Style|Beauty

NecessaryGood: қазақстандық Әсел Қаппарованың «ақылды» косметика жасау құпиясы

АвторыTatler Kazakhstan
01.06.2026
Фотосуретші: Bella Del Rey
IMAGE Фотосуретші: Bella Del Rey
Әсел Қаппарова NecessaryGood брендінің атауын экономикадағы «бірінші кезекте қажет тауар» (necessity good) терминінен алған. Оның түсінігінше, тері күтімі де дәл осы санатқа жатады. Өйткені мұндай тауарды адамдар табыс көлеміне қарамай сатып алады: тым арзан немесе қолжетпес люкс болғаны үшін емес, шын мәнінде пайдалы болғаны үшін. Осылайша жаңа бренд дүниеге келді. Бұл марка он сатылы күрделі процедураларды бірнеше ғана сапалы өніммен алмастырып, агрессивті маркетингтің орнына формуланың тиімділігіне басымдық береді

Жалпы, жеке косметикалық бренд құру тарихы көбіне екі нәрседен басталады: не бұл салаға деген шексіз махаббат, не жеке бастың мәселесі. Безеу, терінің тым сезімталдығы, мінсіз кремді сарыла іздеу – бьюти-индустрияға қадам басқан кәсіпкерлердің дені осындай қиындықтарды өз басынан өткерген.

Фотосуретші: Bella Del Rey
IMAGE Фотосуретші: Bella Del Rey

NecessaryGood осыдан үш жыл бұрын кішігірім эксперимент ретінде іске қосылды. Бастапқыда үлкен бренд қалыптастыру мақсаты болған жоқ, Әсел тек индустрияның ішкі асүйін, тұтынушылардың қалауы мен сатып алу психологиясын зерттегісі келді. «Көптеген зерттеулер жүргізіп, қарапайым тұтынушылармен тілдестім. Сөйтіп, бір қызық заңдылықты байқадым: адамдардың сөзі мен ісі (яғни, біздің жағдайда – сатып алатын заты) көбіне бір-бірімен қабыса бермейді. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Лондонда өткен барлық кәсіби жиындарға қатысып, мамандармен таныстым, саланы жіті зерттедім. Өнімнің қалай жасалатынына, құрамына, жақсы формуланың қандай болуы керектігіне терең бойлай бастадым. Мамандығым химик болмаса да, қазір сапалы өнімнің қалай жасалатынын өте жақсы түсінемін», – дейді Әсел.

Фотосуретші: Bella Del Rey
IMAGE Фотосуретші: Bella Del Rey
Фотосуретші: Bella Del Rey
IMAGE Фотосуретші: Bella Del Rey

Оның көзқарасы бойынша, тері күтімі – әлдебір артықшылық немесе эстетикалық ермек емес, өзіңе деген қамқорлық пен базалық жайлылықтың көрінісі. Брендтің бүкіл философиясы да осыған негізделген: «Мен тері күтіміне нақты қызмет атқаратын функционалды дүние ретінде қараймын. Біз, әйелдер қауымы, жас ұлғайған сайын сұлулығымызды сақтап қалғымыз келеді, бірақ ол үшін сағаттап айна алдында отырып, он түрлі жақпамайды кезек-кезек жағу міндетті емес. Мен өз өнімдерімізді «ақылды» деп атаймын, сондықтан саны көп, сапасы жоқ банкаларды көбейткім келмейді. Әрине, бизнес тұрғысынан бір адамға бір емес, он құты сатқан тиімдірек шығар, бірақ бұл менің ұстанымыма қайшы. Бір ғана сапалы өнім көптеген мәселенің түйінін тарқата алады. Екі жүзге жуық адамның арасында сауалнама жүргізгенімде, оларға дайын жауапты ұсынбай, жалпы ойлау жүйесін түсінуге тырыстым. Сонда байқағаным – көпшілік косметиканың қалай жұмыс істейтінін, құрамындағы ингредиенттердің не үшін қажет екенін мүлдем білмейді. Қазір бьюти-индустрияда айқай-шу көп: күн сайын жаңа тренд, жаңа компонент, жаңа «must-have» пайда болып жатады. Алайда олардың басым бөлігінің тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Мәселен, PDRN (полидезоксирибонуклеотидтер) компонентін алайық. Егер оны инъекция арқылы енгізсе – нәтижесі керемет. Мұндай тәсіл зақымдалған теріні қалпына келтіруге шынымен де көмектесуі мүмкін. Бірақ оны кремнің құрамына қосқанда, тиімділігіне күмәнмен қараймын. Немесе маркетологтар жер-көкке сыйдырмай мақтайтын коллагенді алайық: ол терінің терең қабаттарына өте алмайды, соған қарамастан адамдар оның құдіретіне сенуді жалғастырып келеді. Біздің тұтынушы – он түрлі құтымен әуре болуға уақыты жоқ, мансабы мен отбасын қатар алып жүрген, өмірлік тәжірибесі бар 30-дан асқан әйел. Оған ең алдымен жылдам әрі нақты нәтиже керек».

Фотосуретші: Bella Del Rey
IMAGE Фотосуретші: Bella Del Rey

Әсел «терісі мінсіз кәсіпкер» бейнесінен саналы түрде алшақ жүреді. Ол да көпшілік сияқты кофе ішкенді жақсы көреді, аз ұйықтайды, тығыз кестемен өмір сүреді және түрлі кремдер мен процедуралардың талайын өз басынан өткергенін жасырмайды. Өнім жасауға деген қиялға емес, прагматикалық есепке құрылған көзқарасы да осыдан қалыптасса керек.

Қазіргі таңда NecessaryGood қоржынында екі өнім бар: ылғалдандыратын крем және күннен қорғайтын құрал. Күнделікті қолдануға арналған жеңіл текстуралы The Overachiever кремі бірден төрт мәселені шешеді: ылғалдандырады, теріні ағартады, қорғаныш тосқауылын қатайтады және антиоксиданттық қорғаныс береді. Құрамындағы тұрақты С витамині липосомаларға қамалғандықтан, теріге терең еніп, оны тітіркендірмей жұмсақ ағартады. Ал керамидтер (NP, AP, EOP), холестерол және фитосфингозин кешені терінің табиғи құрылымын қайталайтын толыққанды липидтік жүйе түзіп, оның қорғаныш функцияларын күшейте түседі.

Фотосуретші: Grace Salisbury
IMAGE Фотосуретші: Grace Salisbury
Фотосуретші: Grace Salisbury
IMAGE Фотосуретші: Grace Salisbury

Құрамындағы ниацинамид терінің өңін тегістеп, оны тыныштандырса, екі түрлі гиалурон қышқылы лезде ылғал беріп, оны ұзақ уақыт бойы ұстап тұруға көмектеседі. Топтамадағы екінші өнім – Second Skin күннен қорғайтын кремі. Оның атауының өзі басты ерекшелігін айқындап тұр. Жаққаннан кейін бір минут өтер-өтпестен бетіңізде SPF бар екенін мүлдем ұмытып кетесіз: ешқандай ақ дақ, жабысқақ сезім немесе ауырлық қалдырмайды. Формуласы заманауи фототұрақты химиялық сүзгілерге негізделген және төрт түрлі гиалурон қышқылымен байытылған. Осының арқасында ол күшті қорғаныс беріп қана қоймай, жеке ылғалдандырғыш ретінде де тамаша жұмыс істейді. Лезде сіңетін бұл өнім тіпті сезімтал теріге де жағады, көзді ашытпайды және макияждың астына мінсіз жатады. Шын мәнінде, Second Skin – жоғары қорғаныс пен жайлылықтың арасында таңдау жасауды қажет етпейтін жаңа буынның SPF өнімі.

Фотосуретші: Bella Del Rey
IMAGE Фотосуретші: Bella Del Rey
Фотосуретші: Grace Salisbury
IMAGE Фотосуретші: Grace Salisbury

Әрбір өнімді жасап шығаруға айлар, кейде тіпті жылдар кетеді. Әсел өнімнің формуласы мен текстурасынан бастап, терідегі шынайы сезіміне дейін өзінің көңілінен толық шықпайынша, оны нарыққа шығаруға асықпайды. Брендтің алғашқы екі өнімі де сондықтан өте ұзақ әзірленді. Ол үшін косметиканың әдемі қаптамасы немесе сәнге айналуы емес, шынайы функционалдылығы мен тиімділігі маңызды. Оның пікірінше, кез келген бьюти-өнім нақты жұмыс істегенде ғана құндылыққа ие болады. NecessaryGood желісіндегі қазіргі екі құрал – заманауи бьюти-рутинаның базалық минимумы. Ал екеуі біріккенде, бренд философиясының алтын қазығына айналған «ақылды күтім» жүйесін құрайды.

Фотосуретші: Bella Del Rey
IMAGE Фотосуретші: Bella Del Rey

Брендтің алдағы жоспарында гидрофильді май, ерінге арналған бальзам, теріні тазартатын опа және ретиналь қосылған құрал шығару бар. «Тіпті қарапайым ерін бальзамының өзінде текстурасынан бастап құрамы мен формуласының қалай жұмыс істейтініне дейін бәрі маңызды. Қаптаманың сыртына «пептидтер» немесе «гиалурон» деп жаза салу жеткіліксіз. Қазір біз гидрофильді май тері тесігін бітеп тастамауы үшін оны жіті тестілеуден өткізіп жатырмыз. Құрамына барынша жеңіл, яғни комедогендік қасиеті мүлдем жоқ майларды ғана іріктеп алудамыз. Сонымен қатар тазартқыш опамен де жеке жұмыс істеудеміз. Маған мұндай форматты Корея мен Жапонияда қалай жасайтыны қатты ұнайды. Оларда тазарту процесіне деген көзқарас мүлдем бөлек: агрессивті пилинг аз, есесіне терінің қорғаныш қабатына деген қамқорлық басым», – деп бөлісті Әсел. Бұл жаңа өнімдердің қашан жарық көретіні әзірге белгісіз. Бір анығы – Әсел формуланың мінсіздігіне көз жеткізіп, тестілеу нәтижелеріне толық көңілі толған кезде ғана олар сатылымға шығады.