Power & Purpose|Leadership

Шахматшы Бибисара Асаубаева экс-әлем чемпионы Александра Костенюктан басым түсті

АвторыTatler Kazakhstan
16.02.2026
Қазақстандық Бибисара Асаубаева Қатар университетінің спорттық-ойын-сауық кешенінде өтіп жатқан 2025 жылғы ФИДЕ жылдам шахмат және блиц бойынша әлем чемпионатының ашық финалында ресейлік Валентина Гунинамен (суретте көрінбей тұр) бақ сынасуда | Getty Images
IMAGE Қазақстандық Бибисара Асаубаева Қатар университетінің спорттық-ойын-сауық кешенінде өтіп жатқан 2025 жылғы ФИДЕ жылдам шахмат және блиц бойынша әлем чемпионатының ашық финалында ресейлік Валентина Гунинамен (суретте көрінбей тұр) бақ сынасуда | Getty Images
Кездесу 2,5 : 1,5 есебімен қазақстандық шахматшының пайдасына шешілді

Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева Фишер шахматынан өткен жолдастық кездесуде Александра Костенюкті (Швейцария) жеңіп шықты. Тартысты өткен матч 2,5 : 1,5 есебімен аяқталып, отандасымыздың айқын басымдығын көрсетіп берді. Асаубаева өзінің бұл жеңісі туралы Instagram парақшасында сүйіншілеп бөлісті.

Айта кетерлігі, 40 жастағы Александра Костенюк классикалық шахматтан 12-ші әлем чемпионы, әрі Фишер шахматынан (фристайл) әлем біріншіліктерінде екі мәрте жеңіске жеткен тәжірибелі спортшы болып табылады.

Қарсыластар уақыт бақылауына 25 минут беріліп, әр жүріс сайын 10 секунд қосылып отыратын жүйе бойынша төрт партия өткізді. Асаубаева екі ойында мықтылығын танытып, жеңіске жете білсе, қалған екі кездесу тең аяқталып отырды. Матчтың жүлде қоры 15 мың долларды (шамамен 7,5 млн теңге) құрады.

«Жеңіс қай кезде де көңілге қуаныш ұялатады, әсіресе бұл жеңісің Вайсенхаус–2027 фристайл-шахматтан өтетін келесі әлем чемпионатына жолдама алып беріп жатса, тіпті керемет», – деп жазды Бибисара әлеуметтік желідегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетсек, 21 жастағы қазақстандық шахматшы 2025 жылдың соңында блицтен үшінші рет әлем чемпионы атанып, еліміз үшін тарихи рекорд орнатқан болатын. Бұл жеңіс оған 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында өтетін үміткерлер турниріне жолдама алып берді.