American Eagle киім бренді Испания құрамасы мен «Барселона» клубының жұлдызды ойыншысы Ламин Ямальмен бірлескен капсулалық топтама шығаратынын мәлімдеді. Компанияның ресми мәліметіне сүйенсек, бұл коллаборация аясында ерлерге және унисекс санатына арналған 25-ке жуық киім үлгісі жасалған.

Жаңа желінің қатарында джинсы, шалбар, жейде және трикотаждан тігілген түрлі бұйымдар бар. Топтаманың түстер палитрасы – жасыл, сарғыш, ақ және қою қызыл реңктерден тұрады. Дизайнерлер бұл түстерді таңдағанда спортшының туған қаласы Эсплугес-де-Льобрегаттың (Каталония) табиғаты мен испан мәдениетінің дәстүрлерінен шабыт алған екен. Айта кетейік, киімдердің дизайнын жасауға 2026 жылдың қаңтарында брендтің жаһандық амбассадоры атанған Ямальдың өзі тікелей қатысқан.
Топтаманың жарық көруі 19 жастағы футболшының спорттағы тарихи жетістіктерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ямаль – әлем чемпионаты мен Еуропа біріншілігінде қатарынан топ жарған ең жас футболшы. Бұл – әлемдік футбол тарихындағы бұрын-соңды болмаған рекорд. Осы үлкен жеңістің құрметіне American Eagle промо-науқан кезінде өзінің әлеуметтік желілері мен коммуникациялық арналарын Lamine’s Eagles деп өзгертіп, фирмалық логотипін де жаңартты.

Капсула ішінде ерекше назар аударатын тағы бір киім үлгісі бар. Ол – The 19 Jean деп аталатын арнайы джинсы моделі. Бұл сан кездейсоқ таңдалмаған, себебі 19 – жас таланттың қазіргі жасы әрі жасыл алаңдағы жейде нөмірі.
