Зои Кравицке қарағанда, оның бойындағы салқынқанды салтанат пен бүлікшіл рухтың үйлесімі еріксіз тамсандырады. Ол – тек актриса немесе режиссер ғана емес, тұтас бір стиль иконасы
«Caught Stealing» фильмінің жарнамалық турында Зои Кравиц тек Saint Laurent брендінің туындыларымен шығуды жөн көріпті. Бұл таңдау – оның YSL Beauty музасы мәртебесін айқындай түседі. Стилист Дэниэль Голдберг оның және серігі Остин Батлердің образдарын сондай шеберлікпен үйлестіргені сонша, олардың арасында сезім болмаса да, сән әлеміндегі ең жарасымды жұп болып көрінеді. Олардың стилі – бір-бірін көшіру емес, бірін-бірі толықтыру өнері.
Зоидің шаш үлгісі – қаланың қарбаласынан енді шыға келген, бірақ теңіз самалымен сәл ғана таралғандай еркін әрі табиғи. Макияжында да артық ештеңе жоқ: табиғи еріндер, айқын қастар. Ал оның басты аксессуары өзгеріссіз – ол оның таңғажайып сұлулығы.
Нью-Йорктегі Late Night with Seth Meyers шоуында
Бұл образына әкесі Ленни Кравицтен шабыт алғаны анық. Жалаңаш денеге киілген жилет, жолақты шалбар және Saint Laurent-ның слингбэктері. Бейнесіне бандана мен винтажды Nike көзілдірігі арқылы еркіндік қосса, бауға тағылған 20 караттық Jessica McCormack гауһар тасты чокері арқылы салтанатты көрініс береді.

Нью йорк
Папарацциге «күтпеген жерден» түсіп қалған сәттерінде де оның стилі мінсіз. Қарапайым adidas шортысы мен ескі киімдер дүкенінен алынған футболканы қымбат Christian Louboutin мюлиімен және қолына бірінші іліккен Saint Laurent сөмкесімен үйлестіре салу – тек Зоидің қолынан келетін еркіндік

Лондондағы фотоколлда
Фотоколл үшін стилист Зоиге бохо стиліндегі Saint Laurent шілтерлі сарафанын таңдаған. Ұқыпты балеткалар нәзіктік сыйласа, қара көзілдірік пен актрисаның әйгілі салқынқандылығы образға рок-н-ролл рухын береді. Оның жанындағы Остин де үйлесімді көрінді: жыртық футболка, қоңыр күдері күртеше және ескірген джинсы киген.

Лондон
Лондон көшелерінде Зои Кравицтің стилі еркін көрінеді. Қызғылт топ пен қара кең шалбарды ол көлемді бомбермен толықтырған, ал минималистік көзілдірік екі минутта жиналған образдың соңғы нүктесін қойған.

«Caught Stealing» фильмінің британдық гала-көрсетілімінде
Премьерада жұп Saint Laurent-тен ақ-қара түсті жұптық образдарда суретке түсті. Зои Кравиц банты бар арнайы тігілген сатин көйлек пен нәзік Jessica McCormack әшекейлерін тақса, Остин Батлер иықтары кең, еркін костюм және пиджактың астынан ақ трикотаж майка киген.

Париждегі фотоколлда
Бұл образда оның барлық эстетикасы көрініс тапқан: Saint Laurent жібек белдемшесі мен биік өкшелі мюлидің жылтыры лифсіз киілген жыртық майканың батылдығымен керемет контраст жасайды. Остин классикалық майканы баулы шалбарға сала салған. Трикотаж жилеттің үстінен Венис-Бичтен алынған ERL жұмыс жейдесін желбегей жамылып, қара көзілдірік пен массивті табанды бәтеңкемен образын аяқтаған.

Париждегі Cinema Max Linder-де өткен фотоколлда
Париждегі фотоколл үшін стилист Зоиге винтажды образ таңдаған: қысқа жібек комбинация және Saint Laurent мюлиі. Ерекше деталь ретінде білегінің жоғарғы жағына тағылған, гауһар тасты аспасы бар Jessica McCormack білезігі көзге түседі. Оның жанындағы серігі былғары шалбар және үсті-үстіне киілген құм түстес және қара түймелі жейделер киген.

