Valentino сән үйі Cruise Holiday 2027 топтамасының жаңа жарнамасын ұсынды. Жобаның шығармашылық жетекшісі Алессандро Микеле мен фотограф Лив Либерг бұл жолы әдеттегі шулы мерекенің суреттерінен бас тартып, дүркіреп өткен кештің ертеңіндегі таңды көрсетуді жөн көріпті.
Түсірілім көне ғимарат ішінде өткен. Мұнда кешегі думаннан қалған заттар ғана көрінеді: төңкерілген орындықтар, құлаған аспашамдар, күміс ыдыстар мен едендегі шыны сынықтары. Осындай көрініс ортасында жобаның бас кейіпкерлері – Джордж Андерсон, Джо Боттомер, Хадим, Либби Тавернер мен Дарио Тонин – емін-еркін демалып жатыр. Айта кетейік, бұл суреттер жазда, шілде айында түсірілген еді.

«Бұл – көңілдегі қызу басылса да, айналада болған оқиғаның ізі әлі айқын көрініп тұрған ерекше бір өтпелі сәт».
Дизайнердің ойынша, бұл аяқталған кеш бүгінгі сән әлемі басынан өткеріп жатқан үлкен өзгерістердің бейнесі іспетті. Ондаған жылдар бойы тек таңдаулыларға ғана арналған, жабық әрі мінсіз көрініске құрылған жүйе қазір тығырыққа тірелді. Енді ол өз бағытын қайта іздеп, құндылықтарын елеп-екшеуге және қоғаммен жаңаша тіл табысуға мәжбүр.
Сонымен қатар, Микеле сынған әйнектер бейнеленген суреттердің Еуропадағы қымбатшылыққа қарсы шерулермен кездейсоқ үндесіп кеткенін жасырмады. Осы күтпеген сәйкестікке бола ол тіпті суреттерді жариялаудан бас тартуды да ойлапты. Бірақ ақырында бәрін жасыра бермей, суреттердің негізгі мәні мен түсірілім тарихын оқырманға ашық түсіндіруді жөн көрген.
