Style|Fashion

Енді ресми: LVMH ұтқыр қадам жасап, Marc Jacobs брендін америкалық компанияларға сатты

АвторыВиолетта Тельманова
02.09.2026
Марк Джейкобс | Daniele Venturelli / Getty Images
IMAGE Марк Джейкобс | Daniele Venturelli / Getty Images
LVMH конгломераты Marc Jacobs брендін 30 жыл басқарғаннан кейін сатып жіберді. Марканың жаңа иелері америкалық WHP Global және G-III Apparel Group компаниялары болды

Мамыр айында бұқаралық ақпарат құралдары бұл келісімнің құнын 850 миллионнан 1 миллиард долларға дейін бағалаған. Келісімшарт аяқталған соң, нақты сома 925 миллион доллар екені белгілі болды. Бұл былтыр медиада айтылған 1 миллиардтық болжамнан сәл төмен. The Business of Fashion басылымының пікірінше, ақырғы бағаның болжамнан әлжеқайда төмен болуы бизнестің болашақтағы табыстылығына қатысты күмәнді көрсетіп тұр.

WHP Global – танымал брендтерді сатып алып, оларды дамытумен айналысатын америкалық компания. Олар лицензиялау мен халықаралық нарықта кеңею процестерін басқарады. Ал G-III Apparel Group – киім мен аксессуарлар өндіретін және тарататын ірі америкалық корпорация. Олардың қарамағында DKNY, Donna Karan және Karl Lagerfeld сияқты маркалар бар. Marc Jacobs келісімінде WHP Global брендті лицензиялауға және дамытуға жауап береді. Ал G-III операциялық бизнесті, соның ішінде бөлшек және көтерме сауданы өз мойнына алады.

Марк Джейкобс | Dimitrios Kambouris / Getty Images
IMAGE Марк Джейкобс | Dimitrios Kambouris / Getty Images

Марк Джейкобстың өзі брендтің креативті директоры қызметінде қалады. Ол бұл өзгерістерге өте сеніммен қарайды. Дизайнер жақын болашақта марканың, әсіресе ready-to-wear (дайын киім) бағытында мықты әрі қолжетімді коммерциялық ұсыныстары көбейеді деп үміттенеді. Осыдан он жылдай бұрын Marc by Marc Jacobs желісі жабылған соң, бұл бағыт мүлдем жойылып кеткен еді. Сонымен қатар ол өзінің подиумдық топтамаларының шағын, камералық форматын сақтап қалғысы келеді. Брендтің жаңа иелері де оның бұл ойын толық қолдап отыр.