Special|Tatler Homes

Болашақ қаласы: Эмин Агаларовпен Sea Breeze курорты туралы сұхбат

Автор Николай Усков
22.12.2025
Caspian Dream Liner апарт-қонақүйі ашық теңізде жүзіп бара жатқан алып лайнер бейнесінде салынған | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Caspian Dream Liner апарт-қонақүйі ашық теңізде жүзіп бара жатқан алып лайнер бейнесінде салынған | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Эмин Агаларов әлемдегі ең ірі жеке девелоперлік жобаны сенімді түрде жүзеге асырып жатыр. Баку іргесіндегі шағын курорттық кент ретінде басталған бұл бастама біртіндеп гольф-карлар мен шексіз жағажайлары бар заманауи жаңа қалаға айналуда. Николай Усков Эмин Агаларовтан бұл ауқымды істің қалай басталғанын сұрап білді

Sea Breeze идеясы қалай туындады??

Бұл мекеннің тарихына аз-кем тоқтала кетсем. Бала кезімде және одан кейінгі жылдары Бакуге жиі келіп, жазғы демалысымды Нардаран кентіндегі саяжайымызда өткізетінмін. Бір кездері бұл балықшылар тұратын, халқы бірбеткейлеу кент еді. Тұрғындардың негізгі кәсібі – бекіре мен қара уылдырық аулау, яғни браконьерлік болатын. Жергілікті жұрт сырттан келгендерді жатырқай қабылдайтын, бірақ әкем (ірі кәсіпкер Араз Агаларов – Tatler) 1984 жылы осы жерден саяжай салғандықтан, бізді «өз адамындай» көретін. Осыдан жиырма жыл бұрын, әкемнің Мәскеу түбіндегі Agalarov Estate жобасын (гольф алаңының айналасына салынған зәулім виллалар кешені – Tatler) бақылап жүріп, осы жерге назар аудара бастадым. Әкемнің жетістігін Әзербайжанда қайталай алатыныма сендім. Сөйтіп, 15-30 сотықтан тұратын кішкене жер телімдерін сатып ала бастадым. Ол кезде ешкімде дұрыс құжат болмайтын, бәрі «бұл ата-бабамның жері, сонымен келіс» дейтін.

Эмин Агаларов | Фотосуретші: Томик Панахзаде; продюсер: Дария Вавакина; стилист: Ирина Свистушкина; груминг: Сева Зейналова; фотосуретші көмекшісі: Алексей Крапивко
IMAGE Эмин Агаларов | Фотосуретші: Томик Панахзаде; продюсер: Дария Вавакина; стилист: Ирина Свистушкина; груминг: Сева Зейналова; фотосуретші көмекшісі: Алексей Крапивко

Нәтижесінде 850-ге жуық телімді сатып алып, оларды біртұтас жер банкіне біріктірдім де, алғашқы 20-30 үйді салдым. Бірақ ештеңе сатылмады. Бір-екі үй ғана өтті, болды. Сол кезде инфрақұрылымсыз бұл жобаның болашағы жоқ екенін түсіндім. Алғашқы спорт кешенін, жабық бассейнді, сауна мен моншаны, шағын дәмхананы сала бастадым. Осы аралықта маңайда метро құрылысшыларының қираған пансионаты сатылымға шықты. Ауданы 5-6 мың шаршы метр. Сол тұста бұл аймақтағы жалғыз көпқабатты ғимарат еді, себебі екі қабаттан биік үй салуға тыйым салынған болатын. Мен сонда шағын қонақүй аштым, бірақ ол тек жазда ғана толатындықтан, тағы да шығынға баттым. Жобаның алдағы тағдыры не болары мүлдем белгісіз еді.

Sea Breeze аумағындағы Halfmoon Island жасанды аралы | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Sea Breeze аумағындағы Halfmoon Island жасанды аралы | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Осы кентті ұстап тұруға ақша таусыла бастағанда, қонақүйде тұрып жатқан таныстарым мен достарым өздеріне жеке пәтер ретінде бір қабатты сатып алуды өтінді. Үстіңгі үш қабатты өте жақсы бағаға сатқаным есімде. Сол сәтте маған ой келді: теңіз жағасында міндетті түрде күтіп ұстауды қажет ететін саяжай болуы шарт емес екен, адамдарға көппәтерлі кешендер керек.

The Grand жобасы курорттық демалыстың барлық үздік тұстарын бойына жинаған | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE The Grand жобасы курорттық демалыстың барлық үздік тұстарын бойына жинаған | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Сегіз қабатқа дейін үй салуға рұқсат алу үшін тағы бес-алты жыл кетті. Міне, Sea Breeze-дің алғашқы нақты дамуы сол кезде басталды. Әр ғимаратта 100-150 пәтер болған сайын тұрғындар көбейіп, бірінші қабаттарда дәріханалар, дүкендер, шарап бутиктері мен сұлулық салондары ашыла бастады. Алғашқы несиеге алған қаражатымды инфрақұрылымға жұмсадым. Мектеп, балабақша, балаларға арналған өнер орталығын салдым, жағажай бойындағы жолдарды реттеп, киім ауыстыратын орындар, фудкорттар, ойын алаңдарын, аквапарк пен луна-паркті тұрғыздым. Қаланың өзінде жағажай жоқтың қасы, ал менде 20 шақырымдық жағалау сызығы бар, оның жеті шақырымы толықтай жабдықталған. Құрылыс нысандарын теңізден 400 метр қашықтыққа шегердік, бұл барлық адамның жағажай мен бульвар аумағын еркін пайдалануы үшін жасалды. Нәтижесінде алып саябақ пайда болды. Тек жағажайдың өзіне 5 миллионға жуық ағаш ектік: пальмалар, олеандрлер, агавалар. Жалпы аумақта 11 миллионнан астам өсімдік бар, олардың көбі Испаниядан әкелінген. Біз Chapman Taylor, Scott Browning, Killa Design, Сергей Чобун сияқты әлемге әйгілі сәулетшілерді тарттық. Мықты сәулетші жоба жасағанда инвестиция тарту оңайырақ, өйткені оның артында үлкен тарих пен мифология тұрады. Біз жай ғана пәтер емес, эмоция мен жаңа өмір салтын сатамыз.

Sea Breeze бич-клубы аумағындағы үш ашық бассейннің бірі | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Sea Breeze бич-клубы аумағындағы үш ашық бассейннің бірі | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Сауда серпіні қалай?

Биыл біз шамамен 7 мың пәтер сатамыз. Өткен жылы 3 600, оның алдындағы жылы 1 500, одан бұрын 800 пәтер өткен еді. Сауданың өсімі өте жоғары.

Сатып алушылар кімдер?

82 пайызы – жергілікті тұрғындар. 13 пайызы – Ресейден, 5 пайызы – Қазақстан, Өзбекстан, Израиль және басқа елдер. Германиядан, Канада мен АҚШ-тан келген отандастарымыз да бар. Sea Breeze Баку тұрғындары үшін де, шетелдіктер үшін де ыңғайлы. Үлкен қала мен әуежай өте жақын. Жаңа жолмен Бакуге дейін бар болғаны 22 шақырым, бұл 25-30 минуттық жол. Sea Breeze 30 миллион шаршы метрге жоспарланған. Іс жүзінде бұл 500 мың адам тұратын жаңа қала болады. Сондықтан мен кеңсе орталықтарын, Dolce & Gabbana, Prada, Chanel сияқты премиум брендтерге арналған fashion mall салып жатырмын. Ресторандар кластерін дамытудамыз, мәселен, Nobu мейрамханасымен келісімшартқа отырып қойдық. Еуропадағы ең үлкен казиноны тұрғызып жатырмыз және сол жерге барлық халықаралық покер турнирлерін әкелуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – маусымдық шектеулерді жою. Бір ғана покер турниріне 5-6 мың адам келеді.

Келесі үлкен идея – Formula 1 жарысын Бакуден Sea Breeze-ге көшіру. Қазір Tilke Engineering (Formula 1 трассаларының басты жобалаушысы – Tatler) компаниясымен бірге жаңа трассаны жобалап жатырмыз. Мен Tilke-ге олар бас тарта алмайтын ұсыныс жасадым. Әлемдегі Formula 1 трассалардың көбі қала ішінде болғандықтан, олар белгілі бір шектеулермен салынған.

Nikki Beach – тек өзіне тән ақ түсті декорымен ерекшеленетін жағажай клубы | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Nikki Beach – тек өзіне тән ақ түсті декорымен ерекшеленетін жағажай клубы | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Lighthouse премиум санаттағы тұрғын үй кешені | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Lighthouse премиум санаттағы тұрғын үй кешені | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Мен алдымен трассаны жобалап, содан кейін оның айналасына ғимараттар салуды, сондай-ақ барлық жолдарды екі еселеуді ұсындым. Бұл бізге трассаны жыл бойы мотоцикл жарыстары мен олдтаймер-ралли үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Маусымдық кедергіні жеңудің тағы бір жолы – медициналық кластер құру. Біз әлемдік деңгейдегі клиникалар үшін 30-40 гектар жер бөлдік. Сонымен қатар, Экономика министрлігімен Sea Breeze-ді жеңілдетілген салық режимі бар еркін экономикалық аймаққа айналдыру туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл IT және AI мамандарын тартуға көмектеседі. Қысқасы, біз жаңа идеялар мен мағыналарға толы қала тұрғызып жатырмыз. Сіз келесіз, көлігіңізді жерасты тұрағына қоясыз да, гольф-карға мініп, ғажайып саяхатқа аттанасыз: бұл – әлемдегі ең көңілді, экологиялық таза, қауіпсіз, жасыл және тұрақты дамитын жаңа қала! Менің амбициям осындай.

Сіздің жасанды аралдар салып жатқаныңызды білемін...

Алғашқы аралдар салынып бітті, бір жылдан кейін ауданы 50 гектар болатын үшінші аралды аяқтаймыз. Онда Radisson Blu, Hilton, JW Marriott қонақүйлері мен резиденциялары, бәлкім, тағы бір казино ашылады. Ал Formula 1 трассасын келесі 200 гектарлық аралда жобалап жатырмыз, ол от жалыны тәріздес болады, аты – Fire Island.

Салынған инвестиция көлемі және алдағы жоспар қандай?

Әзірге шамамен 5 миллиард доллар салынды, тағы сондай сома жоспарлануда. Біз 3 миллион шаршы метр ғимарат тұрғызып үлгердік, ал жалпы жоба 30 миллион шаршы метрге жоспарланған. Яғни, жалпы құны 80-100 миллиард долларды құрайды.

Бұл несиеге алынған қаражат па?

Көбіне сатылым есебінен жүзеге асырылуда, сонымен қатар жеке инвесторлар мен қорларды тартамыз. Несиені тек cash flow (яғни, құрылыстың үздіксіз жүруіне қажетті жедел ақша ағыны) жетіспеген кезде ғана аламын. Ірі девелоперлер бізге серіктестік негізде келеді. Мен мастер-девелопер ретінде бәрінің жоғары деңгейде жасалуын бақылаймын.

Palazzo Del Mare – Каспий жағалауындағы шуақты итальяндық квартал | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Palazzo Del Mare – Каспий жағалауындағы шуақты итальяндық квартал | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Sea Breeze жобасын Өзбекстан мен Қазақстанда дамыту жоспарда бар ма?

Мен үшін Sea Breeze – лего сияқты жинап, әлемнің кез келген нүктесінде жүзеге асыруға болатын жоба. Қазір үш бренд жасадық: су жағасындағының бәрі – Sea Breeze, таудағысы – Sky Breeze, қаладағысы – City Breeze. Әзербайжандағы Шахдаг тауларында тау шаңғысы курортын саламыз. Тағы бір тау жобасы Черногорияда болады. Өзбекстанда Ташкенттен 75 шақырым жердегі Шарвақ су қоймасында 570 гектарлық жоба Министрлер Кабинетімен мақұлданды. Басқа елдерде де жоспарлар бар, бірақ әзірге жария ете алмаймын, жұмыс істеп жатырмыз.

Бұл жобамен жұмыс істеуге сізді не шабыттандырды?

Әлемде мұндай ештеңе жоқ. Мен өзіме ұнайтын дүниелерді біріктірдім. Майамидегі Fisher Island ұнайды. Дубайдағы Jumeirah Al Naseem, Al Qasr, Almansa-ның кейбір тұстарына қызығамын. Италиядағы Форте-дей-Мармиді жақсы көремін, онда теңіз жағасында велосипед теуіп, кешкісін жағажай павильондары тамаша мейрамханаларға айналады.

Мұның бәрін қашан аяқтауды жоспарлап отырсыз?

Нақты бір аяқталу мерзімі жоқ. Мен бұған Дубай сияқты қараймын – онда соңғы нүкте деген болмайды. Әзірге бәрін үш кезеңге бөлдім. Алғашқы 700 гектарға қатысты жұмыстар 2029-2030 жылға дейін дайын болады. Қалғанын 2035 жылға дейін бітіруді жоспарлап отырмыз.

Бұл Әзербайжан үшін ірі жоба ма?

Тек Әзербайжан үшін ғана емес, бұл қазір әлемдегі ең үлкен жеке девелоперлік жоба. Тіпті Дубаймен салыстырғанның өзінде. Бір құрылыс салушының бір жерде 30 миллион шаршы метр үй тұрғызуы – бұрын-соңды болмаған тәжірибе.

Музыканы тастап кеткен жоқсыз ба?

Керісінше, қазір ғана «Авторадиодан» келе жатырмын. Әрине, Sea Breeze көп уақыт алады, музыкаға бөлінетін сағаттар азайды. Гастрольдік сапарларды аз қылдым, бірақ музыкасыз өмір сүре алмаймын. Концертте өзіңді нық сезіну үшін жақсы көрінуің керек, дайындық пен репетиция қажет. Өзім де, көрермендерім де рахат алуы тиіс. Қазіргі қарбалас жұмыс ырғағында бұл оңай емес.

Балаларыңыз туралы айтып беріңізші.

Екі некеден төрт балам бар. Лейламен (Әлиева – Tatler) екі ұлымыз бар, олар егіз, 17 жаста, және 11 жасар қызымыз бар. Алёнамен (Гаврилова – Tatler) жеті жасар қызымыз бар. Балалар әлемнің әр түкпірінде. Ұлдарымды Еуропаға оқуға жібердім. Үлкен қызым Әмина Әзербайжанда өзім салған мектепте оқиды. Кенжесі Афина анасымен бірге Мәскеуде, менің қасымда тұрады. Мен үнемі ұшып жүремін. Ұлдарым ержетіп қалды.

Олар сіздің атқарып жатқан істеріңізге қалай қарайды?

Олар менің елшілерім әрі күш-қуатым десем болады. Маған қиын соққанда көмектесуге тырысады. Али мен Мика болашақта бұл жобамен өздері айналысқанын қалайтынымды түсінеді. Алдыңғы жазда екеуі де менің сату кеңсесімде тағылымдамадан өтіп, ақша табуға талпынды. Биыл екеуі де Sea Breeze-де менің тікелей қатысуымсыз өз нысандарын ашты! Серіктестер мен инвесторлар тауып, бірі Mytcha дәмханасын, екіншісі бургерхана ашты. Бір маусымның ішінде пайдаға шықты.