Style|Beauty

Сән мен сұлулықтың мінсіз үйлесімі: Николя Жескьер мен Пэт МакГрат Louis Vuitton-ның жаңа бьюти-топтамасын ұсынды

АвторыTatler Kazakhstan
10.08.2026
Louis Vuitton ресми сайты
IMAGE Louis Vuitton ресми сайты
Louis Vuitton өзінің La Beauté косметикалық желісінің тарихында үлкен жаңалық жасады. Көз бен ерінге арналған жаңа топтаманың қаптамасы алғаш рет брендтің аты аңызға айналған Monogram материалынан жасалып отыр

Әлемге әйгілі визажист Пэт МакГрат пен Louis Vuitton сән үйінің көркемдік жетекшісі Николя Жескьер күш біріктірді. Нәтижесінде – Louis Vuitton тарихындағы алғашқы бьюти-коллаборация дүниеге келді.

WWD басылымы жазғандай, бұл жобаның жөні бөлек. La Beauté Louis Vuitton косметикасы алғаш рет әйгілі Monogram стилінде қапталмақ. Жаңа топтама үшін арнайы екі түрлі дизайн дайындалды: қабақ бояулары Monogram Dune және Monogram Infrarouge өрнектерімен сәнделеді.

Louis Vuitton ресми сайты
IMAGE Louis Vuitton ресми сайты
Louis Vuitton ресми сайты
IMAGE Louis Vuitton ресми сайты

Бұл жоба құрғақ сызбалардан емес, шынайы сезімдерден туған. Пэт МакГраттың айтуынша, ол Николямен әйел табиғатының қос қыры жайлы көп ой бөліскен. Осы философия бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, бірақ көздің жауын алатын екі түрлі палеткаға айналды. Басты шабыт көзі – әйгілі Monogram дизайны және сән үйі биыл атап өтіп жатқан осы принттің 130 жылдық мерейтойы.

Сонымен, бізді екі бөлек әлем күтіп тұр.

Біріншісі – Monogram Dune. Ол шөл даладағы жарық пен түстің құбылуын бейнелейді. LV Ombres 724 Monogram Dune палеткасындағы жұмсақ беж бен жылы нюд реңктері кез келген образды табиғи әрі талғампаз ете түседі.

Louis Vuitton ресми сайты
IMAGE Louis Vuitton ресми сайты

Бұл қатарда тағы не бар?

  • LV Rouge 724 Monogram Dune Satin Lipstick – қызғылт-беж реңкті сатин далабы;
  • LV Baume 098 Stellar Veil Topper Lip Balm – голографиялық жарқылы бар ерін жылтырағы.
Louis Vuitton ресми сайты
IMAGE Louis Vuitton ресми сайты
Louis Vuitton ресми сайты
IMAGE Louis Vuitton ресми сайты

Егер Monogram Dune табиғи нәзіктікті паш етсе, топтаманың келесі бағыты – оған мүлдем қарама-қайшы Monogram Infrarouge әлемі. МакГрат оны «қара мен қызыл түстерді батыл үйлестіретін, ешкімнен қымсынбайтын контраст» деп сипаттайды. Бұл – өз ережесімен өмір сүретін, ешкімнің рұқсатынсыз-ақ жарқырап жүретін батыл әйелдердің таңдауы.

Топтаманың бұл бөлігі өте драмалық рухта жасалған. Оған мыналар кіреді:

  • LV Ombres 715 Monogram Infrarouge Eyeshadow Palette – төрт түсті қабақ бояуы;
  • Satin Lipstick – қызыл қарақат түстес сатин далабы;
  • LV Baume 099 Galactic Veil Topper Lip Balm – ғарыштық жарқылы бар ерін жылтырағы.

Косметикадан бөлек, арнайы шағын аксессуарлар желісі де шығады. Оның ішінде Monogram дизайнындағы далап қаптамалары мен шағын косметичкалар бар.

Топтама шектеулі таралыммен шығады. Жақсы жаңалық – палеткалар мен далаптардың ішіндегі бояуды таусылған соң жаңасына ауыстыруға болады. Бағасына келсек: палеткалар шамамен 340 доллар, ал далаптар мен бальзамдар 195 доллар төңірегінде болады.

Сатылым келесі дүйсенбіде Қытайда басталады. 20 тамызда брендтің онлайн-дүкеніне шықса, 27 тамыздан бастап әлемдегі барлық Louis Vuitton бутиктерінде қолжетімді болады.