Ол «жаңа буын спортшысы» деген ұғым сәнге айналмай тұрып-ақ сол буынның жарқын үлгісіне айнала білді. Музыкант, фотограф, зияткер әрі MBA бағдарламасының түлегі ретінде Денис өзін өмірде де, мұз айдынында да бірдей сенімді ұстайтын. Денистің бойындағы дарын ешқашан бір ғана саламен шектеліп қалған емес.
Алматылық балақай
Денис Тен 1993 жылы Алматыда дүниеге келген. Оның өмірбаяны басынан-ақ ерекше жайттарға толы еді: ол Кореяның ұлттық батырларының бірі – генерал Мин Гын Хоның ұрпағы еді. Бірақ бұдан да маңыздысы – оның бала күнінен бойын билеген сан алуан қызығушылықтары болатын.
Ол фортепианода ойнауды үйреніп, хорда ән айтты. Тіпті ұжыммен бірге Пусанда өткен Дүниежүзілік хор олимпиадасының күміс жүлдесін де қанжығасына байлаған. Сонымен қатар теннис, жүзу, акробатика, таэквондо және каратэмен де айналысты. Кейінірек фотографияға ден қойды. Алайда өмірінің басты мәні мәнерлеп сырғанау болды.
Денис мұз айдынына алғаш рет алты жасында шықты. Арада бірнеше жыл өткен соң, турнирлердің бірінде оны әйгілі бапкер Елена Буянова байқайды. Ұлының жарқын болашағы үшін отбасы ауыр шешімге тәуекел етіп, Мәскеуге көшеді. Сөйтіп, Денис ЦСКА жүйесінде жаттығуға кіріседі.
Қазақстанды өзгерткен спортшы
Он екі жасында Денис ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Көптеген спортшылар үшін мұндай нәтиже балалық шақтағы мансаптың шыңы болар еді, бірақ ол үшін бұл тек үлкен жолдың бастамасы ғана еді.

Халықаралық аренада ол тез арада қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың басты үмітіне айналды. 2009 жылы Лос-Анджелестегі әлем чемпионатында 15 жасар спортшы сегізінші орын алып, тарихта тұңғыш рет Қазақстанға ерлер арасындағы жекелей сында екі бірдей Олимпиада лицензиясын алып келді. Дәл сол кезде еліміздің әлемнің ең мықты спортшыларымен терезесі тең өнер көрсете алатын жұлдызы бар екені айқын болды.
Көп ұзамай Денис АҚШ-қа қоныс аударып, әлемдік мәнерлеп сырғанаудың маңдайалды мамандарымен жұмысын жалғастырды. Оның тәлімгерлерінің қатарында Татьяна Тарасова мен Олимпиада жүлдегері Стефан Ламбьель болды.
Спорт өнерге ұласқанда
Денис Теннің ешкімге ұқсамайтын, ешкіммен шатастыруға келмейтін өзіндік стилі бар еді. Оның сырғанау мәнері музыкалдылығымен, сызықтардың жұмсақтығымен, терең сырғанауымен және ерлер арасында сирек кездесетін бильман айналымымен (асқан икемділікті талап ететін, аяқты төбеге дейін көтеріп айналатын күрделі элемент) ерекшеленетін.
Ол мұз үстінде бүтін бір оқиғаларды баяндайтын. Оның ең танымал бағдарламаларының бірі «Жібек жолы» болды – бұл спорттық қойылымды мәдениет, тарих және ұлттық болмыс туралы көркем туындыға айналдырған сәт еді. Төрешілер, әріптестері мен жанкүйерлері оны дәл осы техника мен эмоцияны шебер ұштастыра білетін ерекше қабілеті үшін жоғары бағалады.
Оның басты жеңістері 2010 жылдардың бірінші жартысына тұспа-тұс келді. 2013 жылғы әлем чемпионатының күмісі, 2015 жылғы әлем біріншілігінің қоласы, Төрт құрлық чемпионаты мен Азия ойындарындағы жарқын жеңістері спорт тарихына алтын әріппен жазылды.
Алайда Сочи Олимпиадасындағы жеңісі оның ең басты жетістігі ретінде тарихта мәңгі қалмақ. 2014 жылдың ақпанында Денис Олимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алып, тұғырға көтерілген тұңғыш қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды. Бұл қазақ елі үшін тарихи марапат болса, спортшының өзі үшін – талай жылғы табанды еңбектің лайықты жемісі еді.

Мұз айдынынан тыс жетістіктері
Спорттық мансабының нағыз қызған шағында да Денис өзін тек мәнерлеп сырғанаумен шектеп қойған жоқ. 2014 жылы ол Қазақ спорт және туризм академиясын қызыл дипломмен аяқтап, кейін Қазақстан-Британ техникалық университетінде «Мұнай және газ» бағдарламасы бойынша MBA дәрежесін алды.
Сонымен қатар ол қайырымдылықпен айналысып, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетті. Жапониядағы жер сілкінісінен кейін Skating Friends Support Japan халықаралық бастамасына қатысты, Қазақстандағы балалар мекемелеріне барып, қайырымдылық акцияларына үнемі атсалысып отырды.
2013 жылы алғаш рет көрерменге жол тартқан «Денис Тен және достары» мұз шоуы ол үшін ерекше жоба болды. Сол кезде қазақстандық мұз айдынына мәнерлеп сырғанаудың әлемдік жұлдыздары – Мао Асада, Каролина Костнер, Брайан Жубер, Эван Лайсачек, Джоанни Рошетт және тағы басқа атақты спортшылар келді. Бір жылдан кейін Астанада өткен шоудан түскен қаражат нейролейкозға шалдыққан алты жасар Нұрсәт Жақыпбайдың еміне аударылды.
Трагедия
2018 жылдың 19 шілдесінде спортшы өз көлігінің айнасын ұрламақ болған екі ұрыны тоқтатпақ болып, олардың шабуылына ұшырады. Төбелес кезінде қылмыскерлер мәнерлеп сырғанаушының санына пышақ сұғып алған. Жарақат өте ауыр болып, сан артериясы зақымдалғандықтан Денис көп қан жоғалтты. Ол ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізіліп, дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан сол күні көз жұмды. Ол небәрі 25 жаста еді. Спортшының қазасы бүкіл елді және әлемдік мәнерлеп сырғанау қауымдастығын дүр сілкіндірген ауыр соққы болды.
Мұра
Бүгінде Денис Теннің есімі спорттық жарыстардың мұрағаттарында ғана емес, ел жадында мәңгі сақтаулы. Алматыда мәнерлеп сырғанаушыға ескерткіш орнатылып, ол өскен үйге мемориалдық тақта ілінді. Денис Тен атындағы Мәнерлеп сырғанау академиясы жұмыс істейді, ал ата-анасы құрған қор спортшының өзі үшін маңызды болған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналатын мемориалдық турнирлер өткізіліп тұрады.
Денис Теннің ең басты жетістігі де осы болса керек. Ол жай ғана медальдар жеңіп, қазақстандық спорт тарихына еніп қойған жоқ. Ол мәнерлеп сырғанауды елдің мәдени тарихының бір бөлшегіне айналдырып, шынайы таланттың спорттық мансаптан әлдеқайда ұзақ, өшпес із қалдыра алатынын дәлелдеді.
Сондықтан бүгін, Денис Тен 33 жасқа толатын күні, оны тек Олимпиада жүлдегері ретінде ғана еске алмайды. Ол тұтас бір буынның символына айнала білген ұлы тұлға ретінде жадымызда мәңгіге қалды.
