Келісім аясында Charvet-нің бас кеңсесі мен Париждегі Вандом алаңында орналасқан тарихи бутигі Chanel-дің меншігіне өтті. Chanel сән бөлімінің президенті Брюно Павловскидің айтуынша, бұл шешім брендтің жаңа креативті директоры Матье Блазимен сәтті серіктестіктен кейін қабылданған. Ол өзінің алғашқы топтамасына арнап монограммасы бар жейделер жасау үшін дәл осы Charvet шеберлерін тартқан болатын. Клиенттер тарапынан жоғары сұраныс және Колбан отбасының бизнесті жалғастырушы іздеу жоспары бұл келісімнің басты себептеріне айналды. «Charvet – нағыз інжу-маржан. Ендігі мақсат – компанияны дамудың келесі кезеңіне дайындау», – деп атап өтті Павловски.

Жозеф-Кристоф Шарве негізін қалаған Charvet әлемдегі ең алғашқы арнайы жейде тігетін ателье саналады. 1965 жылдан бері компанияға Колбан отбасы иелік етіп келді. Бүгінде бренд тек жейделерімен ғана емес, галстук, мойынорағыш және аяқ киімдерімен де танымал. Тауар түрі көбейгенімен, өндіріс процесі әлі күнге дейін Францияның Эндр аймағындағы жалғыз шеберханада шоғырланған. Өз тарихында Charvet сэр Уинстон Черчилль, Шарль де Голль және Chanel-дің негізін қалаушы Коко Шанель сияқты беделді тұлғаларды киіндірген. Ал брендтің қазіргі табынушыларының қатарында Дэвид Бекхэм мен София Коппола бар.
Chanel өкілдері Charvet-нің операциялық тәуелсіздігін сақтап, дербес бренд ретінде дамуын жалғастыратынын атап өтті. Павловскидің сөзінше, топтың басты міндеті – ательенің ерекшелігін, жоғары шеберлік деңгейін және қайталанбас болмысын сақтап қалу.


Бұл қадам Chanel-дің өндірістік базаны нығайту және қолөнер шеберлігін сақтау жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясына толықтай сәйкес келеді. Соңғы жылдары компания бірқатар арнайы брендтер мен өндірушілерді сатып алды. Олардың қатарында ерлердің жағажай киімін шығаратын Orlebar Brown, Barrie кашемир мануфактурасы және Eres ішкі киім өндірушісі бар. Сонымен қатар Chanel өз жеткізушілеріне де тұрақты түрде инвестиция құйып келеді. Charvet-мен жасалған бұл келісімді жаңа бағыттың басы деуге болады. Осы қадам арқылы Chanel болашақта ерлерге арналған толыққанды киім желісін шығаруы әбден мүмкін.
