Хайдер Аккерманның Tom Ford-тағы дебюті мен Vaquera гигантизмі. Paris Fashion Week-тің бірінші жартысында тағы қандай қызықтар болды?
Сән әлемінде Paris Fashion Week-тен артық ештеңе жоқ. 2025 жылғы күз-қыс коллекцияларын кеңседен шықпай-ақ шолып шығып, ең қызық үлгілерін іріктеп алдық. Chloé көрсетіліміндегі тері қылқалам, Stella McCartney ұсынған power dressing және Acne Studios пимасы – есте қалған дүниелердің кішкентай ғана бөлшегі. Сондай-ақ аса сымбатты Хайдер Аккерманн Tom Ford креативті директоры қызметінде дебют жасады.
Алып Vaquera төстартқышы
Үлкейтілген аксессуар асынған Vaquera шоулар маусымының «есігін теуіп кірді». Інжу алқалары жерге жетіп тұрды, ал леопард принтінің масштабын айтып жеткізу мүмкін емес. Ішкиімнің алыптығы соншалық, модельдер оны топ, белдемше ретінде киіп жүрді. Ішкиім тренді мұнда, ұзын сөздің қысқасы, «лағып кетті».




Dior кринолиндері
Мария Антуанетта стиліндегі рейвке біз Мария Грация Кьюри ұсынған қысқартылған кринолиндерді киіп баратын едік. Коллекция Вирджиния Вульфтің «Орландо» романынан шабыт ала отырып әзірленген. Романның сюжеті бойынша ер бала кенет бойжеткен болып оянады. Гендерге деген XVIII ғасыр призмасы арқылы өткен көзқарас тартымды көрінеді. Ирония.




Stella McCartney патриархатқа «жол жоқ» дейді
Топтама 1980-ші жылдарға тән еркекшора силуэттерге толы. Киімдердің иығы кең, ышқыры тарылтылған, макбук салынған сөмке. Себебі әйелдер жұмыс істейді. Алайда бұл Power Dressing аясында күтпеген жерден кабаре образы – жылтыр боди шыға келеді. Стелланың бұған берер жауабы қарапайым: From laptop to lap dance (ағылшын тілінен «ноутбуктен жеке биге дейін» деп аударуға болады), яғни әйел адамның қолынан бәрі келеді. Fun Fact: офистік костюм киген модельдердің көрсетілімінде сондай-ақ пилонда шыр айналған ер полдэнсер болды.




Acne Studios пимасы
Жақында Париж әлеміне пима келді. Дизайнерлер Сібірден шабыт алды десеңіз, қателесесіз. Олар Bjork-тың 1993 жылғы Human Behaviour видеосын қайталап көрді. Кей образдар шын мәнінде «жылы» болып шықты. Үлпілдек флис боди мен аю принті салынған көйлектер – russian-winter-core.




Хайдер Аккерманн ұсынған Tom Ford сексуалды базасы
Paris darling атағына ие Хайдер Аккерманн былтыр Tom Ford-тың креативті директоры қызметіне келіп, елді бір қуантқан болатын. Олардың сенімі ақталды – минималистік коллекцияға Том Фордтың фирмалық сексуалдығы дарыды. «Сіздерді пәлендей еліктіріп әкетпеген шығармын», – деді аса сымбатты Хайдер сахнаның артында. Еліктіргенде қандай!




Үздік Undercover x Champion коллаборациясы
Джун Такахаси референс ретінде өзінің 2004 жылғы Патти Смитке арнаған топтамасын ала келіпті. Бізге ұнағаны – Джунның жайлылыққа деген көзқарасы. Оны, мысалы, гүл және басқа да қызық детальдар жапсырылған Champion спорттық костюмдері мен шұлықпен киген қайықша туфлиінің үйлесімінен байқауға болады. Тап-таза Париж стилі.




Cecilie Bahnsen-ның Gorpcore балеринасы
Сесиль Бансен сол бойы есеймей (қалайша?), жоқ жерден функционалдық іздеуді доғармайтын секілді. Тіпті The North Face және Asics сынды брендтермен құрған коллаборациялары да қолайсыз көрінеді. Алайда бізге Маттерхорн шыңының «кішкентай ханшайымдарының» киімдері ұнай береді.





Chloé тері қылқаламы
Биылғы қыс жаңа трендпен келмек: Chloé тері қылқаламы тері жамылғыларды, сөмкелерді әрлеу үшін қолданылып, жалпы көз алдымыздан кетпей қоятын сияқты. Шілтері мен нәзік силуэттерден құрылған Бохо стиліндегі коллекцияның өзі «жаңа әйел болмысын» зерттеген көрінеді. Мұның нені меңзегенін кім білсін, әйтеуір есте қалғаны – осы тері қылқалам.




