Rare Beauty Селена Гомес пен Деми Ловатоның қатысуымен Still Making Each Other Blush атты жарнамалық науқанын бастап кетті. Бұл түсірілімді бренд 50 доллар тұратын шектеулі Delena жинағының жарық көруіне орайластырған. Жинаққа көптің көңілінен шыққан Soft Pinch Liquid Blush сұйық еңліктері мен Soft Pinch Blush Brush жаққышы кіреді. Кадрда Гомес қызғылт-күлгін реңкті Hope еңлігімен жарқыраса, Ловато сарғыш-шабдалы түстес Virtue реңкін таңдапты.
Бұл сәттің неліктен осыншама маңызды әрі аты аңызға айналғанын түсінбегендер үшін тарихқа сәл шегініс жасайық: сонау 2009 жылы 16 жастағы Селена мен Деми Диснейдің Princess Protection Program комедиясына бірге түскен еді. Ол кезде қос құрбының YouTube желісінде ұлдар туралы және басқа да қызықты тақырыптарды қаузайтын The Demi and Selena Show атты жеке бағдарламасы да бар болатын. Rare Beauty кампейні сол бір тәтті шақты барынша еске салады: промовидео ескі шоудың форматын қайталаса, фотосуреттерде әншілер жоғарыда аталған фильмнің постеріндегі бейнелерін қайта жаңғыртқан. Оған қоса, бренд шектеулі топтаманы Delena деп атап, қос жұлдыздың жанкүйерлеріне де үлкен құрмет көрсеткен. Өйткені сол кездері жұрт екі құрбыны дәл осылай атайтын.


«Біз Селена екеуміз бір-бірімізді бала кезден танимыз, ортақ естеліктеріміз де жетерлік. Екеуміздің де өткенге деген сағынышымызды оятқан жобада қайтадан тізе қосу – біз үшін ерекше мәнге ие. Түсірілім алаңында өзімізді баяғыдай балалық шақтағы бөлмемізде отырып, YouTube-қа видео түсіріп, түрлі косметиканы байқап көріп жатқандай сезіндік».
Ал Селена Гомес болса: «Бұл науқанда бірге жұмыс істеп, өткен күндерімізді қуана еске алдық әрі бүгінгі жетістіктерімізді бағалауға керемет мүмкіндік таптық», — деп қосып өтті. Delena жинағы Rare Beauty сайтында қазірдің өзінде сатылымға шығып үлгерді.
