Style|Fashion

Энтони Ваккарелло Saint Laurent креативті директоры қызметінен кетпек

АвторыTatler Kazakhstan
09.10.2026
Энтони Ваккарелло | Stephane Cardinale / Getty Images
IMAGE Энтони Ваккарелло | Stephane Cardinale / Getty Images
Saint Laurent сән үйі Энтони Ваккареллоның креативті директор қызметінен кететінін ресми түрде жариялады: ол бұл лауазымда 10 жыл бойы еңбек етті

44 жастағы бельгиялық дизайнермен қоштасатыны туралы сән үйі жұма күні таңертең қысқаша мәлімдеме таратты. Онда Ваккареллоның «сән мен мәдениет әлемінде брендтің болмысы мен ықпалын нығайтуға көмектесіп, Saint Laurent-ның дамуында шешуші рөл атқарғаны» айтылған. Сондай-ақ компания жақын арада жаңа креативті басшылықты таныстыратынын тілге тиек етті. Дизайнердің қызметтен кететіні туралы сыбыс Париж сән апталығы барысында-ақ желдей ескен еді, ал ресми жаңалық шара аяқтала салысымен іле-шала жарияланды. Көпшілік оның 2027 жылғы көктем-жаз топтамасының көрсетілімін сол кездің өзінде-ақ Saint Laurent-мен қоштасу деп қабылдаған еді.

Kering бас директоры Франсуа-Анри Пино Ваккареллоға «соңғы 10 жылда Saint Laurent-ның дамуына қосқан үлесі үшін» алғыс білдірді. Пиноның айтуынша, дизайнердің шығармашылық көзқарасы мен жоғары талаптарының арқасында бренд француз кутюр үйлері арасында ең ұлылардың бірі ретінде өз ықпалын нығайта түсті. Saint Laurent президенті әрі бас директоры Седрик Шарбит те дизайнерге жылы лебіз білдірді: оның сөзінше, Ваккарелло айрықша шығармашылық нәтижелерге және мәдени ықпалға қол жеткізіп, сән үйін ең танымал брендтердің алдыңғы қатарына шығарған.