландыратынын айтып, оны «ұжымдық іс» деп атады.
