Әлеуметтік желіде «қымбат тау етігін сатып алып, онымен тек кофе ішуге баратындар» жайлы әзілдерге көзіңіз шалған болар. Бірақ ауа райы қас-қағым сәтте құбылып, тротуарлар мұз айдынына айналғанда, жұқа табанды кәдімгі аяқ киіммен жүру нағыз мұңға айналады. Дәл осындай сәтте табаны мықты, ылғал өткізбейтін мембранасы бар жылы аяқ киім іздеуге тура келеді. Біз дайындаған топтамадан қалалық минималистік үлгілерді де, қысқы шытырман оқиғаларға арналған нағыз «жол талғамайтын» аяқ киімдерді де таба аласыз.
1. Haven x Hoka Stinson Evo GTX
Сән және көше мәдениетіне (стритвир) арналған Highsnobiety журналының бас редакторы Ноа Джонсонның пікірінше, бұл – 2025 жылдың ең үздік протекторлы үлгілерінің бірі. «Қалың табанды аяқ киімнен мезі болдым ба дегенде, Haven жылдың ең агрессивті, су өткізбейтін моделін шығарды. Stinson OG – әуел бастан ауыр жолдарға арналған сапалы аяқ киім. Мен онымен тіпті бірнеше шағын тауды да бағындырдым. Ал Haven осы классикалық үлгіні сыртқы келбеті жағынан да тартымды етіп жаңартты», – дейді ол. Бұл үлгі таулы жерлерге де, қала ішіндегі серуенге де бірдей жарамды.

2. Hanwag x eye_C Gritstone GTX
Немістің Hanwag бренді көпшілікке аса танымал болмаса да, олардың туристік және альпинистік аяқ киім шығарып келе жатқанына 100 жылдан асты. Hanwag Gritstone II GTX моделі – Токиодағы eye_C журналымен бірлескен жобаның жемісі. Мұнда классикалық outdoor дизайны қалалық минимализм эстетикасымен тамаша үйлесім тапқан.

3. Hoka Kaha 2 Frost Moc GTX
Егер аяққа киетін «пуховик» туралы армандасаңыз, Kaha 2 Frost – таптырмас таңдау. Бұл аяқ киім өте жұмсақ, жел мен суды мүлде өткізбейді және әйгілі қалың Vibram табанымен жабдықталған. Айтпақшы, Vibram табанының шығу тарихы қайғылы оқиғамен байланысты. 1935 жылы компанияның негізін қалаушы Витале Брамани альпинистер тобымен бірге Пунта-Расика шыңына аттанады. Сол кездегі аяқ киімдер ылғал мен мұзға төтеп бере алмай, боран кезінде топтың алты мүшесі үсіп, ажал құшады. Осы оқиғадан аман қалған Брамани тауда сырғымайтын, жеңіл, берік және су өткізбейтін, мықты протекторы бар табан ойлап табуға бел буады.

4. Nike ACG Air Phassad
ACG (All Conditions Gear) – «Кез келген жағдайға арналған жабдық» деген мағынаны білдіретін, 1980 жылдардың соңынан бері белсенді демалысқа арналған киім шығаратын Nike бөлімшесі. Air Phassad – 2002 жылғы үлгінің қайта оралған нұсқасы. Мұнда қалаға үйреншікті дизайн стандарттан тыс техникалық шешімдермен толыққан: мысалы, бауды жабатын нейлон жапсырма қар мен лайдан қорғайды. Әрине, тайғақ жолға арналған мықты протекторы да бар.

5. Norda 003
Қыста бау байлау әуресінен қашқандарға арналған жылы аяқ киім. Bio-Dyneema материалынан жасалған үстіңгі бөлігі икемді келеді әрі аяққа жақсы жабысады. Арнайы протекторының арқасында бұл аяқ киім ұзақ жорықтарға да, жартасқа өрмелеуге де, жай ғана қала ішін аралауға да ыңғайлы.

6. Hoka Speedgoat 5 GTX Spike
Белсенді демалысты сүйетіндердің сүйіктісіне айналған бұл үлгінің табанында металл тиектері бар, соның арқасында ол мұзда тайғанамайды. GORE-TEX мембранасы аяқты балшық пен қарда құрғақ ұстайды. Ал жұмсақ амортизациясы кедір-бұдыр қысқы жолдарда да жайлы жүруге мүмкіндік береді.

7. Hoka Speedgoat 6 Mid GTX
Бұл үлгіде металл тиектері жоқ, есесіне қар кіргізбейтін және тобықты мықтап ұстап тұратын биік қонышы бар. GORE-TEX мембранасы қосымша қорғаныс берсе, Vibram Megagrip табаны аяқтың жерге нық тиюін қамтамасыз етеді.

8. Moncler Trailgrip GTX
Бұл аяқ киім ірі табаны мен GORE-TEX мембранасының арқасында альпинистерге арналған ауыр бәтеңкеге ұқсайды. Алайда, сыртқы тұрпатына қарамастан, киген кезде кәдімгі спорттық кроссовка сияқты жеңіл әрі ыңғайлы.

9. Salomon XT-Pathway GORE-TEX
Бұл – көпшілікке таныс XT сериясының классикалық үлгісі. Мұнда ескі дәстүр сақталған: Quicklace жүйесі бауды бір қолмен жылдам тартып немесе босатуға мүмкіндік берсе, SensiFit технологиясы аяқты тығыз қаусырады. Басты жаңалығы – GORE-TEX мембранасы. Оның арқасында жаңбырда да, қарда да аяғыңыз құрғақ болып қала береді.

10. adidas Terrex Skychaser GORE-TEX
Қыста да классикалық жүгіру кроссовкаларын тастағысы келмейтіндерге арналған Adidas Terrex топтамасының жаңартылған нұсқасы. Жаңа үлгіге әлдеқайда қомақты табан орнатылған. Бірақ мықты протекторына қарамастан, бұл аяқ киім жұмсақ амортизациямен және жеңілдетілген бау жүйесімен жабдықталған. Нәтижесінде ол техникалық жағынан да, күнделікті кию үшін де өте ыңғайлы әрі функционалды болып шықты.

