Variety басылымының жазуынша, Джорджо Арманидің өмір жолы жаңа сериалға негіз болмақ. Жобаны Fremantle компаниясына тиесілі италиялық Lux Vide студиясы мен Giorgio Armani сән үйі бірігіп түсіреді. Сән үйі өз тарапынан түсірілім тобына бренд мұрағатын, тарихи топтамаларын ақтарып, маңызды орындарда жұмыс істеуге толық рұқсат берген.
Сериалды дизайнермен кезінде жақын араласқан Ферзан Озпетек түсіреді. Режиссердің айтуынша, олар талай жыл бойы тек ресми жиындарда ғана емес, өмірде де етене жақын болған. «Мен оның бойынан ұлы суретшіге тән талант пен көрегендікті байқайтынмын. Сонымен бірге, ол өте қарапайым әрі еңбекқор адам еді», – дейді ол. Ендігі басты мақсат Арманидің жұрт біле бермейтін қырларын ашып, өмірін барынша шынайы баяндау.
Ферзан Озпетектің соңғы туындыларының бірі – былтыр жарық көрген Diamonds фильмі. Картина «Оскар» алған танымал костюм суретшісінің өте күрделі тапсырысын орындауға кіріскен римдік тігінші әйелдер жайлы баяндайды. Бұл туынды Италия кинотеатрларында үлкен сұранысқа ие болып, шетелдік көрерменнің де көңілінен шыққан еді. Ал жаңа сериалдың сюжеті әзірге құпия. Тек жобаның бүкіләлемдік аудиторияға арналатыны және сценарийді Озпетекпен бірге Medici, Doc сериалдарының авторы Франческо Арланч жазатыны ғана белгілі.
Джорджо Армани – сән тарихындағы ең беделді дизайнерлердің бірі. Оны бүкіл әлемге танытқан нәрсе – еркін пішімде тігілген ерлер костюмдері. Бұл киім үлгісі 1980 жылы Ричард Гир басты рөлде ойнаған American Gigolo фильмінен кейін нағыз хитке айналған болатын. Арманидің киімдерін Джулия Робертс, Кейт Бланшетт, Энн Хэтэуэй, Леонардо Ди Каприо, Джордж Клуни және Том Круз сияқты Голливудтың ең жарық жұлдыздары сүйіп киді. Дизайнер 2025 жылдың 4 қыркүйегінде 91 жасында өмірден өтті. Жаңа сериал – ұлы шебердің өмір жолы мен бай мұрасын дәріптейтін алғашқы ірі тележоба.
