Tatler Asia's Most Stylish журналының Қазақстандағы алғашқы тізіміне елімізге танымал фэшн-фотограф Yan Ray (Аян Әнуар) енді. Біз оны сәнге деген көзқарасы мен киіммен қарым-қатынасы туралы сұрастырдық
Yan Ray (Аян Ануар) – Алматының басты сәнқойы, зайырлы кештердің көркі әрі қамқоршыл әке. Қаладағы ең стильді адам кім деп кез келгеннен сұрасаңыз, жұрт алдымен соның есімін атайды. Бір қызығы, бұл 10 жыл бұрын да солай еді, бүгін де бұл таңдауда оған тең келер ешкім жоқ.
Кезінде кәсіби фотографиямен айналысып, жеке модельдік агенттігінің негізін қалаған ол, кейіннен Сән апталығының жұмысына белсене араласты. Бірнеше жыл бойы достарымен бірге барлар ашып, сол жерлерді қаланың ең шулы әрі айтулы кештерінің ордасына айналдырды. Оның Lolita барын алматылықтар әлі күнге дейін ерекше сағынышпен еске алады.

Осы қарашада Yan Ray Tatler Asia's Most Stylish журналының Қазақстандағы алғашқы тізіміне еніп, басқа да кейіпкерлермен бірге сән мен киімнің өміріміздегі рөлі туралы ойларымен бөлісті.


«Менің киіммен қарым-қатынасым әрқашан ақылға емес, сезімге негізделген. Мен «бұл немен үйлеседі», «еркектің не әйелдің киімі ме», «гардеробымда қызғылт түс көп пе» деп бас қатырмаймын. Затты көремін, ұнатсам, аламын. Ал қалғаны өздігінен үйлесіп кете береді. Мен «мұны немен киемін» деп ойламаймын. Керісінше, бір-біріне мүлдем үйлеспейтін заттардың қалай кенеттен үйлесім табатыны маған әлдеқайда қызығырақ. Адамдар маған жиі «сенің өз стилің бар» деп айтады, бірақ мен оны ешқашан әдейі ойлап тапқан емеспін».

«Кезінде мені стилист ретінде жұмысқа шақырған. Сол кезде мен басқа біреуді киіндіре алмайтынымды ұқтым. Мен тек өзімді ғана сезінемін. Мен адамдардың қалай қысылатынын, өз болмысын көрсетуге қалай қорқатынын байқадым. Бұл киім туралы әңгіме емес, бұл – бостандық туралы. Адамдар өз келбетінде еркін болуды білмейді. Мен трендтердің соңынан қумаймын. Маған қазір не нәрсенің сәнде екені бәрібір, киімді арзан немесе қымбат деп бөлмеймін. Киім не менімен үндеседі, не үндеспейді. Болды».
