Power & Purpose|Leadership

«Қай жерде өнер көрсетсем де, есіміммен қатар үнемі Қазақстан сөзі айтылғанын армандаймын». Әйгерім Алтынбек Ла Скала сахнасындағы дебюті мен заманауи опера туралы

АвторыЛилия Шабутдинова
13.08.2026
Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
Италияда өткен CLIP 2025 халықаралық опера байқауындағы жеңісінен кейін Әйгерім Алтынбек әлемдік сахнадағы ең жарқын қазақстандық жас әртістердің біріне айналды. Отандық әнші байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлап қана қоймай, көрермен көзайымы сыйлығын, ең үздік әйел дауысы марапатын және музыкалық сыншылардың арнайы премиясын жеңіп алды. Оған қоса әйгілі Ла Скала театрынан арнайы шақырту алды

Tatler басылымына берген сұхбатында Әйгерім халықаралық табыстан кейін жауапкершілік сезімінің қалай өзгеретіні туралы айтып берді. Сондай-ақ ол шетелде қазақ музыкасының неліктен шырқалуы керектігін түсіндіріп, опера өнерінің болашағын қалай елестететінімен бөлісті.

Әйгерім, бүгінде жұрт сізді тек опера әншісі ретінде емес, Қазақстанды әлемдік сахнада танытып жүрген тұлға ретінде қабылдайды. Өзіңіздің жеке тарихыңыз тұтас ел тарихының бір бөлшегіне айналғанын алғаш рет қашан сезіндіңіз?

Бұл сезім бірден келе қойған жоқ. Бастапқыда жақсы әнші болып, үлкен сахнаға шығуды ғана армандадым. Бірақ шетелдегі әрбір халықаралық байқау мен өнер көрсеткен сәтім сайын тек өзімді ғана емес, бүкіл елімді таныстырып тұрғанымды тереңірек түсіне бастадым. Сахнадан менің есімім аталып, Қазақстан сөзі қоса айтылғанда, кеудемді ерекше мақтаныш пен жауапкершілік сезімі кернейді. Еуропалық көрермен сахнадан қазақ тілін естігенде немесе біздің композиторлардың шығармаларымен танысқанда, өздері үшін мүлдем жаңа әлемді ашады. Біздің музыка өте шынайы, терең әрі халқымыздың бай тарихына тұнып тұр. Адамдар Қазақстанды тек картадан емес, оның мәдениеті арқылы да таныса екен деймін. Шетелде өнер көрсететін әрбір әртіс өз елінің мәдени елшісіне айналады. Сондықтан әлемдік аудиториямен өз музыкамызды бөлісу мен үшін зор ғанибет.

Әйгерім Алтынбек | Жеке мұрағатынан
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Жеке мұрағатынан

Әлемдік сахнадағы заманауи қазақ әйелі болу сіз үшін нені білдіреді? Бұл дәстүрді сақтау ма, әлде жаңа образ қалыптастыру ма?

Меніңше, бұл екеуі бір-біріне еш кедергі келтірмейді. Дәстүрді құрметтеп, өз тамырыңды ұмытпай-ақ алға қарай дамуға әбден болады. Мен төл мәдениетті бағалауға, үлкенді сыйлауға және өткенмен байланысты үзбеуге тәрбиелеген отбасында өстім. Бұл құндылықтар қай жерде жүрсем де, өз болмысымды сақтап қалуға көмектеседі. Алайда қазіргі заман ашықтықты, тоқтаусыз ізденісті және үнемі алға ұмтылуды талап етеді. Қазақстаннан шыққан жас әртістерді жұрт өз елін лайықты таныта алатын, әрі ішкі құндылықтарына берік, сенімді, білімді және талантты жастар ретінде қабылдағанын қалаймын.

Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина

Сіздің жүріп өткен жолыңыз шағын қалалар мен ауылдардан шыққан жас әртістерге шабыт берері сөзсіз (Әйгерім Қызылорда облысындағы Ақай ауылында дүниеге келген – Tatler).

Оларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз? Үлкен қалада немесе мен сияқты кішкентай ауылда туғаның маңызды емес. Ең бастысы, өз мақсатың үшін қаншалықты тер төгуге дайын екенің. Бұл жолда небір қиындықтар, күдік пен бәрін тастап кеткің келетін сәттер кездеседі. Бірақ табандылық қана алға жылжуға күш береді. Жас музыканттарға үнемі армандаудан қорықпаңыздар деп айтамын. Егер өз ісіңізді шын сүйсеңіз, талмай еңбектеніп, тоқтаусыз үйренуге дайын болсаңыз, мүмкін емес дүниелер біртіндеп шындыққа айналады.

Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина

Арманнан кәсіби сахнаға дейінгі жолды жүріп өтуге қандай қасиеттеріңіз көмектесті?

Әрине, таланттың орны бөлек. Дегенмен уақыт өте келе оның тек үлкен жолдың басы ғана екенін түсіндім. Нағыз нәтиже күнделікті еңбек, тәртіп пен төзімнің арқасында келеді. Әртіс үнемі дамып отыруы қажет. Дауыспен жұмыс істеп, шет тілдерін меңгеру, музыкалық стиль мен сахналық шеберлікті шыңдау өте маңызды. Сондай-ақ қиындықтарды да қабылдай білу керек. Егер дұрыс қорытынды жасап, алға қарай ұмтыла берсең, кез келген сәтсіздік баға жетпес тәжірибеге айналады.

Әйгерім Алтынбек | Жеке мұрағатынан
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Жеке мұрағатынан

Опера ғасырлар бойы қалыптасқан, тарихы бай өнер, бірақ бүгінде ол жаңа буынмен түсінікті тілде сөйлесуі тиіс. Осы өнердің болашағын қалай елестетесіз?

Меніңше, опера ешқашан өз құндылығын жоғалтпайды. Өйткені ол адамның ең басты сезімдері саналатын махаббат, үміт, қайғы, адалдық және кешірім туралы сыр шертеді. Бұл тақырыптар қай заманда болмасын адамзатқа ортақ әрі түсінікті. Заманауи қойылымдар, жаңа технологиялар мен әлеуметтік желілердің арқасында бүгінде опера жастар аудиториясына әлдеқайда жақындай түсті. Бірақ оның басты негізі еш өзгеріссіз қалады. Ол тірі дауыс, шынайы эмоция және нағыз музыка. Осы қасиеттері оны ерекше өнерге айналдырады.

Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина

Еуропадағы жұмыс тәжірибесінен кейін заманауи опера әртісі қандай болуы керек деген түсінігіңіз өзгерді ме?

Иә, қатты өзгерді. Қазіргі таңда опера әртісі тек әдемі дауыс иесі ғана емес. Ол бірнеше тілді білуі, түрлі музыкалық стильдерді түсінуі және үнемі өз-өзімен жұмыс істеуі тиіс нағыз музыкант әрі актер. Еуропадағы жұмыс маған тәртіпті, әріптестерге деген құрметті және көрермен алдындағы жауапкершілікті одан сайын бағалауды үйретті.

Қазір қандай жобалармен жұмыс істеп жатсыз?

Қазір менің кәсіби жолымда өте маңызды кезең басталып жатыр. Жаңа театр маусымында «Ла Скала» театрының сахнасында бірнеше дебют күтіп тұр. Қыркүйек пен қазанда Гаэтано Доницеттидің «Любовный напиток» операсы қойылады. Онда мен Джанетта партиясымен сахнаға алғаш рет шығамын. Ал желтоқсанда мені тағы бір маңызды дебют күтіп тұр. Бұл Жорж Бизенің «Искатели жемчуга» операсындағы Лейла партиясы.

Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина
IMAGE Әйгерім Алтынбек | Фотосуретші: Лена Сорокина

Студияда жаздырып немесе ауқымды халықаралық жоба ретінде жарыққа шығарғыңыз келетін арманыңыздағы шығарма бар ма?

Иә, ондай арманым бар. Еуропа классикасы мен қазақ композиторларының шығармалары тамаша үйлесім тапқан альбом жаздырғым келеді. Меніңше, бұл Қазақстан мен Еуропа арасындағы әдемі мәдени диалог болар еді. Мұндай жоба қазақ музыкасының байлығы мен қайталанбас болмысын әлемге паш етіп, түрлі елдегі тыңдармандарды төл өнерімізбен қауыштыруға мүмкіндік береді. Әлемнің ең танымал сахналарында өнер көрсету ғана мен үшін басты мақсат емес. Қай жерде жүрсем де, есіміммен қатар үнемі «Қазақстан» сөзі айтылып тұрғанын армандаймын. Өнерім отандық музыканттардың қаншалықты талантты екенін көрсетіп, жас әртістердің өз күшіне сенуіне шабыт бергенін қалаймын.