Отандасымыз Анна Данилина жұптық сында Аустралияның ашық чемпионатының (Australian Open) финалына жолдама алды. Сербиялық спортшы Александра Круничпен бірге өнер көрсеткен ол Габриэла Дабровски (Канада) мен Луиза Стефани (Бразилия) дуэтінен басым түсті. Бұл туралы чемпионаттың ресми сайты хабарлады.
Тартысты өткен матч 2:1 есебімен аяқталды. Бірінші сетте қазақ-серб жұбы тай-брейкте басым түсіп, алға шықса (7:6), екінші сетте қарсыластар ширақтық танытып, 6:3 есебімен есеп теңестірді. Ал шешуші сет нағыз драмаға айналды: Данилина мен Крунич алғашында есе жіберіп жатса да, ойын ағымын өзгерте алды. Олар қатарынан үш брейк жасап, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Осы жетістігінің арқасында Анна Данилина турнир аяқталған соң жұптық сын бойынша әлемдік рейтингтің үздік ондығына қайта оралады. Айта кетейік, бұған дейінгі ширек финалда бұл дуэт жарыстың басты фавориттері – чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсендті турнирден шығарып жіберген болатын.
