Next Designer Award empowered by Visa жобасы өз көкжиегін кеңейтуде. Алматыда дүркіреп өткен алты маусымды артқа тастап, байқау финалы биыл алғаш рет Ташкент төріне жол тартты. Сән индустриясы үшін бұл жай ғана локация ауыстыру емес, бүкіл аймақ нарығын біріктіретін ортақ шығармашылық кеңістік құруға жасалған маңызды қадам.

Осыдан үш жыл бұрын басталған жоба шағын бастамадан Орталық Азиядағы жас таланттарды қолдайтын ауқымды тұғырнамаға айналып үлгерді. Осы жылдар ішінде байқауға бес мемлекеттен өкілдер қатысып, ұйымдастырушылар жыл сайын 400-ден астам өтінім қабылдап келеді. Ал одан түлеп ұшқан жастар бүгінде Visa Fashion Week сахнасы мен белгілі сән басылымдарының беттерінен сенімді орын алған.


Ұйымдастырушылардың пікірінше, финалды Ташкентке ауыстыру – жоба дамуындағы заңды құбылыс. Соңғы жылдары Өзбекстан астанасы тұрақты түрде Visa Fashion Week апталығын қабылдай отырып, аймақтағы креативті индустрияның басты орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін бекіте түсті. Енді жаңа жеңімпаздың есімі дәл осы қалада жария етілмек.
«Біздің мақсатымыз – жас шеберлердің кәсіби тұрғыда өсуіне нақты жағдай жасау. Орталық Азиядан шыққан дарынды авторлардың өз брендін дамытып, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ойыншыға айналғанын қалаймыз», – деді байқаудың бас директоры Бауыржан Шәдібеков.

Байқау жеңімпазы өз ісін дөңгелету үшін 10 мың доллар көлеміндегі Visa грантына ие болады. Ал финалға жолдама алғандар өз топтамаларын Visa Fashion Week сахнасында көрсетіп қана қоймай, мықты сарапшылардан тәлім алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Оған қоса, оларға ақпараттық қолдау көрсетіліп, киімдерін премиум ретейлдер мен концепт-сторлар сөресіне шығаруға жол ашылады.
Жетінші маусымның шешуші кезеңі 21 тамыз күні Өзбекстанның Бейнелеу өнері галереясында өтеді. Бұл күні бас жүлде иесін анықтап қана қоймай, Орталық Азиядағы қазіргі сән өнерінің дамуына арналған ауқымды көрменің тұсауы кесіледі. Экспозиция байқауға бұрын қатысқан дизайнерлердің жұмыстарын біріктіре отырып, олардың қатардағы жаңа есімнен өз қолтаңбасы бар нағыз шеберге қалай айналғанын паш етеді.

Ал көрменің арнайы бір бөлігі биылғы маусымның 15 финалисіне арналмақ. Мұнда жас таланттар байқауға тіккен киімдерін көпшілік назарына ұсынып, бас жүлде иесін анықтайтын халықаралық қазылар алқасы алдында өз идеяларын қорғап шығады.












