Special|Tatler Homes

Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер

Автор Татьяна Олейник
23.12.2025
Қазіргі таңда әлем бойынша кемінде 658 арал сатуға шығарылған | Getty Images
IMAGE Қазіргі таңда әлем бойынша кемінде 658 арал сатуға шығарылған | Getty Images
Ауқатты Робинзонға айналудың жолы

Кейде адамдардан алыстап, елсіз аралға қоныстануды армандайтындар кездеседі. Көршілердің орнына теңіз тасбақаларымен тілдесіп, ешкімге жалтақтамай, толық еркіндікте өмір сүру – нағыз Робинзондардың арманы. Бақытымызға орай, бүгінде арал сатып алу қиын емес. Алайда, оны «тәуелсіз мемлекет» деп жариялайтын заман келмеске кеткен. Сондықтан жергілікті заңдар мен салық ережелеріне бағынуға тура келеді. Бірақ бір артықшылығы – арал толықтай сіздің жеке иелігіңіз болғандықтан, көптеген қоғамдық тәртіп ережелеріне бас ауыртпасаңыз да болады.

Джонни Депп, Памела Андерсон және Леонардо ди Каприо сияқты атақты жандардың жеке аралдары бар екені белгілі. Дегенмен, әлемдегі аралдардың басым бөлігін аса бай емес, қатардағы жеке тұлғалар иеленіп отыр. Көбіне мұндай мүлік ата-бабадан мұраға қалған немесе кезінде сәтті инвестиция ретінде сатып алынған. Бір қызығы, жеке аралдардың көбі иесіз бос тұр: қожайындары ол жаққа жылдар бойы ат ізін салмайды. Себебі аралды күтіп ұстау – өте қымбат шаруа. Көптеген иелер бұл мүлікті тек құнды инвестиция (себебі аралдардың бағасы жыл санап өсуде) ретінде ғана қарастырады.

Private Islands Inс дерегінше, қазір нарықта ауданы бір сотықтан бастап бірнеше мың гектарға дейін жететін 658 арал сатылуда. Тағы мыңдаған аралды ұзақ мерзімді жалға алуға болады. Міне, солардың бірнешеуі:

Ко Каео, Таиланд

  • 55 гектар
  • $154 млн

Таиландта дәл қазір сатылымға шыққан ең ірі арал Пхукеттің іргесінде орналасқан. Тропикалық ну орманмен көмкерілген бұл аймақта өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалған: жеке айлақ, бірнеше шаруашылық құрылысы, тұщы су көздері мен электр генераторлары бар. Тіпті елсіз арал болса да, мұнда мобильді байланыс үзілмейді.

Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер

Long Coco Caye, Белиз

  • 18 гектар
  • $75 млн

Сақина тәрізді ерекше пішінді бұл арал пальма бақтарымен және терең сулы, кеме жүруге қолайлы шығанағымен баурайды. Мұнда яхталар еркін кіре алатын арнайы өткел қарастырылған. Аралдың инфрақұрылымы дайын: алты коттедж, қызметкерлерге арналған екі үй, қайық тоқтайтын екі айлақ жұмыс істеп тұр. Энергия көзі ретінде күн электр станциясы мен дизельді генератор орнатылған, сонымен қатар септиктер, құдықтар мен су сақтайтын цистерналардың тұтас жүйесі бар.

Isla de Puercos, Панама

  • 95 гектар
  • $11 млн

Табиғаты қол тимеген күйінде сақталған таулы арал. Мұнда ешқандай құрылыс жүргізілмеген, тек табиғи шығанақтар мен аппақ жағажайлар ғана бар. Исла-де-Пуеркос Панама астанасынан алыс емес және адам көп қоныстанған ірі Исла-дель-Рей аралынан небәрі екі шақырым жерде орналасқан.

Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер

Royal Island, Багам аралдары

  • 174 гектар
  • $45 млн

Бұл аралда дайын бизнес – жұмыс істеп тұрған бутик-отель бар. Оның құрамына бес вилла, бассейн, SPA-кабинеттері мен жаттығу залы бар қонақтарды қарсы алу орталығы, мейрамхана, бар және қосымша қонақ үйі кіреді. Болашақта мұнда 100 яхтаны еркін сыйдыратын үлкен айлақ пен гольф алаңын салуға ресми рұқсат алынған (бұл аймақта жабайы табиғатты игеру үшін мұндай рұқсат алу өте қиын). Аралдың батыс бөлігіне іргелес жатқан тағы бір шағын аралды $17 млн-ға қосымша сатып алуға болады.

Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер
Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер
Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер

Ngerechur Island, Палау

  • 24 гектар
  • $22,2 млн

Тынық мұхитындағы Палау мемлекетінде аралды жекеменшікке иеленуге тыйым салынған, сондықтан мұнда 99 жылға жалға алу туралы сөз болып отыр. Нгеречур («күлекеш» деген мағынада) аралының үшінші бөлігі жалға беріледі, ол қалған аумақтан құмды қайраң арқылы бөлінген. Мұнда вилла мен кеме жүзетін каналға дейін 200 метрге созылған тас пирс салынған. Арал сумен, жарықпен, интернетпен (Wi-Fi) және кәріз жүйесімен толық жабдықталған.

Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер

Isle a Quatre, Сент-Винсент және Гренадиндер

  • 152 гектар
  • $54 млн

Кариб теңізіндегі субтропикалық өсімдіктермен көмкерілген белесті арал. Ол толықтай елсіз, бірақ көршілес аралдарда заманауи қонақүйлер мен дамыған инфрақұрылым бар. Аралдың басты артықшылығы – табиғи жағажайлары мен терең сулы шығанақтары.

Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер

Janoyoy Island, Филиппин

  • 1,5 гектар
  • $5,6 млн

Жүрек пішінді бұл кішкентай арал Филиппин астанасы Маниладан 800 шақырым жерде орналасқан. Аралды құрлықтан шағын таяздық бөліп тұр, су қайтқан кезде ол жер ашылып қалатыны сонша – құрлыққа жаяу баруға болады.

Еркіндіктің құны: жеке арал сатып алудың қыр-сыры және құқықтық шектеулер

Isla Florentica, Чили

  • 289 гектар
  • $440 мың

Нағыз жабайы табиғатты қалайтындар үшін таптырмас мекен. Чонос архипелагының оңтүстігінде орналасқан бұл аймақта ауа райы қатал, жазда да 20°C-тан жоғары көтерілмейді. Мұнда ешқандай инфрақұрылым жоқ, есесіне аралда тюленьдердің жатақтары мен теңіз құстарының базары бар.

Арал сатып аларда неге назар аудару керек?

Еркін кіру құқығы

Ұлыбритания мен Бразилия сияқты елдердің заңы бойынша, жеке аралдар халықтың еркін серуендеуіне ашық аумақ саналады. Сондықтан иесі бөгде адамдардың келуіне тыйым сала алмайды. Тіпті аралды қоршап тастасаңыз да, жағалау сызығы бәріне ортақ болып қалуы тиіс.

Су астына кету қаупі

Жанартау белсенді аймақтарда кішігірім аралдар пайда болып, кейін су астына қайта сүңгуі әбден мүмкін. Мысалы, Сицилия маңындағы Фердинандея аралы соңғы 200 жылда бес рет су астына кеткен. Климаттың өзгеруі бұл қауіпті үдете түсуде.

Сирек кездесетін жануарлар

Егер аралдан жойылып бара жатқан аң немесе өсімдік түрі табылса, билік сізге ол жерге құрылыс жүргізбек түгілі, аяқ басуға да тыйым салуы мүмкін.

Ықтиярхат

Арал иесі болу сізге автоматты түрде сол елде тұруға рұқсат бермейді. Ықтиярхат алу үшін жалпы тәртіп бойынша құжат өткізуге тура келеді.

Су мәселесі

Аралдағы ең үлкен түйткіл – ауыз су. Жарық пен интернетті күн панельдері мен спутник арқылы шешуге болса, шөлейтті аралға тұщы су тасу өте қиын әрі қымбатқа түседі.