Tatler Asia's Most Stylish тізіміне енген Mechanical Piano брендінің негізін қалаушысы Айгүл Қуандықова – стиль философиясы, киіммен қарым-қатынасы және бренд тарихы жайлы әңгімелейді
Mechanical Piano атты 20 жылдан астам тарихы бар қазақстандық брендтің негізін қалаушысы әрі дизайнері – Айгүл Қуандықова. Оның сәулеттік талғамы мен айбынды конструктивизмі оны белгиялық дизайнерлермен теңестіріп, отандық сән сахнасында ерекше орынға шығарды. Айгүл киімнің әлеммен тілдесу құралына айналып, тұлғаны қалай көрсететіні туралы Tatler-ге сыр шертті:

«Киім – бұл махаббат. Шынайы, терең, күрделі сезім. Мен оған ешқашан жай ғана дене жабатын зат немесе «әдемі көрінудің» құралы ретінде қарамадым. Ол менің жан досым, менің жанқияр жолдасым, менің екінші терім. Киім – үнемі жүріп жататын тілдесу. Егер бұл үндестік үзілсе, ең әдемі заттың өзі өз мәнін жоғалтады. Менің дизайнер ретіндегі міндетім – киім арқылы адамды жай ғана көзге түсіру емес, сонымен бірге киім арқылы әлемге бір ойды жеткізуіне жол ашу. Мен үшін адамдарды шабыттандыру, оларға визуалды, эмоционалды немесе өзге де ләззаттың қайнар көзі болу маңызды. Өйткені біздің осы бір тоқшылық заманымызда адамдардың бойынан шынайы реакция туғызу – өмірді оятқанмен тең. Стиль де дәл солай. Оның қарапайым әрі үйлесімді көрінуі үшін жылдар бойы тәжірибеден өтіп, іздену қажет. Бұл нан сияқты: қамырды жаныңмен сезінбесең, мінсіз нан пісіре алмайсың. Стиль – бірден дарымайды. Оны мың долларға да, бес мың долларға да сатып ала алмайсың. Стиль – ол сенің ішкі әлеміңнен өсіп шығатын болмыс».

