Жалпы, гүл мотивтері қашанда Chanel сән үйінің ажырамас бөлшегі саналатын. Егер бұған дейін брендтің басты символы тек камелия болса, соңғы топтамалар пішіні күрделірек әрі табиғи гүлдерге толы. Олардың қатарында көш бастап тұрғандар – нәзік қылқанды астра мен хризантема. Мәселен, 2026 жылғы көктем-жаз топтамасының алғашқы бейнесін толықтырған көлемді астра-сырғалардың ізін гүлмен көмкерілген шаш әшекейлері, бас киімдер мен белдемшелер жалғастыруда. Ал Chanel-дің қазіргі абсолютті хиті саналатын ірі гүлді брошьтардың қаншалықты әсерлі көрінетінін Педро Паскальдің «Оскар» жүлдесіндегі мінсіз бейнесі айқындап тұр.
Ақ, қызғылт, маржан және қара түсті астралармен көмкерілген топтар, белдіктер мен жазғы аяқкиімдер David Koma брендінің көктемгі топтамасына да ерекше көркемдік сыйлайды. Бұл эстетикалық шешімін дизайнер былай деп түсіндіреді: «Киімде қоршаған ортамен үйлесетін жеңілдік пен еркіндік сезілуі тиіс. Ондағы контраст адамды басып тастамауы керек, бірақ бойында міндетті түрде драма болуы шарт».
Calvin Klein топтамасында көйлектерді жүріс ырғағымен бірге тербеліп тұратын ілмелі помпондармен әрлеген Вероника Леони де дәл осыған ұқсас әдіске жүгінген.


Гүлді мотивтер трендінің ауқымдылығы соншалық, жақында ғана өткен Baku Fashion Week апталығындағы Zumrud Mirzaliyeva топтамасынан да көздің жауын алатын астра-сырғаларды кездестіреміз.

Киім мен әшекейлерді жаулаған астра тренді – жалпы ботаникалық эстетика мен көлемді гүлдер сәнінің заңды жалғасы. Көп жылдық раушан, камелия және орхидеялардың үстемдігінен шаршаған дизайнерлер ендігі назарын күрделірек әрі тосын гүлдерге аударуда. Бір мезгілде винтажды әрі заманауи көрінетін астраның қабат-қабат жұқа күлтелері қайталанбас архитектуралық пішін түзеп, кестеде, металда, моншақтар мен көлемді декоративті бөлшектерде өте әсерлі бейнеленеді.

Сонымен қатар, бұл – ұзаққа созылған минимализм мен «тыныш сән-салтанаттың» (quiet luxury) орнына келген романтикалық максимализмнің айқын көрінісі. Ендігі сән әлемінің басты ұраны: көбірек фактура, көбірек декор және көбірек көлем. Давид Кома дәл айтқандай: «Қазір бәрімізге аздап көңіл көтеру қажет».










