Парфюмерия отаны саналатын Францияның Грас өңірінде таң ерекше атады: алтын арайға бөленген жасмин алқаптарын қалың тұман бүркеп тұрады. Бірақ таңғы ылғалды салқындық ұзаққа созылмайды: сәлден соң күн сәулесі жерді қыздырып, жүздеген кішкентай ақ гүлдер өздерінің нәзік, қаймақ тәрізді жұпар иісін шаша бастайды. Мен алқап ортасында тұрып, бастарына жалпақ қалпақ киген әйелдердің гүлдерді еппен әрі ұқыпты жинап, себеттерге салып жатқанын қызыға бақылап тұрмын. Олардың әр минуты санаулы, себебі жиналған жасминді күн қызбай тұрып, яғни түске дейін өлшеп, фабрикаға жеткізу қажет. Әйтпесе гүл өз қасиетін жоғалтады.

Chanel 1987 жылдан бері осы өңірде бес ұрпақ бойы гүл өсірумен айналысып келе жатқан Мюль әулетімен серіктес. Екі тарап бірлесе отырып, егін егуден бастап бағалы сығынды алуға дейінгі әр кезең таңғаларлық дәлдікпен қадағаланатын бірегей жүйе құрды. Бұл жай ғана шикізат тасымалдау емес, нағыз «тірі мұра» деуге болады: май раушанының, Грас жасминінің, қазтамақ, тубероза және құртқашаштың сирек сұрыптары тек Chanel үшін ғана арнайы өсіріледі. Ал алқап іргесінде жаңа жиналған гүлдерді болашақ парфюмдердің негізі – абсолюттерге айналдыратын зауыт жұмыс істеп тұр.
Біз Chanel-дің парфюмерлік келешегін айқындайтын тұлға – Оливье Польжбен дәл осы жерде жүздестік. Ол қарапайым ғана киінген, жылы жымиып, көзінде сәл ғана ойнақы ұшқын бар қалпы ортамызға келді. «Кейде әке мамандығын таңдау арқылы қиялымның таяздығын көрсеттім бе деп әзілдеймін», – дейді ол күліп. Аты аңызға айналған парфюмер Жак Польждің ұлы әкесінен тек фамилиясын ғана емес, хош иісті әуендей ести білу қабілетін де мұраға алған.
Оның айтуынша, бала кезінде парфюмер болуды мүлде армандамаған екен. Парижде тұрып, 20 жасқа дейін өнертану мамандығын оқыған. «Күндерім кітапханалар мен музейлерде өтетін, бірақ бір күні қолөнерге, яғни затты өз қолыммен жасауға деген құштарлығымның бар екенін түсіндім», – деп еске алады Оливье. Әкесінің зертханасында өткен бір жазғы іс-тәжірибе бәрін түбегейлі өзгертті: университет артта қалып, оның орнын Грас алқаптары, күрделі формулалар мен сиқырлы хош иістер басты.

«Әкем маған ешқашан осы мамандықты таңдауды міндеттеген емес. Керісінше, парфюмерияны оқығым келетінін алғаш айтқанымда: «Абай бол, ұлым. Қателікке бой алдырма», – деп әкелік қамқорлықпен ескерткен еді», – дейді Польж.
Алайда бұл қателік болмады. Грастағы оқу мен IFF компаниясындағы табысты мансабынан соң, Оливье 2015 жылы Chanel сән үйінің тарихындағы төртінші парфюмер атанды. Компанияға келген соң, 2016 жылы ол аңызға айналған Chanel № 5-тің өз нұсқасын – Nº 5 L’Еau парфюмін жасап шығарды. Онда цитрус жемістерінің лебі мен гүлдердің таза жұпары үйлесім тапқан.
– Әкеңіз, ал одан бұрын ұлы парфюмер Эрнест Бо жазған тарихты бұзбай, өз мәнеріңе сай жалғастыру қандай сезім? Жауапкершіліктің салмағы иығыңызға батпай ма? «Жоқ, – деп иығын қиқаң ғана еткізіп, жайбарақат жауап береді Оливье. – Өз-өзіме менен асқан қатал сыншы жоқ. Әр жолы жұмысты аяқтағанда: «Бұл қаншалықты табысты болар екен?» деп іштей күдіктенетінім рас. Бірақ мен уайымды оңай ұмытатын адаммын. Түнде қанша қиналып жатсам да, таңертең бәрі ұмытылып, жаңа адам болып оянамын».

Оливье Польж еркіндік пен мұра жайлы нық сөйлейді. Ол сөзіне дәлел ретінде Les Exclusifs топтамасындағы Le Lion хош иісін мысалға келтірді: «Бұл дәл мен ойлағандай болып шыққан жұпар иіс еді». Дегенмен, оның айтуынша, шығармашылықта еркіндік бар деп мұраны ұмытуға болмайды – оны жалғастыру керек, бірақ сол қалпында көшіріп алмау қажет. Әрбір жаңа парфюм бұрынғылармен үндесіп тұруы тиіс.
Ал Chanel-ді Chanel ететін не? «Ингредиенттер емес, көңіл-күй мен жан. Парфюмерияда моно-иістер (бір ғана гүлдің иісі) болады, бірақ бізде «Chanel-дің жеке раушаны» немесе «Chanel-дің жасмині» деген жекелеген ұғым жоқ. Біздің хош иістер – әрқашан абстракция, күрделі құрылым, жұмбақ әлем. Сол себепті оларды жеке ноталарға бөліп қарау мүмкін емес». Парфюмер мұны суретшінің бояудың мың құбылған реңкін көре білетін қасиетіндей етіп жеткізеді.
Оның талғамының қалыптасуына балалық шақ естеліктері де өз ізін қалдырған. Оливье Парижде өссе де, жазды Францияның оңтүстігінде, ата-әжесінің үйінде өткізетін. «Лаванда, жебіршөп және күн сүйген тастардың иісі – менің есімде қалған алғашқы иістер осылар шығар. Бірақ табиғат – мінсіз суретші, оның туындысын айнытпай қайталау мүмкін емес. Табиғат химиядан әлдеқайда керемет», – дейді парфюмер.


Ал парфюмериядағы трендтер тақырыбына келсек, Польж оған философиялық көзқараспен қарайды: «Мен басқа сән үйлерінің не шығарып жатқанын үнемі бақылап отырамын. Мәселен, мен жұмысты енді бастаған 90-жылдары акватикалық, яғни теңіз самалының иісі бар парфюмдер сәнде еді. Ол кезде олар ультразаманауи болып көрінетін, ал қазірде тек сол дәуірдің белгісі ретінде қабылданады. Уақыт рухын сезіну керек, бірақ оған тәуелді болып қалмаған жөн».
Уақыт демекші, бір хош иісті жасауға шамамен үш жыл кететінін айта кеткен жөн. Бұл процеске идея мен формуладан бастап парфюмді тіркеу процесі, құтының дизайны мен логистика кезеңдері кіреді. Парфюмнің өзін жасау процесі жарты жыл немесе бір жылға созылуы мүмкін, ал қалған шаруа уақыт пен жүйелілікті талап етеді. «Маркетинг бөлімі маған нұсқау бермейді, – деп баса айтты Польж. – Бірақ бізде ортақ жол картасы бар, сондықтан жасалған өнім мен оның жалпы идеясы өзара сәйкес келуі тиіс».
Жұмыс барысы соншалықты жүйелі әрі күрделі болғанымен, Оливье Польж өз ісі туралы әрдайым жеңіл, әсерлі әңгімелейді. «Элеганттылық, байлық, жұмбақ – біз жасайтын хош иістердің бойындағы мен сүйетін қасиеттер осылар. Егер адамдар осы тылсымды сезінсе, демек мен бәрін дұрыс істедім деген сөз».
