Special|Tatler Homes

Жаңа шынайылық: 2026 жылғы интерьер дизайнының негізгі бағыттары қандай болмақ?

Автор Марина Аничкина
24.12.2025
Фотосуретші: Сергей Красюк
IMAGE Фотосуретші: Сергей Красюк
Дизайнер Элина Мусақұлова өз-өзіңді тыңдау, жаңаны байқап көру өнері жайында және 2026 жылы басты бағыттың өзі кез келген қасаң қағидадан бас тарту екенін баяндайды

Интерьердегі жаңалықтар жайында сөз қозғалғанда, мәселе көбіне «ұнайды - ұнамайды» деген таяз түсінік төңірегінде өрбиді. Алайда сәулет академиясында білім алып, ұзақ жыл осы саланы бақылаған маман ретінде айтарым – бұл өте тар түсінік. Әрине, сән үрдістері маңызды, бірақ олар кеңістікпен тұтаспаса, ешқандай мәнге ие емес. Ең басты сауал – белгілі бір трендті қолданған кезде сол ортаның жаны қаншалықты сақталады? Ол жерде тіршілік нышаны мен шынайылық қала ма, әлде үйіңіз сырты жылтыр, бірақ суық әрі сезімсіз пластик қабыққа айналып шыға келе ме? Соны саралап көрейік.

Кез келген кеңістіктің асыл мұраты – адамды өзіне баурап, жібермей ұстап тұруында жатыр. Босағадан аттағанда, ең алдымен, еркін тыныстап, сол жерде ұзақ болғың келетіндей, рахаттанып оянғың келетіндей ерекше күй кешуің керек. Осыдан кейін ғана жұмыс істеуге, шығармашылықпен айналысуға деген құлшыныс оянады. Мұндай мекенді қалыптастыру үшін көптеген элементтерді бір арнаға тоғыстыру қажет: бірі оқулықтан алынса, екіншісі өмірден көріп түйгенің, ал үшіншісі ішкі түйсіктен туған дүние болуы шарт.

Фотосуретші: Сергей Красюк
IMAGE Фотосуретші: Сергей Красюк

Осы орайда «Жанға жайлы болу үшін тек сән соңынан еру жеткілікті ме?» деген сұрақ туындайды. Меніңше, бұл көңіл көншітпейді. Трендтегі интерьерлер ыңғайлы болуы мүмкін, бірақ бұл бірден үйіңізге құт пен береке орнайды деген сөз емес. Шын мәніндегі үйлесім талғам мен мәдениеттің, тәжірибе мен әдеттің нәзік астасуынан туындайды. Дәл осы жерде «ішкі тренд» атты ең қызықты кезең басталады. Мәселен, мен үшін жайлылықтың белгісі – жылы әрі жұмсақ жарық. Мен уақыттың ізі қалған винтаж бұйымдар мен биік төбелі ескі үйлердің рухын, қабырғадағы сылақ өрнектері мен көне мозаикаларды жаныма жақын тартамын. Бұған қоса, дат функционализмін, қалың кітаптар топтамасын және артық затсыз еркін тыныстауды құп көремін. Әрине, мұның бәрі заманауи техникамен, атап айтқанда жылы едендер мен ақылды үй жүйесімен толықтырылуы тиіс. Бұл таңдаудың бәрі сәнге емес, менің ішкі болмысыма қызмет етеді. Әр адамның мұндай жеке қалауы әртүрлі болары сөзсіз.

Фотосуретші: Сергей Красюк
IMAGE Фотосуретші: Сергей Красюк

Ой-өрісімнің бағытын айқындау үшін мен Алматыдағы танымал интерьер бюроларының бірі – sdelaemremont.kz сайтының креативті директоры Элина Мусақұловамен тілдестім. Элинаның командасы тек көзтартарлық дизайн жасап қана қоймай, сонымен бірге халықаралық AD және Vogue Living басылымдарының назарына іліккен ең қолайлы жоспарлау шешімдерінің шеберіне айналды.

Элина трендтердің рөлін былайша түсіндіреді: «Жаңа бағыттар – бұл бұлжымас қағида емес, керісінше, тәжірибе жасауға берілген мүмкіндік. Оларды жоққа шығаруды мен өрескелдік немесе менмендік деп санар едім. Кез келген жаңашылдықты өз бойыңа шақтап көру қажет. Мәселен, мен жас кезімде алғаш рет угги аяқ киімін көргенде, оны өте ұсқынсыз деп ойлағанмын. Бірақ киіп көргеннен кейін, оны шешкім келмей қалды. Жайлылық сезімі мендегі алдын ала қалыптасқан теріс пікірді жеңіп шықты. Бұл мысал интерьер саласына жатпаса да, мәні жағынан өте ұқсас. Ал интерьерде бәрі керісінше болды. Мен сұр түспен безендірілген жатын бөлмелер тренд болғанда, соған елітіп, өз бөлмемді солай жасап шықтым. Бастапқыда бәрі дұрыс сияқты көрінгенмен, уақыт өте келе ол жерде жаным жүдеп, өзімді жайсыз сезіне бастадым. Кейін картиналар мен ашық түсті перделерді, шығыс кілемі мен ерекше шамдалды қосқанда ғана бөлмеге жан бітіп, өзімнің құтты мекеніме айналғандай болды. Трендтерді соқыр сеніммен қабылдамай, оны илеп, өзіңе икемдеуің керек. Жаныңа жақынын қалдырып, жат дүниені өзгертуден қорықпаған жөн. Ең бастысы – өз ішкі даусыңа құлақ түру».

Дизайнерлер кейде өзгелердің жұмысына қараудан қашқақтайды, мұны «өз бірегейлігімнен айырады» деп түсінеді. Бірақ нағыз өзіндік қолтаңба оқшауланудан емес, көрген-білгеніңді қорытудан туады. Рик Рубин айтқандай: «Стиль – бұл сенің қолдан жасаған дүниең емес, бұл – сенімен бірге мәңгі қалатын қасиет». Санамыз түрлі түстерді, пішіндерді, оқыған кітаптарымыз бен көрген кеңістіктерімізді бейне бір ас секілді қорытады. Бір дүние жат болып көрінсе, екіншісі көңілге қонбаған соң жай ғана өте шығады, ал енді бірі жан дүниеңмен үндесіп, өз тіліңе айналады.

2026 жылдың негізгі бағыты да осыған саяды. Бүгінде тренд – визуалды штамптар жиынтығы емес, дизайнердің көпшілікке ортақ дүниені жеке адамның болмысына қаншалықты лайықтай алатынын көрсететін өлшем. Мәселе қатардан қалып қоюдан қорқып, ең қатты айтылып жатқан дүниені талғамсыз іліп алғанда басталады. Соның салдарынан бәрі бір-біріне ұқсас, жаны жоқ интерьерлер қаптап кетеді.

Фотосуретші: Сергей Красюк
IMAGE Фотосуретші: Сергей Красюк

«Интерьер әлеміндегі өзгерістер сән әлеміне қарағанда әлдеқайда баяу жүреді. Сондықтан бүгін көрген дүниеңіз ертең сәннен шығып қалады деп қорықпай, журналдардан шабыт алып, оны өз үйіңізге батыл енгізуге болады. Интерьердің басты мақсаты маусымдық жылтырақ емес, тұрақты жайлылық пен ләззат сыйлау екенін ұмытпаған жөн», – дейді Элина.

Қызықтысы, қазіргі бағыттар тек Еуропадағы ірі көрмелерде емес, цифрлық кеңістікте, нейрожелілерде, тіпті TikTok желісіндегі қарапайым жандардың асүйінде туындап жатыр. Трендтер енді бір жерде байланбайды: олар түрлі сипатқа ие болып, жанасу сезімі мен экологиялық тазалыққа, үй ішіндегі қозғалыс логикасына басымдық береді.

Элинаның пікірінше, 2026 жылға арналған жалғыз әрі бәріне ортақ трендті атау мүмкін емес. «Басылымдар әртүрлі бағыттарды ұсынып жатыр және бұл өте дұрыс. Біз бәріміз әртүрліміз, ендеше интерьерлеріміз де сол сан алуандықты көрсетуі тиіс. Материалдар мен жоспарлау түрлерінің араласуы әркімге өз еркіндігін сыйлайды. Нағыз ләззат – өз әлеміңді жасап, онда өзіңше өмір сүру», – деп түйіндеді ол.

Бүгінде трендтерден гөрі сезімдер, биологиялық сәйкестік, материалдардың шынайылығы және «үнсіз функционалдылық» әлдеқайда маңызды | Фотосуретші: Сергей Красюк
IMAGE Бүгінде трендтерден гөрі сезімдер, биологиялық сәйкестік, материалдардың шынайылығы және «үнсіз функционалдылық» әлдеқайда маңызды | Фотосуретші: Сергей Красюк

Бүгінде біз трендтерді сыртқы әсер ретінде қабылдаудан арылдық. Қазіргі уақытта сезім мөлдірлігі, материалдардың тазалығы мен жариялылықты қажет етпейтін жайлылық алдыңғы орынға шықты. Кез келген жаңа бағыт адамның ішкі әлемімен үйлескенде ғана мағыналы болады. Тіпті минимализмнің өзінде «бос кеңістік үшін жасалған бостық» дәуірі аяқталды. 2026 жылдың басты қағидасы – трендтің адамның болмысы мен контексіне қызмет етуі. Сондықтан ең тірі интерьерлер – Милан көрмесін қайталағандар емес, ішіндегі иесінің болмысын айнадай көрсеткен баспаналар. Өйткені жаныңа шуақ сыйлайтын кеңістік кез келген уақытша сәннен әлдеқайда жоғары тұрады.