The Business of Fashion басылымының хабарлауынша, испаниялық Zara ритейлері дизайнер Джон Гальяномен серіктестік орнатқаны туралы ресми түрде жариялады. Әйгілі дизайнер брендтің маусымдық топтамаларын жасаумен айналысатын болады. Компания өкілдері Гальяноның брендтің архивтік үлгілерін жаңа материалдарды қолдану арқылы «деконструкциялап, қайта құрылымдайтынын» нақтылап өтті. Екі жылға жоспарланған бұл ынтымақтастықтың алғашқы капсулалық топтамасы 2026 жылдың қыркүйегінде жарыққа шықпақ.
Бұл қадам Zara брендінің иесі Inditex тобының стратегиялық жоспарының бір бөлігі болып табылады. Компания масс-маркет сегментіндегі онлайн-ойыншылар тарапынан артып келе жатқан бәсекелестікке жауап ретінде, нарықтың премиум сегментіндегі позициясын нығайтуды көздеп отыр.
Джон Гальяно – заманауи сән әлеміндегі ең танымал әрі ықпалды дизайнерлердің бірі. Ол әр жылдары Givenchy (1995-1996) және Christian Dior (1996-2011) сән үйлерінде бас модельер қызметін атқарып, өзінің жеке John Galliano (1988-2011) атты брендін де дамытып үлгерді. 2011 жылы ол нәсілшілдік айыптауларына байланысты үлкен даудың ортасында қалып, қызметінен босатылды және индустрияда «персона нон гратаға» айналды. Бірнеше жылдан кейін дизайнер сән әлеміне қайта оралып, 2015 жылдан бастап Maison Margiela брендінің креативті директоры қызметін атқарып келді. Осы уақыт аралыңында Гальяно өзінің кәсіби беделін толық қалпына келтіре алғанымен, 2024 жылдың желтоқсанында аталған брендтен кететінін мәлімдеген болатын.
