Special|Tatler Homes

Ақылды үй 2025-2026: ЖИ технологиялары, трендтер және қауіпсіздік мәселелері

Автор Анара Кукиева
24.12.2025
Ақылды үйлер бізге барынша жайлылық пен қауіпсіздікті уәде етіп қана қоймай, сол сенімді іс-жүзінде де ақтап келеді | Getty Images
IMAGE Ақылды үйлер бізге барынша жайлылық пен қауіпсіздікті уәде етіп қана қоймай, сол сенімді іс-жүзінде де ақтап келеді | Getty Images
Бүгінгі таңда ақылды баспаналар күнделікті тұрмыс-салттың мүлде жаңа үлгісін ұсынып, жылжымайтын мүлік нарығын танымастай өзгерте бастады. Десе де, бұл бетбұрыстың шегі қайда және қабырғаларға «тіл біткен», бәрі автоматтандырылған мұндай әлемде адам баласына қандай орын қалмақ?

Үй ұғымы төрт қабырға мен төбеден тұратын қарапайым баспана аясынан әлдеқашан шығып кетті. 2025 жылға қарай ақылды үйлер таңсық дүние болудан қалып, нарықтың бағыт-бағдарын айқындайтын негізгі күшке айналды. Жасанды интеллектінің қарыштап дамуы мен автоматтандыру үдерісі адамның өмір сүру салтын ғана емес, оның қоршаған кеңістікпен қарым-қатынасын да түбегейлі жаңғыртты. Қуат үнемдейтін жүйелер мен дауыс арқылы басқарылатын құрылғылар үйді тек «ыңғайлы» етіп қана қоймай, баспана туралы түсінікті жаңа биікке көтерді. Қазіргі таңда мұндай технологиялар тек дайын үйге орнатылатын қосымша жабдық емес, құрылыстың жобалау кезеңінде-ақ нысанның іргетасына қаланатын ажырамас бөлігіне айналған.

2025 жылғы үйдің «парасаты» неде?

Бүгінгі күннің ақылды үйі – жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өзара тығыз байланысқан құрылғылар мен автоматтандырылған жүйелер тоғысқан біртұтас кеңістік. Мұндай баспанада жарық пен температура, күзет пен ойын-сауық, тіпті асүй техникасы да бір арнаға тоғыстырылған. Осының бәрін смартфон, дауыстық көмекші немесе бірыңғай басқару орталығы арқылы еш қиындықсыз тізгіндеуге болады.

Нарықтағы сұраныс: технология – табыс кілті

Ақылды үйлерге деген сұраныс жылжымайтын мүлік нарығының басымдықтарын түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазіргі сатып алушы баспананың заманауи технологиялармен алдын-ала жабдықталып тұрғанын қалайды. Сатылғаннан кейін қосымша жөндеу жұмыстарымен бас қатыруға ешкімнің зауқы жоқ.

Салалық есептерге сүйенсек, «Smart» функциялары бар нысандар әдеттегі үйлерге қарағанда әлдеқайда жылдам әрі жоғары бағамен өтеді. Бүгінгі үй иелері тірлікті жеңілдететін шешімдерді жоғары бағалайды. Экологиялық жауапкершілікті сезінетін жандар шығынды азайтатын «жасыл» үйлерді таңдаса, қалғандары үшін үйді әлемнің кез-келген нүктесінен басқару мүмкіндігі маңызды. Девелоперлер үшін бұл технологиялар бәсекелестерден озып шығудың негізгі құралына айналды.

Fortune Business Insights деректеріне сүйенсек, әлемдік ақылды үйлер нарығы 2022 жылы 80 млрд долларға бағаланса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 338 млрд долларға дейін жетеді деп болжануда. Бұл серпіліс ақылды құрылғылардың үй құнын арттырудағы маңызын айқын көрсетеді. 2025 жылға қарай бұл сала бетбұрысты кезеңге аяқ басты: жаңа технологиялар автоматтандыру үдерісін бұрын-соңды болмағандай қолжетімді, түйсікті әрі қуатты ете түсті. Statista болжамынша, тек АҚШ-тың өзінде ақылды үйлердің саны 70 миллионға жуықтайды.

Кеңістікпен өзара әрекетке түсіп, оны басқаратын ақылды үйлер адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертуде | Getty Images
IMAGE Кеңістікпен өзара әрекетке түсіп, оны басқаратын ақылды үйлер адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертуде | Getty Images

Ақылды үйдің негізгі артықшылықтары

Жасанды интеллект негізіндегі автоматтандыру. Қазіргі ЖИ жүйелері қожайынның дағдыларын зерттеп, үй параметрлерін арнайы бағдарламалаусыз-ақ өзі реттейді. Күн тәртібін қолмен енгізуді талап ететін ескі жүйелерден айырмашылығы – бұл технология адамның мінез-құлқын бақылап, соған сәйкес дербес шешім қабылдайды. Ол иесінің үйге қашан келетінін сезеді, қажетті уақытта тиісті температураны сақтайды, тіпті ауа-райының құбылуын ескере отырып, қажеттіліктерді алдын-ала болжайды.

Энергия тиімділігі. Күн панельдері, аккумуляторлар мен электромобиль қуаттағыштары бір жүйеге біріктіріліп, энергия тұтынуды оңтайландырады. Айта кетерлік жайт, мұндай «жасыл» үйлер нарықта кәдімгі баспаналардан 15 %-ға жылдам сатылады.

Қауіпсіздік пен денсаулық. Қазіргі жүйелер ақылды құлыптар мен бейнебақылаудан бөлек, адамның денсаулығын да бақылай алады. Ол ауа сапасын қадағалап, бөлмені желдетеді, ұйқының тыныштығын немесе стресс деңгейін өлшейді. Төтенше жағдай туындаса, жүйе бірден дәрігерлерге немесе туыстарына хабар береді. Бұл мүмкіндіктер әсіресе қарттар мен созылмалы дерті бар жандар үшін өте маңызды.

Бұл жүйелердің функционалы да таңғалдырады: бет-әлпетті тану мен қауіп-қатерді алдын ала болжаудан бастап, полициямен тікелей интеграциялану мен биометриялық құлыптарды орнатуға дейін. Сонымен қатар, смарт технологиялар салауатты өмір салтының ажырамас бөлігіне айналуда. «Ақылды үй» ауа сапасын, ұйқы режимін, стресс деңгейін және денсаулықтың өзге де маңызды көрсеткіштерін бақылай алады. Денеге тағылатын гаджеттер үй жүйесімен синхрондалып, төтенше жағдай туындағанда дәрігерлерге автоматты түрде хабарлама жіберуге қауқарлы. Мұндай технологиялар – балалы отбасылар, қарт адамдар немесе аллергиясы мен созылмалы аурулары бар жандар үшін таптырмас шешім.

Мониторинг функциялары: ауа сапасын бақылау және автоматты желдету, ұйқыны оңтайландыру, аллергендерді бақылау, ылғалдылықты реттеу және жарық терапиясы.

Алайда, осы технологиялық шаттық пен таңданысқа толы әлемде іштей бір үрей де ұялап жатқандай.

Ең алдымен, бұл – бақылауды жоғалту қаупі. Автоматтандыру бізді ұсақ-түйек шаруалардан босатқанымен, адамды өз кеңістігін сезіну қабілетінен айырады. Үй жарықты қашан жағуды немесе пердені қашан жабуды өзі шешкенде, «Мен үйді басқарып отырмын ба, әлде алгоритм мені билеп-төстеп жатыр ма?» деген сауал еріксіз туындайды.

Тағы бір мәселе – жеке өмірдің құпиялылығы. Ақылды үй сіз туралы бәрін біледі: қашан ұйықтап, қашан оянатыныңызды, күнделікті әдеттеріңізді түгел жадына сақтайды. Бұл деректердің бәрі корпорациялардың серверлерінде жиналады. Ең қасиетті, ең жабық орын болуы тиіс үй кенеттен ең мұқият бақылаушыға айналып шыға келеді.

Ең соңында, психологиялық аспектіні де ұмытпаған жөн. Үй – тек баспана емес, ол иістер мен естеліктерге, мағынаға толы өзіндік бір әлем. Ондағы заттар мінсіз болмаса да, адамға жылулық сыйлайтын. Ал ақылды үй бәрін оңтайландыруға тырысып, жайлылықты функционалдыққа алмастырады. Нәтижесінде адамның болжап болмас еркін өмірі алгоритмдердің ырқына жығылады.

Ақылды үйлер өмірімізді жеңілдететіні анық. Бірақ баспананың болашағы тек технологиялық жетістіктерде ғана емес, сол цифрлық ортада адамдық қасиет пен «өз үйім» деген жылы сезімді сақтап қала алу шеберлігінде болса керек.