Style|Fashion

Футболдан әлем кубогына арналған Louis Vuitton сандығының ерекшелігі неде?

АвторыTatler Kazakhstan
20.07.2026
Michael Regan – FIFA / FIFA via Getty Images
IMAGE Michael Regan – FIFA / FIFA via Getty Images
Кеше ғана өткен әлем чемпионатының финалы алдында турнирдің басты кубогын алаңға алып шыққан сәт бәрінің есінде болар. Ол кезде бас жүлде қарапайым шабаданға емес, арнайы жасалған Louis Vuitton сандығына салынды

Бренд шеберлерінің қолынан шыққан бұл Official Trophy Trunk кубокты тасымалдауға ғана арналмаған. Ол бағалы бұйымды қауіпсіз сақтап қана қоймай, салтанатты рәсімдерде оған қосымша сән береді. Сандық Париж маңындағы Аньер-сюр-Сендегі тарихи Louis Vuitton шеберханасында жасалады. Оның сыртқы келбетінен брендтің XIX ғасырдағы әйгілі жол сандықтарының дәстүрін де, құнды затты қорғауға арналған заманауи шешімдерді де байқауға болады.

Бұйымның корпусы өте берік, шеттері қатайтылған қаңқадан және металл фурнитурадан тұрады. Сырты Louis Vuitton Monogram фирмалық кенебімен қапталған. Алдыңғы панеліне алтын түстес V әрпі қолмен жазылыпты. Бұл – әрі Victory («жеңіс») сөзінің, әрі Vuitton тегінің символы. Оған қоса, әріптің түсі FIFA әлем кубогының реңктерімен тамаша үйлесіп тұр.

Шеберлер әрбір ұсақ бөлшекке ерекше мән берген. Мысалы, бұрыштары алтынмен апталған металл қапсырмалармен қорғалса, құлыптары мен ілгектері брендтің 1860-жылдардан бергі классикалық стилінде жасалған. Ал сандықтың ішінде кубоктың дәл өз пішініне арналған арнайы орын бар. Жолда шайқалмас үшін трофей мықтап бекітіледі, ал ішіндегі жұмсақ ашық түсті былғары қаптама оны сызылудан қорғайды. Қақпағының өзі рәсімдерге лайықталып ойластырылған: ол ашық тұрғанда кәдімгі витринаға айналып, көрермендерге кубокты қорғаныс қабынан шығармай-ақ тамашалауға мүмкіндік береді.

Мұндай ерекше сандық не үшін керек десеңіз, FIFA әлем кубогы – әлемдегі ең бағалы спорттық символдардың бірі. Оның салмағы 6,175 келі тартады, толығымен 18-караттық алтыннан жасалған, ал табанына малахит тасы салынған. Сол себепті оған жай ғана әдемі қобдиша емес, тарихи сәттің маңыздылығын айшықтайтын өте сенімді құрылым қажет.

Louis Vuitton мұндай трофей сандықтарын 2010 жылдан бері жасап келеді. Осы уақыт ішінде бренд Оңтүстік Африка, Бразилия, Ресей және Катардағы әлем чемпионаттарына арнайы футлярлар дайындаған еді. Ал кешегі 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында бұл сандықты алаңға Карлос Алькарас пен Squid Game сериалындағы Кан Сэ Бек рөлімен танымал оңтүстіккореялық актриса Чон Хо-ён алып шықты. Айта кетейік, екеуі де Louis Vuitton брендінің амбассадоры саналады.

Футболдан әлем кубогынан бөлек, Louis Vuitton Formula 1, Australian Open, Davis Cup, Rugby World Cup сияқты басқа да ірі халықаралық жарыстарға арнап арнайы трофей сандықтарын жасайтынын еске сала кетейік.