Сара Бертон осы жылдың наурыз айында ұсынған дебюттік топтамасы сыншылардың жоғары бағасын алып, көпшіліктің үлкен үмітін оятқан болатын
Alexander McQueen брендінің бұрынғы креативті директоры болып, 2023 жылы атақты француз сән үйінің тізгінін ұстаған Сара Бертон Givenchy үшін жасаған алғашқы жарнамалық науқанын таныстырды. Бұл науқан люкс брендтеріне тән қатаңдықтан мүлде аулақ. Керілген позалар мен суық жүздердің орнын – шынайы күлкі, жеңілдік және тіпті кадрға кіріп кеткен түсірілім тобының өзі басқан. Бертон осы арқылы сәннің тек мінсіз келбет емес, адамдар арасындағы жылы қарым-қатынас екенін көрсеткісі келгендей.
Науқанға Адут Акеч, Виттория Черетти, Кайя Гербер, Ева Герцигова, Эмелин Хоаро, Ниятулла Габриэль және Лю Вэнь сияқты әр түрлі жастағы және дене бітіміндегі танымал модельдер түскен. Олармен бірге кадрда стилист Камилла Никерсон, визажист Лючия Пьерони және фотограф Кольер Шорр да орын алды.
Бұл ерекше атмосфераның сырын Бертонның өзі былай деп түсіндіреді: «Маған барлық әйелдің, соның ішінде өз командамдағы әйелдердің де сұлулығы шабыт сыйлайды».










