Француздың Cartier зергерлік үйі Римде «Cartier және Капитолий мұражайындағы аңыз» атты көрмесін ашты. Римдегі ең көне ғимараттардың бірі саналатын Palazzo Nuovo өзінің ұзақ тарихында алғаш рет уақытша экспозиция үшін есігін айқара ашып отыр
Cartier бұл топтаманы 1970-ші жылдары жинай бастап, 1983 жылға қарай оны «Cartier Collection» деп аталатын біртұтас жинаққа айналдырған. Бүгінде 1860–2000 жылдар аралығын қамтитын 3,5 мыңға жуық бұйым Cartier үйінің 170 жылдық шығармашылық тарихын көрсетеді.
Көрменің басты идеясы – көне және жаңа өнердің диалогын көрсету. Мұнда кардинал Алессандро Альбанидің қорынан алынған антикалық мәрмәр мүсіндер мен Cartier-нің заманауи жауһарлары қарсы қойылған. Мысалы, бір алқа мәрмәр Афродита мүсінінің киіміндегі бүктемелердің нәзіктігін айнытпай қайталап тұрса, екіншісі Геркулестің бұлшықет шиеленісін бейнелейді. Бұл үйлесім Cartier-нің өткен мен қазіргі уақытты жалғастыратын өлеңдей әдемі әрі қызықты байланыс орнатқанын көрсетеді.
Бұл көрме келушілерді брендтің бай тарихымен тереңірек таныстырады. Экспозицияда аудио және визуалды элементтермен қатар, Cartier парфюмері Матильда Лоранның хош иісті инсталляциялары тамаша ұштасқан.
Бұл ауқымды жобаны зергерлік өнер тарихын зерттеуші Бьянка Каппелло, археолог Стефан Верже және Капитолий мұражайларының жетекшісі Клаудио Паризи Пресиччеден құралған пәнаралық сарапшылар тобы әзірледі.
Көрме 2025 жылдың 14 қарашасынан 2026 жылдың 15 наурызына дейін жалғаспақ.






