Қатаң ереженің астары неде?
Бұл қатаң талаптың тамыры сонау 1880 жылдардан бастау алады. Ол кезде теннис кез келген адам ойнайтын спорт емес, тек ақсүйектер мен бай-манаптардың ғана ермегі саналатын. Ал сол дәуірдің жазылмаған заңы бойынша, қоғамдық орында киімдегі тердің дағын көрсету өте ерсі, тіпті мәдениетсіздік деп танылды. Түрлі-түсті матада тер ізі бірден көзге ұрып тұратындықтан, ұйымдастырушылар өте ұтымды шешім тапты: қатысушыларға тек ақ түсті киім кию міндеттелді. Өйткені дәл осы ақ мата физикалық жүктеменің іздерін жақсы жасыратын еді.

Қызығы сол, уақыт өте келе бұл талап жеңілдеудің орнына, керісінше, қатая түсті. Мәселен, 1970-1980 жылдары теннисшілерге ашық реңктер мен аздаған түрлі-түсті элементтерді қосуға рұқсат етілсе, қазіргі Уимблдон ережесі барынша қатал. 2014 жылдан бері спортшылардың киімі толығымен дерлік ақ түсті (almost entirely white) болуы шарт. Тек жағасында немесе жеңінде ені 1 сантиметрден аспайтын басқа түсті жіңішке жолаққа ғана рұқсат беріледі. Оның үстіне бұл шектеу барлық детальға қатысты: баскиім, маңдайша, аяқкиім бауы, білезік, тіпті кроссовканың табаны да аппақ болуы тиіс.
Наразылық пен дау-дамай
Кортқа тек ақ формамен шығу талабын көбінесе ескінің қалдығы деп санайтындар аз емес. Сол себепті бұл тақырыптың төңірегінде үнемі дау туындап жатады.
Мәселен, 1987 жылғы Уимблдон жеңімпазы, аустралиялық Пэт Кэш турнирдің бұл ережесін тым ескішіл деп қатаң сынға алған болатын. Ол тіпті бірде ұйымдастырушылардың спортшы қыздарды түрлі-түсті элементі бар іш киімдерін шешуге мәжбүрлегеніне ашық наразылық білдірген еді.
Ал 1980 жылдардың соңында әлемге әйгілі Андре Агасси Уимблдон ережесіне тікелей қарсы шықты. Өзінің жарқын, ерекше имиджінен бас тартқысы келмеген спортшы бұл турнирді қатарынан үш жыл (1988, 1989, 1990) бұл турнирге қатысудан бас тартты. Дегенмен кейіннен ол райынан қайтып, ойын ережесіне бағынуға мәжбүр болды да, 1992 жылы чемпион атанды.
Ереже бұзғандардың қатарында Анна Курникова да бар. Ол 2002 жылы қатаң регламентті елемей, жаттығуға қара шортымен шығып кеткен. Қателігін түсінген соң, ыңғайсыз жағдайдан құтылу үшін оған бапкерінің ақ шортысын сұрап киюге тура келді.
Сондай-ақ 2013 жылы аты аңызға айналған Роджер Федерер кортқа табаны қызғылт сары аяқкиіммен шықты. Ұйымдастырушылар бұған бірден назар аударып, жарыстан шығарамыз деп ескерту жасаған соң, чемпионға аяқкиімін шұғыл ауыстыруға тура келді.
Ал 2017 жылы Винус Уильямс дәл осындай келеңсіздікке тап болды. Оның ақ формасының астынан спорттық іш киімінің қызғылт баулары көрініп қалған екен. Салдарынан спортшы жаңбырға байланысты үзіліс кезінде киімін дереу ауыстыруға мәжбүр болды.
Шектеуден туған шығармашылық
Ережелердің тым қатаңдығына қарамастан, қазіргі Уимблдон сәннен ада, ішпыстырарлық турнирге айналып кеткен жоқ. Керісінше, бұл шектеулер әлемдік дизайнерлер мен спорттық брендтердің шабытын оятты. Түрлі түстерді еркін қолдану мүмкіндігінен айырылған олар басқа қулыққа көшті: матаның күрделі пішіміне, ерекше фактуралар мен көзге бірден түсе бермейтін ұсақ детальдарға басымдық бере бастады. Осының арқасында спортшылар ақ киімнің өзінде жеке стилін көрсетіп, көпшіліктің есінде қалып жүр.


Мысалы, 2026 жылғы Уимблдон кезінде қазіргі заманның ең стильді спортшыларының бірі, жапондық Наоми Осака кортқа нағыз өнер туындысымен шықты. Ол бірінші айналымдағы матчта кең пішілген, жапондық үлгідегі ақ кимоно киді. Токиолық дизайнер Хана Яги арнайы тіккен бұл киім сакура гүлдері мен тырна бейнесімен көмкерілген еді. Образды толықтыру үшін спортшы шашына дәстүрлі «кандзаси» түйреуішін тақты.
Ал украиналық Марта Костюк көрермендерді Wilson бренді тіккен жаңа формасымен тәнті етті. Оның киімі ауа өткізетін, жоғары технологиялық шілтерден жасалған. Қызығы сол, спортшы бұл дизайнды өзінің үйлену тойында киген көйлегінен шабыт алып, брендпен бірлесе отырып жасап шығарған екен.


Бұл тұрғыда ер адамдарға әлдеқайда қиын, себебі дресс-код пен турнирдің консервативті дәстүрі оларға образдарымен тәжірибе жасауға көп мүмкіндік бермейді. Сондықтан тіпті кішкентай детальдың өзі ерекше мағынаға ие болады. Мысалы, сербиялық теннисші Новак Джокович турнирдегі матчтардың біріне арнайы тігілген ақ блейзермен шықты. Оның кеудесіндегі белгілі Lacoste логотипі өзгертіліп басылған: фирмалық қолтырауын Джоковичтің символы саналатын қасқыр бейнесімен біріктіріліпті. Ал пиджагын шешкен кезде оның ішкі қалтасынан мынадай жазуды көруге болатын: «Нағыз батыр – жеңіске жеткен адам емес, әділетсіздікке төзе білетін және кешіре алатын адам». Бұл Джоковичтің қатаң шектеулер ішінен өз философиясын қалай жеткізе білгенінің айқын көрінісі еді.






