Жаңа парфюм топтамасының басты идеясы – Intrecciato Duo тұжырымдамасы. Ол Bottega Veneta брендінің өзіндік қолтаңбасына айналған былғары өру тәсілін (итальян тілінен аударғанда «интреччато» – «өрілген» деген мағына береді) еске салады.


Бұл топтамадағы әрбір парфюм Италияның төл өнімін әлемнің басқа түкпірінен табылған ерекше қоспамен біріктіріп, ғажап контраст пен көпқабатты үйлесім тудырады. Мәселен, Balliamo парфюмінде италиялық ақ інжір америкалық самырсынмен үндессе, Crepuscolo – fior di sale теңіз тұзы мен оңтүстіказиялық уд ағашының қарама-қайшылығын көрсетеді. Ал Always Now италиялық насыбайгүл аккордын мадагаскарлық бурбон ванилімен шебер тоғыстырған.


Бренд өкілдері атап өткендей, әрбір композицияны иіскеп тұрып, түрлі мәдениеттер мен мекендерді аралап, саяхатқа шыққандай күй кешесіз. Хош иістер бірден емес, біртіндеп ашылып, уақыт өте келе мінезін құбылтады. Осылайша парфюмерлер қарама-қайшы дүниелердің қалай әдемі үйлесетінін дәлелдей түскендей.
Дизайнерлер құтылардың сыртқы пішінін де назардан тыс қалдырмапты. Парфюмді қайта өңделген шыныдан жасалған биік құтыларға құйған. Оның сыртын бедерлі Intrecciato өрнегі безендіріп тұр. Ал ағаш қақпақ пен алтын сақина бұл дизайнды мінсіз етіп толықтырады. Айтпақшы, шеберлер бұл бөлшектерді жасау барысында Венецияның бай сәулет мұрасынан шабыт алған екен.


Жалпы Alta топтамасы он түрлі хош иістен тұрады. Оларды көлемі 100 миллилитр құтыда немесе саяхатқа алып жүруге ыңғайлы ықшам форматта сатып алуға болады.
