Style|Fashion

Джон Гальяноның Met Gala көрмесінен бас тартуын сән әлемі қалай қабылдады?

АвторыTatler Kazakhstan
02.09.2026
Джон Гальяно | Tristan Fewings / Getty Images
IMAGE Джон Гальяно | Tristan Fewings / Getty Images
Джон Гальяно Met Костюм институтында жоспарланған «Джон Гальяно: Көкжиектер» ретроспективасынан және оған қатысты 2027 жылғы Met Gala тақырыбынан бас тартқан еді. Бұл шешім сән әлеміндегі қызу пікірталастарды әлі де өршітіп тұр

«Менің айналамдағы пікірталастың Метрополитен мұражайын тығырыққа тірегенін немесе Костюм институтының тамаша жұмысынан назарды басқа жаққа бұрғанын қаламаймын, – деп жазды Гальяно Instagram желісіндегі парақшасында. – Сонымен қатар менің шығармашылығыма арналған көрме кейбір адамдардың жанына батуы мүмкін екенін түсінемін және бұған құрметпен қараймын».

Джон Гальяно | Derek Hudson / Getty Images
IMAGE Джон Гальяно | Derek Hudson / Getty Images

Бұл шешім көрме идеясына қарсы туындаған қоғамдық наразылық толқынының нәтижесі болды. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы Гальяноның Париждегі дәмханада антисемиттік сөздер айтып, Гитлерді қолдағаны бейнеленген видео тарап кеткен еді. Осыдан кейін оны Dior сән үйінен жұмыстан шығарды. Сол жылы Франция соты оны нәсілдік, діни және ұлттық негізде көпшілік алдында тіл тигізгені үшін кінәлі деп таныды. Жанжалдан кейін Гальяно бұл қылығын есірткі мен ішімдікке тәуелділігімен түсіндірді. Ол емделіп, өзімен жұмыс істей бастады. Кейінірек тіпті лондондық раввин Барри Маркуспен бірге иудаизмді де зерттеді. Бірақ арада 15 жыл өтсе де, ескі жанжал қоғамды қайтадан дүр сілкіндіре алды.

Дизайнер жобадан бас тартқан соң, сән индустриясының өкілдері түрлі пікір білдірді. Көпшілігі Гальяноны қолдап, көрменің өтпейтініне өкініш білдірді. Ал басқалары оның бұрынғы сөздерінен кейін дизайнерге мұндай жоғары деңгейде құрмет көрсету орынсыз деп санады.

Dior от-кутюр көйлегі (1997 жылғы көктем-жаз, Джон Гальяно) Met Gala «Қытай: Айна артында» көрмесінің баспасөз көрсетілімінде. Нью-Йорк, 4 мамыр 2015 жыл | Slaven Vlasic / Getty Images
IMAGE Dior от-кутюр көйлегі (1997 жылғы көктем-жаз, Джон Гальяно) Met Gala «Қытай: Айна артында» көрмесінің баспасөз көрсетілімінде. Нью-Йорк, 4 мамыр 2015 жыл | Slaven Vlasic / Getty Images
Джон Гальяно жасаған Christian Dior ансамблі, 1999 жылғы көктем-жаз топтамасы. 2015 жылғы «Қытай: уақыт призмасы арқылы» Met Gala көрмесі. Нью-Йорк, Метрополитен мұражайы | Slaven Vlasic / Getty Images
IMAGE Джон Гальяно жасаған Christian Dior ансамблі, 1999 жылғы көктем-жаз топтамасы. 2015 жылғы «Қытай: уақыт призмасы арқылы» Met Gala көрмесі. Нью-Йорк, Метрополитен мұражайы | Slaven Vlasic / Getty Images

Гальяноның мәлімдемесінің астындағы мыңдаған пікірлердің ішінде индустрияның танымал өкілдерінен де қолдау сөздері көптеп табылды. Олардың қатарында дизайнерлер Марк Джейкобс, Алессандро Микеле, Дилара Финдикоглу, стилист Карла Уэлч және модельдер Кэролин Мерфи, Мариакарла Босконо, Наташа Поли мен Амбер Валетта бар.

Көпшілігі адамға екінші мүмкіндік беру идеясын жақтады. Олар Гальяноның тек бұрынғы қателіктерін ғана емес, өмірін өзгертуге жасаған кейінгі қадамдарын да ескеруге шақырды. «Егер адам өз жауапкершілігін мойындап, кешірім сұрап, өзгеріп жатқан кездің өзінде біз оны кешіруге дайын болмасақ, онда басқалардың өз істеріне есеп беріп, кешірім сұрауына немесе болашақта жақсы адам болуға ұмтылуына қандай түрткі қалмақ?» – деп жазды модель Аня Рубик.

Джон Гальяноның Met Gala көрмесінен бас тартуын сән әлемі қалай қабылдады?

Фешн-фотограф Жиль Бенсимон бұл оқиғаны «сән әлемі үшін қайғылы күн» деп атады. «Қорытындысында бәрі де ұтылды», – деп жазды The Business of Fashion басылымының арнайы жобалар бойынша бас редакторы әрі сән сыншысы Тим Блэнкс. Сән иллюстраторы Хайден Уильямс көрмеден бас тартуды «нағыз масқара» деді. Оның айтуынша, дизайнер «жақсы адам болу үшін өзімен көп жұмыс істеген». Стилист Михаил Барышников та жобаның тоқтатылғанына өкініш білдіріп: «Түптеп келгенде, олар өздерін өздері тонады», – деп пікір қалдырды.

Алайда Гальяноның өткенін жай ғана ұмыта салуға болмайды деп есептейтіндер де табылды. Көрмеге мемлекеттік шенеуніктер, еврей қауымдастығының өкілдері және Met мұражайының беделді демеушілері қарсы шықты. Олар бірнеше апта бойы жабық есік жағдайында жобаны тоқтатуға күш салған.

Холокосттан аман қалғандардың тікелей ұрпағы (қызы әрі немересі), Нью-Йорк қалалық кеңесінің спикері Джули Менин The New York Post басылымына сұхбат берді. Оның айтуынша, Met өкілдері көрме туралы көпшілікке ресми жарияланбай тұрып, шілде айының соңында оның өзіне хабарласқан. Ол сол кездің өзінде бұл жобаға қарсы шығатынын ескерткен екен. «Даулы суретшілердің еңбектерін көрмеге қою – бір бөлек. Ал біреудің мұрасына арнайы құрмет көрсетіп, оны саналы түрде ұлықтап, дәріптеуге шешім қабылдау – мүлде басқа дүние. Мен үшін шекара дәл осы жерде аяқталады», – деді Менин.

Милли Глимчер және Арне Глимчер | Andrew Toth / Getty Images
IMAGE Милли Глимчер және Арне Глимчер | Andrew Toth / Getty Images

The New York Times мәліметінше, Friends of the Costume Institute ұйымының көп жылғы мүшесі Джилл Каргман меценаттар тобынан шығып кеткен. Ал арт-дилер Арне Глимчер Met мұражайының бас директоры Макс Холлайнға әйелі екеуі мұражайға өсиет бойынша қалдырмақ болған қайырымдылық қаражатын «мұқият қайта қарастырып жатқанын» ескертті.

Бұл жолы тіпті ғажайып таланттың өзі қайшылыққа толы өткен өмірді өшіре алмайды деп санайтындардың мерейі үстем болды.