Style|Fashion

2026 жылы әрбір қалыңдықтың армандаған көйлегі

АвторыTatler Kazakhstan
09.04.2026
American Love Story сериалынан көрініс | IMDb
IMAGE American Love Story сериалынан көрініс | IMDb
Кэролин Бессеттің культтік неке образы American Love Story сериалының арқасында қайтадан танымалдықтың шыңына шықты

1996-жылдың 21-қыркүйегінде кіші Джон Ф. Кеннедимен өткен үйлену тойына Кэролин інжу түстес, сусылдаған жібектен тігілген комбинация-көйлек киіп шыққан болатын. Көпшілік Бессетт өзі жұмыс істеп жүрген Calvin Klein брендін таңдайды деп күткенімен, ол өзінің жақын досы әрі сол кездегі Cerruti сән үйінің креативті директоры Нарсисо Родригеске қолқа салды. Осы бір қадам америкалық дизайнерді бір күннің ішінде әлемге танымал етті, ал келесі жылы ол өзінің жеке брендін іске қосты.

Бұл көйлек 1990-жылдардағы ең танымал қалыңдық киімдерінің бірі болып қана қоймай, неке сәніндегі трендтерді түбегейлі өзгертті. Кэролиннің арқасында сән әлемінде етегі мол, ауыр көйлектерді ысырып, олардың орнын минималистік силуэттер басты. Содан бері дерлік әрбір неке сән үйінде осы бір айтулы образдан шабыт алған кем дегенде бір үлгі табылады.

The Pinterest Annual Wedding Trends есебінің мәліметінше, өткен жылдың өзінде-ақ желідегі «1990s wedding dress» сұранысы 138-пайызға өскен. Ал 2026-жылы үйлену тойы маусымының басталуымен қалыңдықтар арасында қарапайым атлас комбинация-көйлектерге деген қызығушылық тіпті арта түсті. Бұған сән әлеміне айтарлықтай ықпал етіп үлгерген American Love Story сериалы түрткі болғаны анық: мәселен, осы туындыдан кейін Calvin Klein брендіне деген қызығушылық күрт оянып, іздеу жүйелеріндегі сұраныс 347-пайызға ұлғайған.

American Love Story сериалынан көрініс | IMDb
IMAGE American Love Story сериалынан көрініс | IMDb

Бессетт-Кеннеди стиліндегі көйлектердің бұлайша танымал болуының бір себебі – олардың әмбебаптығы. Мұндай минималистік үлгілер қарапайым неке қию рәсіміне де, сондай-ақ black tie форматындағы салтанатты кештерге де бірдей жарасады. Оған қоса, қатты корсеті бар ауыр балл көйлектеріне қарағанда, мұндай жеңіл киіммен билеу әлдеқайда оңай әрі ыңғайлы.

Тағы бір себеп – бұл үлгінің уақытқа бағынбайтындығында. Қалыңдықтар сәннің қаншалықты құбылмалы екенін және трендтердің тез ескіретінін жақсы түсінеді, ал Кэролин Бессеттің көйлегінің тарихы арада 30-жыл өтсе де, бұл таза әрі мінсіз силуэттің әлі күнге дейін өз өзектілігін жоймағанын дәлелдеп отыр.

American Love Story сериалынан көрініс | IMDb
IMAGE American Love Story сериалынан көрініс | IMDb