Жақында өткен Tatler Beauty and Health арнайы шығарылымының тұсаукесері аясында ұйымдастырылған паблик-ток жай ғана ресми талқылау емес, көпшілікті мазалаған сауалдарға жауап іздеген емен-жарқын, ашық сұхбатқа ұласты. Жиын барысында шақырылған сарапшылар – Longevity клиникасының негізін қалаушы Валерия Лазарева, эндокринолог әрі гормоналды баланс маманы Камила Бурбаева және ГЕРОФАРМ компаниясы бас директорының орынбасары Марина Рыкова wellness-индустрияның жаңа бағыттарын талқылап, ескірген мифтерді жоққа шығара отырып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша, олар «өзіңе күтім жасау» тақырыбын күрделі терминдерсіз, әркімге түсінікті тілмен жеткізді. Назарларыңызға кештің өзегіне айналған басты бес трендті ұсынамыз.



1. Сұлулық – денсаулықтың айнасы
Tatler-дің бас редакторы Анар Кукиева атап өткендей: «Бүгінде beauty ұғымы жеке-дара өмір сүрмейді, ол wellness, сапалы ұйқы, спорт, гормондар және жан тыныштығымен тығыз байланысты».

Шынында да, көпшілік қарапайым ақиқатты түсіне бастағандай: түні бойғы тыныш ұйқы мен қалыпты кортизол деңгейі ең қымбат хайлайтерден артық әсер етіп, жүзіңізге табиғи нұр (glow) сыйлайды. Ал қазіргі тілмен айтқанда «бет-әлпетті ретке келтіру» дегеніміз, кейде косметологқа емес, психотерапевт қабылдауына жазылуды білдіреді.
2. Ұзақ өмір сүру – жаңа люкс
Пандемия кезінде салаға қомақты инвестиция құйылған шақта қарқын алған «ұзақ өмір сүру» (longevity) тренді бүгінде өз биігінде тұр. Wellness-аудиторияның 40%-ын құрайтын миллениалдар мен Z буыны үшін ұзақ өмір сүру қамы – Netflix-ке жазылу сияқты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне және үйреншікті дағдыға айналып үлгерді. Денсаулыққа қаражат бөлуді олар қаржылық сауаттылықтың жаңа түрі деп қабылдайды: болашақтағы жұмысқа қабілеттілікті жоспарлау зейнетақы жинаумен бірдей маңызды қадам саналады. Бұл уақытша сән емес, болашақта тек күшейе түсетін тұрақты бағыт екені даусыз.

3. Агрессивті биохакингтің орнына – қарапайым қағидалар
Есіңізде болса, 2010 жылдардағы биохакинг түрлі қоспалар мен дәрумендерді уыстап ішуді, қатаң диеталарды, апта сайынғы «бәріне ем» болатын дәрі қабылдауды және мұзды ванналарды дәріптейтін экстремалды спортты еске салатын. Алайда, кәсіби биохакер болмасаңыз, сізге «мінсіз хаттама» емес, іссапарлар мен дедлайндарға, бала тәрбиесі мен кәдімгі адами шаршауға төтеп бере алатын, шынайы өмірге бейімделген жүйе қажет.
Сондықтан қазір бұл үрдіс саябырсып, біз қайтадан негізгі қағидаларға оралудамыз. Ұйқы мен тамақтануды реттеп, күйзелісті басқаруды үйреніп, физикалық белсенділік пен «ұзақ» дофаминге мән бере бастадық. Жапондардың таңертең ұйқыдан тұруға себеп болатын күшті сипаттайтын «икигай» философиясы мен профилактикалық медицина да алдыңғы қатарға шықты.
«Бұл іш пыстырарлық естілуі мүмкін, бірақ нағыз биохакинг дегеніміз – осы, – дейді Валерия Лазарева. – Қанша жерден қоспа ішсеңіз де, егер салауатты өмір салты мен қарапайым тәртіп ұстамасаңыз, ешқандай пептид көмектеспейді».


4. Health-tracking: шектен шықпай бақылау
Бір кездері бәріміз қолға Whoop немесе Oura тағып алып, көрсеткіштермен жарысқанымыз рас. Бұрын жұмысбастылықпен мақтансақ, кейін түндегі 8 сағаттық ұйқымызды тағы бір KPI-ға айналдырып, сонымен мақтанатын болдық. Уақыт өте келе түсінік өзгерді: шамадан тыс бақылаудың түбі үрейге (Health-tracking anxiety) әкелетіні белгілі болды. Бұл – адам өз денсаулығы үшін емес, трекердің не көрсететіні үшін уайымдайтын кезең.
Қазір біз девайстарды саналы түрде қолдануды үйреніп, деректерге деген көзқарасты өзгертіп жатырмыз. Сандық көрсеткіштер – бұл баға емес, жай ғана кеңесші. Гаджетке ғана сүйену сәннен қалып барады. Адамдар сақинаның белгісін күтпей-ақ, қайтадан өз денесін сезінуді, түйсікке құлақ асуды үйренуде.

5. Anti-age емес, Better aging
Better aging тренді қалыптасқан түсінікті өзгертті: ендігі мақсат – кәрілікпен күресу немесе жай ғана ұзақ жасау емес, денсаулықты сақтай отырып, мүмкіндігінше сапалы өмір сүру. Бұрын сыбырлап қана айтылатын менопауза, арықтау, тамақтанудың бұзылуы (РПП), либидо тақырыптары қазір кез келген wellness-әңгіменің ашық талқыланатын өзегіне айналды.
Осы орайда эндокринолог Камила Бурбаева ойландыратын статистикамен бөлісті: Қазақстандағы ересек тұрғындардың 60%-ы артық салмақтан, ал әрбір үшінші адам семіздіктен зардап шегеді екен. Маманның айтуынша, бұған созылмалы ауру ретінде қарап, дәрілік терапиядан қашпаған жөн.
Кештің тағы бір спикері Марина Рыкова семаглутидті қолдану туралы жеке тәжірибесімен бөлісе отырып, маңызды жайтты ескертті: инъекциялар адамның ерік-жігерін алмастыра алмайды. Олар тек қолдау қажет кезде уақытша тынығуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, спортпен шұғылданбай және дұрыс әдеттерді қалыптастырмай, бұл жерде де ұзақ мерзімді нәтижеге жету мүмкін емес.
