Америкалық дизайнер Марк Джейкобс өзінің Marc Jacobs Beauty косметикалық маркасын қайта іске қосатынын мәлімдеді. Бұл жобаға серіктес ретінде Coty Inc. таңдалды. Аталмыш компания осыған дейін де брендтің парфюмериясын (соның ішінде әйгілі Daisy топтамасын) өндірумен айналысып келген еді.
Негізі, бұл брендтің бьюти-индустриядағы алғашқы қадамы емес. Осыған дейін Kendo Brands компаниясымен бірлесіп шығарған косметика желісі 2013-2021 жылдар аралығында сатылымда болған болатын. Алайда Джейкобс жаңа жобаны ескінің жалғасы емес, мүлдем басқа тұжырымдама деп атап отыр. Оның басты идеясы – «минимализм дәуіріндегі максимализм манифесі». Яғни, жаңа косметика батылдық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға арналған.
Алғашқы топтама жеті түрлі өнімнен тұрады. Оның ішінде 21 түрлі реңктегі Drawn This Way көз контуры, жұлдыз пішінді Born Star қабақ бояуы, сондай-ақ бронзер, еңлік, хайлайтер, опа және далаптар бар. Бағалары 26-42 доллар төңірегінде болмақ. 28 мамырда онлайн сатылым басталса, күзде жаңа өнімдер дүкен сөрелеріне жол тартады.
Айта кетерлігі, жаңа өнімдер қалың көпшілікке бұған дейін-ақ таныстырылып үлгерді: жақында ғана өткен Met Gala кешінде актриса Рэйчел Сеннотт дәл осы Марк Джейкобстың жаңа косметикасымен жарқырап шықты.
