Кез келген ресми кеште мінсіз көріну үшін бекітілген дресс-кодтың do және don’t шарттарын білу маңызды. Төменде – беделіңіз бен мәртебеңізді сақтап қалуға көмектесетін сегіз ереже. Ал Black tie тарихы мен әйелдерге арналған дресс-код нұсқаулығын біздің осы мақаламыздан оқи аласыздар.
1. Смокинг – бұлжымас қағида
Black tie – бұл жай ғана «қара костюм мен галстук» емес. Black tie – бұл міндетті түрде смокинг, және бұл талқыланбайды. Кәдімгі костюм қанша жерден қымбат болса да, ол жай ғана костюм болып қала береді. Смокинг классикалық үлгіде болуы шарт: лацкандары жібекпен көмкерілген және денеге мінсіз қонған болуы тиіс. Өлшемнің сәйкес келмеуі бірден көзге ұрып тұрады: пиджак иыққа дәл отыруы керек (тартып та, салбырап та тұрмауы қажет), жеңі жейдеден сәл қысқа (манжеттің 0,5–1 см көрініп тұрғаны дұрыс), ал пиджактың ұзындығы бөксені жауып тұрғанымен, сюртукке ұқсап кетпеуі керек. Лацканның ең танымал түрлері: сүйір лацкандар (peak lapel) – қатаң, классикалық, «кешкі» стиль және шәлі жаға (shawl collar) – жұмыр пішінді заманауи үлгі.
2. Смокингтің қара түсті болуы шарт емес
Қара түсті киімді даяшылар, музыканттар, метрдотель және қонақтардың басым бөлігі киеді. Білікті тігінші сізге қою көк түсті таңдауға кеңес берері анық. Бұл түс жасанды жарық астында өте ұтымды көрініп, фотосуреттерде қара киінген көпшілікпен сіңісіп кетпеуге мүмкіндік береді. Қысқасы, қара, қою көк немесе қою зүбәржат түстердің бірін таңдасаңыз болады. Ал ашық, айқайлаған түстер black tie дресс-кодына қайшы.

3. Кеудеше немесе камербанд – екеуінің бірі
Бір өңірлі смокингтің екі нұсқасы бар: ойығы терең кеудеше немесе жалпақ белдік (камербанд). Екеуін қатар киюге болмайды. Түймеленген бе, әлде ағытылған ба? Мұнда өте қарапайым ереже бар: бір өңірлі смокингті отырғанда ағытып қояды, ал қос өңірлі смокинг еш уақытта ағытылмайды. Егер бұл ережені бұзсаңыз, смокинг жағымсыз қатпарланып, сәніңізді бұзады.

4. Шалбар мен пиджак бір матадан болуы тиіс
Смокинг – бұл LEGO конструкторы емес, біртұтас комплект. Шалбар пиджакпен бірдей матадан тігілуі керек және лацкандарға сәйкес келетін атлас жолақтары (лампастары) болуы шарт. Шалбарда белдікке арналған тұзақтар болмауы керек – ресми салтанатты кешке белдік тағып келу тым бейресми болып көрінеді. Оның орнына бүйірлік тартқыштар немесе аспаға арналған түймелер болуы қажет.

5. Жейде
Смокинг үшін мақтадан, батистен немесе жібектен тігілген, запонкаға арналған манжеті бар, «wingtip» жағалы немесе классикалық қайырма жағалы, түймелері жасырын және манишкасы бар ақ түсті кешкі жейде қажет. Егер жағасында түймелер болса – бұл black tie емес, «мен жұмыстан кейін киім ауыстырып үлгермедім» дегеннің белгісі.

6. Дұрыс аяқкиім
Кеды, лофер, мокасин, дерби – мұның бәрі жақсы-ақ, бірақ олар басқа іс-шараларға арналған. Black tie – бұл лакталған былғарыдан тігілген классикалық оксфордтар.

7. Өз қолыңызбен байланатын көбелек-галстук
Резеңкедегі немесе ілгегі бар дайын «бабочканы» даяшылар мен мектеп бітірушілері тағады. Black tie үшін дұрыс таңдау – лацкан түсіне сәйкес келетін (көбіне қара түсті), қолмен байланатын көбелек-галстук. Ал оны байлай білу – нағыз джентльменнің белгісі.

8. Маңызды деталь
Шұлық туралы үш қарапайым сөз: қара, ұзын, жібек. Шалбар балағынан кенеттен көрініп қалатын жалаңаш тобық ең қымбат смокингтің өзін құрдымға жіберуі мүмкін. Түрлі-түсті шұлықтарды формальды емес дресс-коды бар кештерге қалдырыңыз.
Бұл ережелер тым егжей-тегжейлі, тіпті ескірген болып көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы қағидалар сізге не істеп жатқаныңызды жақсы білетін, өз ісіне сенімді адам ретінде еркін әрі табиғи көрінуге мүмкіндік береді. Black tie ер-азаматтарды қинау үшін емес, оларға мінсіз көрінудің дайын алгоритмін ұсыну үшін ойлап табылған. Бір қызығы, тіпті «Оскар» мен Канн фестивалінің қызыл кілеміндегі жұлдыздардың өзі бұл талаптардан жиі ауытқып жатады. Дегенмен, сән әлемінің басты қағидасын ұмытпаған жөн: ережені бұзу үшін де, алдымен оны жетік білу қажет.




