Бұл туындылардың әрқайсысы қазақтың бай мәдениетімен, ұлттық болмысымен тығыз астасып жатыр. Онда ұлттық кинодағы арулардың бейнесінен бастап, кең даламыздың көркі болған қызғалдақтарға дейін көрініс тапқан. Мұнда ерін далабы қыздардың косметика қобдишасындағы қарапайым бұйым емес, суретшінің ішкі ойы мен сезімін жеткізетін нағыз өнер құралына айналған.
Әсел Кенжетаева өз картинасында кез келген қыздың балалық шағындағы тәтті естелікті бейнелеген. Ол – анасының косметикасын білдірмей алып, айна алдында ернін бояп тұрған кішкентай қыз. Суретші осы арқылы бойжету, нәзіктік және сұлулық арқылы өзін әлемге танытудың алғашқы қадамдарын көрсеткісі келген.

Қазақ поп-арты бағытындағы туындыларымен танымал Сәуле Дүйсенбина өз жұмысын ұлы даламыздың басты символына айналған қызғалдаққа арнады. Ол гүлдің бейнесін далаппен салып, оны Руми поэзиясынан шабыт алған нәзік каллиграфиялық жазулармен шебер үйлестірген.

Ал қазақстандық өнердің жаңа буын өкілі Дария Әшкен (Kokonja) әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкердің бейнесінен шабыттанып, киіз бетіне қазақ аруының қайталанбас портретін салып шықты.

«Золотое Яблоко» желісі үшін бұл жоба жай ғана ерін далабын жарнамалау емес. Басты мақсат – жергілікті өнер иелеріне қолдау көрсету және сұлулық ұғымын қалыптасқан тар шеңберден шығарып, оны косметика, мәдениет пен заманауи өнердің тоғысында мүлдем жаңа қырынан таныту.
