Style|Fashion

Алматыдағы Saks Fifth Avenue дүкенінің тағдыры белгілі болды

Автор Tatler Kazakhstan
16.01.2026
Instagram/amirzhanovaigul
IMAGE Instagram/amirzhanovaigul
Viled басшысы Айгүл Әміржанова ресми мәлімдеме жасады

Esentai Mall сауда орталығының сәніне айналған Saks Fifth Avenue мультибрендтік дүкені жабылмай, өз жұмысын әдеттегідей жалғастыратын болады. Бұл туралы Viled компаниясын басқарып отырған Айгүл Әміржанова Instagram желісіндегі жеке парақшасында мәлімдеп, көпшілік көкейіндегі сауалға нүкте қойды. Мұндай мәлімдеме американдық Saks Global холдингінің қаржылық реструктуризациялау процесін бастағаны туралы халықаралық БАҚ-та тараған ақпараттан кейін жасалып отыр.

Әміржанова ханым қазақстандық дүкеннің жаһандық деңгейде орын алып жатқан құбылыстарға ешқандай тәуелді емес екенін ерекше атап өтті:

«Қалыптасқан бұл жағдай Алматыдағы Saks Fifth Avenue қызметіне еш әсер етпейді. Біздің нарықтағы берік позициямыз көпжылдық кәсіби тәжірибеге, әлемдік брендтермен тікелей жасалған келісімшарттарға және дербес операциялық модельге негізделген», – деп түйіндеді ол.

Жиырма жылдан астам уақыт бойы сән нарығының тізгінін ұстап келе жатқан Viled компаниясы тауар ассортиментін, логистикалық тізбекті және клиенттермен байланыс стратегиясын өз бетінше басқара отырып, Esentai Mall-дағы дүкеннің жұмысын күн сайын сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін штаттық режимде қамтамасыз ете бермек.

Еске сала кетейік, люкс желілерін басқаратын Saks Global Enterprises 2026 жылдың қаңтар айының ортасында банкроттыққа өтінім берген болатын. Бұл шешім 2024 жылы Neiman Marcus желісін сатып алудан кейін пайда болған орасан зор қарыздарға байланысты қабылданған еді. Аталған жағдай бас директордың қызметінен кетуіне және реструктуризация үшін қосымша инвестиция тарту қажеттілігіне әкеп соқтырған көрінеді.

Айта кетерлігі, Айгүл Әміржанова өткен жылдың қазан айында The Business of Fashion нұсқасы бойынша жаһандық сән индустриясына ықпал етіп отырған ең беделді тұлғалардың BoF 500 тізіміне енген болатын. Оның жетекшілігімен Viled Group Қазақстан мен Орталық Азиядағы люкс-ретейл саласының көшбасшы операторына айналып, Gucci, Dolce & Gabbana, Valentino, Saint Laurent, Celine, Cartier, Tiffany & Co. сияқты әлемдік алпауыттардың портфолиосын сәтті дамытып келеді. Желтоқсан айында Әміржанова ханым «Стиль» номинациясы бойынша Tatler Impact Awards сыйлығының лауреаты атанған еді.