Жаздың ыстығында теріні қорғаудың басты қағидалары
Жаз мезгілі – көңілді серуендеп, күнге қыздырынып, демалыстың рахатын көретін уақыт. Бірақ осындай кезде біздің бет теріміз жаздың ыстығы, қаланың шаң-тозаңы және ультракүлгін сәулелер сияқты көптеген сыртқы әсерлерге төтеп беруіне тура келеді. Теріңіздің жазда жарқырап, бірақ майланып жылтырамауы үшін не істеу керек? Осы сұраққа жауап ретінде визажист Захар Гринов шынымен нәтиже беретін 5 қарапайым ережемен бөлісті.
Бірінші ереже: Теріні мұқият тазалау
Жазғы күтімнің негізі – теріні дұрыс тазалай білу. Себебі жазда терімізге ыстық, тер, шаң мен қала смогы араласқан тұтас «гүлшоғыр» қонады. Бұл жерде бәріне ортақ кеңес жоқ, сондықтан тазартқыш құралды теріңіздің ерекшелігіне қарай таңдау қажет. Мысалы, сезімтал теріге бейтарап рН деңгейі бар жұмсақ құралдар сай келсе, құрғақ тері гиалурон қышқылы мен майларға бай өнімдер арқылы терең ылғалдандыруды қажет етеді. Ал майлы немесе безеуге бейім терідегі себумды реттеу үшін арнайы сығындылар мен қышқылдар көмектеседі. Орта жастан асқан терінің серпімділігін сақтау үшін құрамында ұлу муцині мен коллагені бар көбіктерді қолданған абзал. Ең бастысы, бетті екі кезеңмен жууды әдетке айналдырыңыз, яғни алдымен макияжды сүртіп, содан кейін ғана тазартқыш көбікті пайдаланыңыз.




Екінші ереже: Теріні ылғалдандыру
Жаздың ыстығында тері ылғалды тез жоғалтады, сондықтан оны үнемі ылғалдандырып отыру – басты шарт. Күтімді теріні сергітіп, тыныштандыратын және келесі қадамдарға дайындайтын тонерден бастаған жөн. Одан кейін теріні ауырлатпайтын жеңіл крем жағу керек. Ал таңертең «демалыстан жаңа оралғандай» балғын болып ояну үшін, ұйықтар алдында мата маскаларын немесе нәрлендіретін түнгі кремдерді пайдалануды ұмытпаңыз.




Үшінші ереже: Бетке арналған балғындық
Күн барысында бет терісі қосымша ылғал мен балғындыққа зәру болады. Бұл кезде сізге мисттер мен спрейлер көмекке келеді. Оны бір-екі рет сепкеннен кейін-ақ ыстықтан қалжыраған бетіңіз рақаттанып дем алғандай күй кешеді. Олардың құрамындағы мұздық және термалды су, табиғи сығындылар мен майлар теріні тыныштандырып, ылғалдандырады және күннің зиянды әсерінен қорғайды.



Төртінші ереже: Күн сәулесінен қорғанудың маңызы
SPF – тек жағажайға арналған құрал емес, оны күнделікті тұрғыда қолдану қажет. Сондықтан, тіпті дүкенге шығарда да оны жағуды ұмытпаған жөн. Оның басты міндеті – теріні фотоқартаюдан, пигментті дақтардан және күнге күюден сақтау. Ол үшін құрамында SPF 30+ және PA+++ белгілері бар формулаларды таңдау маңызды, өйткені олар теріні UVA және UVB сәулелерінен сенімді қорғайды. Майлы теріге жеңіл флюидтер жарасса, құрғақ теріге жайлы финиші бар, нәрлендіретін текстуралар жақсы келеді. Ең бастысы, егер белсенді қозғалыста немесе күн астында көп уақыт өткізсеңіз, қорғанысты әр екі-үш сағат сайын жаңартып отырыңыз.



Бесінші ереже: Нәзік аймақтарға ерекше көңіл бөлу
Беттегі ең нәзік аймақ саналатын ерін ерекше күтімді талап етеді. Жаздың күні мен желі оны тез құрғатып жіберетіндіктен, бальзам немесе гигиеналық далап үнемі жаныңызда жүруі тиіс. Тереңірек күтім үшін түнгі маскалардың пайдасы зор. Көз айналасы да осындай қамқорлықты қажет етеді. Адамның шаршағаны мен ұйқысы қанбағаны ең алдымен осы аймақтағы ісіну мен қара дақтардан білінеді. Бұл мәселелерді шешуге арналған сарысулар, кремдер және гидрогельді патчтар көзқарасыңызға балғындық сыйлайды.


