Style|Fashion

56 жастағы Дженнифер Лопестің талғамсыз «жалаңаш» көйлегі және «Алтын глобус – 2026» салтанатындағы өзге де сәтсіз образдар

Автор Tatler Kazakhstan
12.01.2026
Дженнифер Лопес | Жеке мұрағаты
IMAGE Дженнифер Лопес | Жеке мұрағаты
Калифорниядағы Beverly Hilton қонақүйінде «Алтын глобус – 2026» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Кештің шымылдығы, қалыптасқан дәстүр бойынша, жұлдыздардың қызыл кілем үстіндегі шеруімен ашылды. Десе де, бұл жолы мінсіз бейнелермен қатар, көрермендер мен сән сыншыларының түсінбеушілігін тудырып, қызу талқыға түскен киім үлгілері де аз болған жоқ

Өзінің мінсіз дене сымбатымен жұртты тамсандырудан жалықпайтын 56 жастағы Дженнифер Лопес бұл жолы сырт келбетін ерекшелеуге тым қатты күш салған секілді. Ол салтанатты кешке дизайнер Стефан Роллан жасап шығарған Jean-Louis Scherrer брендінің винтажды көйлегін киіп келді. Биік жағалы, қоңыр түсті гүлді элементтермен көмкерілген бұл «жалаңаш» көйлектің етегі үлпілдек тюльден тігілген «су перісі» үлгісіне ұласады. Алайда, мөлдір мата мен тым әсіреленген тюльдің үйлесімі бейнені ауырлатып жібергендей әсер қалдырып, көпшіліктің көңілінен шыға қоймады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Алтын глобус – 2026» кешінің ең сәнді 21 бейнесі

Лейтон Мистер бұл кеште «Никто этого не хочет» жобасындағы рөлі үшін «Комедиялық сериалдағы үздік актер» номинациясына ие болған жары Адам Бродидің қасынан табылды. Бірақ Адам Бродидің бұл жолы бағы жанбай, Лейтонның да таңдаған бейнесі сәтсіз таңдаудың құрбаны болды: ол иығы ашық Miu Miu көйлегін кигенімен, оның кеуде тұсындағы сары түсті мата көйлектің нәзік кестесінен назарды басқа жаққа аударып жіберген. Егер көйлектің ойығы негізгі матамен бірдей түсте болғанда, Мистердің бейнесі қызыл кілемдегі ең үздік образдардың біріне айналар еді.

«Белый лотос» сериалындағы рөлі үшін «Екінші пландағы үздік актриса» номинациясына ұсынылған Паркер Поузи де қызу талқының ортасында қалды. Оның бұл салтанатты рәсімге өзін «талғамсыз сәннің құрбаны» етіп жіберген Rodarte көйлегін неліктен таңдағаны әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.